«ДАЛА КҮНІ – 2026»: СЫР ӨҢІРІНДЕ КҮРІШКЕ ОРАҚ ТҮСТІ
Бүгін Қызылордада «Дала күні – 2026» іс-шарасында Ы.Жақаев атындағы Қазақ күріш шаруашылығы ғылыми-зерттеу институтының егіс алқабына алғашқы орақ салу рәсімі өтті.Оған облыс әкімі Мұрат Ергешбаев, Ауыл шаруашылығы вице-министрі Ермек Кенжеханұлы, Су ресурстары және ирригация вице-министрі Жандос Салимов, Ұлттық аграрлық ғылыми-білім беру орталығының басқарма төрағасы Бауыржан Асанов, министрлік өкілдері, еліміздің жетекші ғылыми-зерттеу институттарының басшылары, қала және аудан әкімдері, облыстық басқармалар мен департаменттердің басшылары, су шаруашылығы мекемелері мен шаруа қожалықтарының төрағалары, қаржы институттарының өкілдері қатысты.
Аймақ басшысы еңбеккерлерді құттықтап, биылғы жауапты науқанға дайындық барысында атқарылған жұмыстарға тоқталды.
«Сыр елі – ежелден диқаншылық дәстүрі орныққан берекелі өңір. Ақ күрішімен аты шыққан аймақ бүгінде еліміздің азық-түлік қауіпсіздігіне елеулі үлес қосып келеді.
Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлы жаһандық азық-түлік нарығында бәсекеге қабілеттілікті арттыру үшін ғылымды дамытуды, соның ішінде тұқым шаруашылығын жандандыруды атап өткен болатын.
Басты міндет – дәстүрлі саланың әлеуетін заманауи технология, ғылым және инновациямен сабақтастырып, су ресурстарын тиімді пайдалану арқылы мол өнімге қол жеткізу. Бұл ретте мемлекеттік қолдау мен ғылым мүмкіндігін шаруалардың тәжірибесімен ұштастыру маңызды. Барша диқан қауымын күрішке орақ түсуімен құттықтаймын! Еңбектеріңіз берекелі болып, ақ күріштен мол өнім жиналсын. Сыр өңірінің ырысы арта берсін!», – деді Мұрат Нәлқожаұлы.
Басқосуда ала жаздай аптап ыстықта маңдай терін төгіп, ел ырысын еселеген мәртебелі еңбек адамдары марапат төрінен көрінді.
Жиында ауыл шаруашылығы техникаларының көрмесі ұйымдастырылып, қатысушылар заманауи техникалармен және олардың мүмкіндіктерімен танысты.
Ы. Жақаев атындағы Қазақ күріш шаруашылығы ғылыми-зерттеу институты – күріш селекциясымен және тұқым шаруашылығымен айналысатын бірегей аграрлық ұйым. Биыл институттың материалдық-техникалық базасын жаңғыртуға республикалық бюджеттен 4,2 млрд теңге бөлініп, заманауи селекциялық техникалар мен тұқым зауыттары алынды. Бұл тұқым шаруашылығының дамуына, оның ішінде отандық күріш сорттарының сапасы мен егіс көлемінің артуына оң әсерін тигізері сөзсіз.
Қабылданған жүйелі шаралардың нәтижесінде вегетациялық кезең тұрақты өтіп, егіс алқаптары жоспарға сәйкес сумен қамтамасыз етілді. Одан бөлек, су үнемдеу технологияларын қолдауға 2026-2028 жылдарға 34 млрд. теңгеден астам қаржы бөлінді.
Мемлекет басшысының суды көп қажет ететін дақылдар көлемін оңтайландыру тапсырмасына сәйкес, биыл күріш алқабы қысқартылып, 70 мың гектарға егілді. Су үнемдеу технологияларын енгізу және әртараптандыру бағытында ірі инвестициялық жобалар қолға алынды.
Қызылорда облысы әкімінің баспасөз қызметі
Обсудить
Другие статьи:
«ДАЛА КҮНІ – 2026»: СЫР ӨҢІРІНДЕ КҮРІШКЕ ОРАҚ ТҮСТІ
04 Қырқүйек 2026, Жұма
ЯЗЫК — ПУТЬ К ЕДИНСТВУ И ОСНОВА ПОРЯДКА
04 Қырқүйек 2026, Жұма
ТІЛ – БІРЛІККЕ БАСТАР ЖОЛ ЖӘНЕ ТӘРТІП НЕГІЗІ
04 Қырқүйек 2026, Жұма
Похожие материалы:
Комментарии (0)






