ШЫМКЕНТТЕ РЕСПУБЛИКАЛЫҚ «ЖІБЕК ЖОЛЫ АЙШЫҚТАРЫ» АТТЫ КӨРМЕ-БАЙҚАУЫ ӨТІП ЖАТЫР

Шымкент қаласында ел Тәуелсіздігінің 35 жылдығына орай ұлттық киім дизайнерлерінің республикалық «Жібек жолы айшықтары» атты көрме-байқауы өтіп жатыр. Қалалық әкімдіктің қолдауымен, қалалық мәдениет, тілдерді дамыту және архивтер басқармасына қарасты «Концерттік-көрме орталығының» ұйымдастыруымен өтіп жатқан мәдени іс-шараның басты мақсаты – ұлттық киім тігу өнерін дамыту, отандық дизайнерлерді қолдау және дәстүрлі киім мәдениетін насихаттау.
Ұйымдастырушылардың айтуынша, байқау бұған дейін қала көлемінде өтсе, биыл алғаш рет республикалық деңгейде ұйымдастырылып отыр. Оған Түркістан, Ақтау, Атырау, Тараз және Шымкент қалаларынан келген дизайнерлер қатысуда.
– Байқауға қатысып жатқан дизайнерлердің әрқайсысы ұлттық киімге өзіндік қолтаңбасын қосып, жаңа үлгілерін ұсынып отыр. Біздің мақсатымыз – осындай талантты дизайнерлерге қолдау көрсетіп, ұлттық киімді жан-жақсы насихаттау, – дейді «Концерттік-көрме орталығының» ұйымдастыру бөлімінің меңгерушісі Азамат Айтбаев.
Көрме-байқауда дизайнерлер үш номинация бойынша бақ сынап жатыр. Олар: «Ең үздік балалар мен жасөспірімдердің киім үлгісі», «Ең үздік күнделікті және жұмыс киім үлгісі» және «Ең үздік жас жұбайларға арналған киім үлгісі». Әр номинация бойынша бас жүлде, бірінші, екінші, үшінші орындар тағайындалған. Жеңімпаздар ақшалай сертификаттармен және алғыс хаттармен марапатталады. Қатысушылардың жұмыстарын ұлттық киім, сән және мәдениет саласының тәжірибелі мамандарынан құралған қазылар алқасы бағалайды.
Байқау подиумда өнер көрсетуге ешқашан кеш емес екенін дәлелдеуде. Себебі модельдер қатарында жасы үлкен әжелер де бар. Олар ұлттық нақыштағы киім үлгілерін көпшілікке таныстырып, жас ерекшелігі шығармашылыққа кедергі емес екенін көрсетті. Солардың бірі – 60 жастағы Бейбіт Толыбайқызы.
– Алғаш рет подиумда өнер көрсетіп тұрмын. Екі дизайнердің топтамасында модель ретінде шығамын. Соның бірі – әжелерге арналған ұлттық нақыштағы киімдер. Арамызда 76 жастағы апамыз да бар. Өзім 60 жастамын. Үш қызым, бір ұлым, солардан 15 немерем бар. Ұлттық киімді өзім де жақсы көремін, қайда барсам да киюге тырысамын. Жастар да ұлттық киімімізді танып, қадірлесе екен деймін. Өйткені біздің ұлттық киімдеріміз өте әдемі, оны мақтанышпен киюіміз керек. Еліміздің Тәуелсіздігінің 35 жылдығы аясында өтіп жатқан осындай байқауға қатысып, ұлттық киімді насихаттауға өз үлесімді қосып жатқаныма қуаныштымын, – дейді ол.
Мәдени іс-шара аясында ұлттық нақыштағы қолөнер бұйымдары қойылған көрме көпшілік назарына ұсынылды. Көрмеге ұлттық бас киім тігумен айналысатын жергілікті кәсіпкерлердің де еңбегін көруге болады. Солардың бірі – «Тарту» брендінің негізін қалаушы Алуа Заманова. Ол үш жылдан бері тақия тігумен айналысып келеді. Кәсіпкердің айтуынша, бұл – отбасылық кәсіп. Арнайы білімі болмаса да, ұлттық бас киімдерге деген қызығушылығы оны осы бағытта жұмыс бастауға жетелеген.
– Тақияларымыздың ерекшелігі – сапасында. Жоғары сапалы мата қолданамыз. Терлетпейді, жағымсыз иіс шығармайды. Қазір өнімдерімізге сұраныс жақсы. Әсіресе, заманауи үлгіде тігілген «Абай» тақиясын көпшілік ұнатады. Оны тек қазақтар ғана емес, орыс, өзбек, татар, әзербайжан, түрік ұлтының өкілдері де сатып алып жүр. Шетелдік туристер де қызығушылық танытады. Алғаш осы істі бастап тақияларымызды сатуға шығарған кезде бес тақияны бірден Германиядан келген турист сатып алғаны әлі есімде. Сол кезде ерекше қуанған болатынмын, – дейді кәсіпкер
Бүгінде «Тарту» брендінің тақиялары Қазақстанмен қатар Ресейде де онлайн сауда желісі арқылы сатылымға шығарылған. Кәсіпкер алдағы уақытта өнімдерін Малайзия, Сингапур және Америка нарығына шығаруды көздеп отыр.
Обсудить
Другие статьи:
ШЫМКЕНТТЕ ТӨРТ ЕЛДІҢ КОНСТИТУЦИЯЛЫҚ СОТ ӨКІЛДЕРІНІҢ ҚАТЫСУЫМЕН ХАЛЫҚАРАЛЫҚ ДӘРІС ӨТТІ
26 Қараша 2026, Бейсенбі
На востоке Алматы разворачивается масштабная стройка, которая обещает изменить жизнь тысяч горожан.
26 Қараша 2026, Бейсенбі
Похожие материалы:
20 Маусым 2026, Сенбі
ШЫМКЕНТТЕ «ШЫРАЙЛЫ, ШЕЖІРЕЛІ ҚҰТТЫ МЕКЕН…» АТТЫ РЕСПУБЛИКАЛЫҚ АҚЫНДАР АЙТЫСЫ ӨТУДЕ
Комментарии (0)





