Байланысқа арналған телефондар:
» » Шымкент халқы өте еңбекқор келеді.

Шымкент халқы өте еңбекқор келеді.

11 Желтоқсан 2024, Сәрсенбі
44
0
Шымкенттің әлеуметтік-экономикалық даму көрсеткіштерінде оң динамика қалыптасып отыр. Шымкент қаласы 2024 жылы экономикалық даму мен инвестициялық белсенділіктің жоғары деңгейін көрсетуді жоспарлап отыр. Қаңтар-қазан айларының қорытындысы бойынша қала экономикасына 536,4 млрд теңге инвестиция тартылып, бұл өткен жылмен салыстырғанда 8,9%-ға артық. Оның ішінде: 129 млрд теңге – мемлекеттік бюджеттен, 407,4 млрд теңге – жекеменшік сектордан. 2024 жылы жалпы 813 млрд теңге инвестиция тарту көзделіп отыр, бұл 2023 жылмен салыстырғанда 12,2%-ға жоғары көрсеткіш.

2024-2028 жылдары аралығында 2,7 трлн теңгені құрайтын 220 инвестициялық жоба жүзеге асырылып, 29,4 мыңнан астам жаңа жұмыс орны ашылады. Ағымдағы жылы жалпы құны 246,9 млрд теңге болатын 56 жоба жүзеге асырылады, нәтижесінде 6 011 жаңа жұмыс орны ашылады. Бүгінгі таңда осы жобалардың ішінен: 25 жоба іске қосылып, 2 943 жұмыс орны құрылды. Өңдеу өнеркәсібінде 360,7 млрд теңгеге 75 жоба жоспарланған, бұл салада 5,2 мыңнан астам жұмыс орны ашылмақ. Қала басшылығының стратегиялық көзқарасы мен жаңа жобалардың жүзеге асырылуы Шымкентті еліміздің инвестициялық орталығы ретінде нығайтуда. Жаңадан ашылған жұмыс орындары мен инвестиция ауқымы өңірдің тұрақты дамуын қамтамасыз етеді.

Шымкент қаласында белсенді жұмыс істеп тұрған 981 өнеркәсіптік кәсіпорын бар, олардың 19-ы ірі, 46-сы орта, ал 916-сы шағын өндірістер. 2024 жылдың алғашқы 10 айында бұл кәсіпорындар 913,9 млрд теңгенің өнімін өндірді, бұл 2023 жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда 2%-ға артық.
Қаланың өнеркәсіп өндірісіндегі 88,1% үлеске ие өңдеу өнеркәсібінде 805,1 млрд теңгенің өнімі өндіріліп, өнеркәсіптік өндіріс индексі 102,4%-ды құрады. Саланың негізгі бағыттарында өсім байқалады:
  • Дайын металл бұйымдары – 41,4%,
  • Фармацевтикалық өнімдер – 38,2%,
  • Химия өнеркәсібі – 36,8%,
  • Тамақ өнімдері – 5,5%,
  • Резина және пластмасса бұйымдары – 4,5%,
  • Сусындар өндірісі – 3,8%,
  • Мұнай өнімдерін қайта өңдеу – 0,2%.
Шымкент қаласында жалпы аумағы 1 276 гектарды құрайтын 7 өнеркәсіптік аймақ жұмыс істейді. Бұл аймақтарда 601,7 млрд теңгеге 426 жоба жүзеге асырылуда. Оның ішінде:
  • 293 жоба іске қосылды, бұл 8 500-ден астам жаңа жұмыс орнын ашуға мүмкіндік берді.
  • Жалпы инвестиция көлемі – 225 млрд теңге.

«Оңтүстік» индустриялық аймағында 101,4 млрд теңгеге 96 жоба жүзеге асырылуда. Оның ішінде, 80 жоба іске қосылып, 2 845 жаңа жұмыс орны құрылды. Аймаққа 97,2 млрд теңге инвестиция тартылды. 2024 жылы аймақта 847 млн теңгеге 3 инвестициялық жоба жүзеге асырылып, 68 жаңа жұмыс орны ашылды.

Қаланың дамуы бірнеше фактордан тұратыны айқын. Нақтырақ айтсақ, ауыл шаруашылығы мен өнеркәсібі дамымаса, шаһарды ұстап тұру өте қиын. Биылдың өзінде Шымкент қаласында 20 млрд теңгенің ауыл шаруашылығы өнімі өндіріліпті. Ал қаладағы өнеркәсіп кәсіпорындары 4,9 млрд теңгенің өнімін өндірген. Бүгінгі күні бұл көрсеткіш 1991 жылмен салыстырғанда 54 есе өсіп, 265 млрд теңгеден асқан.

Тағы бір маңызды саланың бірі – тұрғын үй құрылысы екені сөзсіз. 900 мыңнан астам халықты баспанамен қамтамасыз ету мақсатында соңғы 25 жылда Шымкентте 3 965 мың шаршы метр жаңа тұрғын үй бой көтеріп, пайдалануға беріліпті.
Қалада тұрғын үй құрылысын дамытудың мемлекеттік бағдарламасы аясында 2005 жылдан бастап «Нұрсәт» шағынауданы салынып, бүгінгі күнге дейін 7 374 пәтерлі 252 тұрғын үй пайдалануға беріліпті.

Осы аймақтан қаланың жаңа әкімшілік-іскерлік орталығы бой көтеріп, үлкен құрылыс алаңына айналды. Биылғы жылы әкімшілік-іскерлік орталығында 2 051 пәтерлі 24 тұрғын үйдің құрылысы жүргізіліп жатыр екен. Сонымен қатар қала экономикасына инвестиция тарту үшін «Тұран» шағынауданынан аумағы 427 га жаңа «Шымкент сити» жобасының құрылысы басталды.

Былтырғы жылы инвестиция көлемі 14,8 млрд теңгелік 11 жобаның құрылысын бастауға бюджеттен 2,3 млрд теңге бөлінген. Оның ішінде инженерлік-коммуникациялық жүйелердің құрылысына 1,9 млрд теңге, 270 пәтерлі 5 тұрғын үйдің құрылысына 388 млн теңге қаралған.

Алайда бұл баспаналардың әлі де аздық ететіні жасырын емес. Осы түйткілдерді түбегейлі шешу үшін жергілікті билік Сайрам, Төлеби, Ордабасы аудандарынан қосымша 77 мың га қосып, қала шекарасын ұлғайтты. Соның нәтижесінде Шымкент Оңтүстік Қазақстан облысының агломерациялық орталығы статусына қол жеткізді.
Мойындауымыз керек, Шымкент халқы өте еңбекқор келеді. Кез келген тұрғыны іскер, кәсіп жасауға бейім келеді. «Қазір біз осы еңбекқорлығымыздың арқасында, кәсіпкерлік жағынан республикада ең алдыңғы қатарда тұрмыз деп айта аламын. Қалада шағын және орта бизнес, қала экономикасының локомотивіне айналды. Қазіргі таңда, 75 мыңға жуық кәсіпкерлік субъектісі тіркеліп, осы салада 136 мың адам жұмыспен қамтылып отыр», – дейді шаһар басшысы.

Тілші: Кенжебаева Гаухар Жақыпқызы 

Обсудить
Добавить комментарий
Комментарии (0)
Прокомментировать