Байланысқа арналған телефондар:
» » Шымкент қаласында ауыз сумен қамтамасыз ету мәселесі соңғы жылдары айтарлықтай шешім табуда.

Шымкент қаласында ауыз сумен қамтамасыз ету мәселесі соңғы жылдары айтарлықтай шешім табуда.

13 Желтоқсан 2024, Жұма
41
0
    Шымкент қаласында ауыз сумен қамтамасыз ету мәселесі соңғы жылдары айтарлықтай шешім табуда. Қала халқының санының артуы мен инфрақұрылымның дамуымен қатар, ауыз суға деген сұраныс та өсуде. Осыған байланысты жергілікті билік ауыз сумен қамтамасыз ету жүйесін дамыту және модернизациялау үшін бірқатар шараларды қолға алып отыр.

   Ауыз сумен қамтамасыз ету мәселесіне айтарлықтай қаржы бөлініп отыр. Шымкент қаласының бюджетінен су жүйелерін дамытуға арналған қаржы көлемі ұлғайды, бұл өз кезегінде қаладағы су жүйесінің инфрақұрылымын жақсартуға мүмкіндік беруде. Қалада мемлекеттік және жеке инвестициялар арқылы су ресурстарын тиімді басқаруға арналған жобалар қарқынды жүзеге асуда.
   Қалада ауыз сумен қамтамасыз ету саласында болашақта да үлкен жоспарлар бар. Әсіресе, су желілерінің барлық аумаққа жетуі, ауыз судың сапасының артуы және ауылдық аймақтарды ауыз сумен толық қамтамасыз ету жұмыстары маңызды бағыт болып табылады. Су тапшылығы мәселесін шешу үшін Шымкентте су үнемдеу технологияларын енгізу, сондай-ақ жаңа су көздерін табу бойынша жұмыстар жалғасатын болады. 
    Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев өңірлерді дамытудың Ұлттық жобасы аясында 5 жыл ішінде халықтың 100 пайызын таза ауыз сумен қамтамасыз етуді тапсырған болатын. Осы ретте бүгінгі таңда сумен жабдықтау қызметтеріне қолжетімділік 96 пайызды құрайды. 2025 жылы бұл көрсеткішті 100 пайызға жеткізу жоспарланып отыр.
   Шымкентте биыл қаладағы 5 елді мекенде құрылыс жұмыстары жүріп, жыл соңына дейін аяқталады. Нәтижесінде 72 мыңнан астам адам орталықтандырылған ауыз су жүйесіне қосылу мүмкіндігіне ие болмақ. Бұл туралы Шымкент қалалық энергетика және инфрақұрылымды дамыту басқармасы басшысының орынбасары Арман Әбдіқалықов айтты. 
   Ауыз су құбыры тартылып жатқан елді мекендердің бірі – Қайнарбұлақ. Бұл жерде бүгінде ауыз су кесте бойынша сағаттап беріледі. Халықты ауыз сумен толық қамтамасыз етіп, тіршілік нәрінің тәулік бойы үздіксіз берілуі үшін Шымкент қаласы әкімдігінің энергетика және инфрақұрылымды дамыту басқармасы тапсырысымен жобалау-сметалық құжаттамасы әзірленіп, өткен осы жылы қаңтар айында мемлекеттік сараптама қорытындысы алынған екен. –Қайнарбұлақ елді мекенін таза ауыз сумен қамтамасыз ету мақсатында бюджеттен 6,7 миллиард теңге қаржы бөлінген. Оның ішінде өткен жылы 2,9 миллиард теңге игерілген болса, биыл 3,8 миллиард теңге бөлініп отыр. Бұл қаржыға жалпы ұзындығы 329,8 шақырымды құрайтын ауыз су жүйелері жүргізіледі.    
   Қазіргі таңда мердігер мекеме – «Мелиоратор» жауапкершілігі шектеулі серіктестігі жұмысты қарқынды түрде жүргізіп жатыр. Бүгінге дейін 155 шақырым құбыр тартылып үлгерген. Яғни, жұмыстың шамамен 47 пайызы орындалды деген сөз. Биылғы жылдың төртінші тоқсанына қарай жұмысты толық аяқтау жоспарланған, – деді Арман Әбдімүтәліұлы. Бүгінде Сайрам елді мекенін ауызсумен қамту бойынша құрылыстың 3-ші кезеңі бойынша мемлекеттік сатып алу конкурсы өткізілуде. Сонымен қатар, Қайнарбұлақ пен Құрсай елді мекендерінде ауызсу тарту жұмыстары жүріп жатыр. Ал, Еңбекші ауданына қарасты 9 елді мекеннің жаңа құрылыс аймақтарына ауыз су құбыры жүргізілмек. Айта кетейік, атқарылған жұмыстардың нәтижесінде 72 мыңнан астам шымкенттік орталықтандырылған ауыз су жүйесіне қосылу мүмкіндігіне ие болады. Бұл Шымкенттегі ауыз сумен қамтамасыз ету көрсеткішін 98,5 пайыздан жыл соңына дейін 100 пайызға жеткізу көзделіп отыр.
     Халықты сапалы ауыз сумен қамту ең маңызды әлеуметтік проблеманың бірі екенін айтып келетін қала әкімі Ғабит Әбдімажитұлы Сыздықбеков бұл мәселені шешуді күн тәртібен түсірген емес.
   Қалада қазіргі таңда, 81 елді-мекеннің 80-і сапалы ауыз сумен қамтамасыз етілсе, 1 елді мекен кестемен (Құрсай) қамтамасыз етілуде. 2022 жылы 81 елді-мекеннің 78-і сапалы ауыз сумен қамтамасыз етілсе, 3 елді мекен ауыз суды кестемен тұтынып келген болатын (Құрсай, Сайрам, Қайнарбұлақ тұрғын алаптары).
    2022 жылдың қорытындысымен қалада ауыз су бағыты бойынша барлығы 7 нысанның құрылыс жұмыстары жүргізілді. Нәтижесінде, Құрсай 1,2, Асар-2, Нұртас ВС, Текесу елді мекенінде құрылыс жұмыстары аяқталып, 11 мыңнан астам адам ауыз сумен қамтылу және қала тұрғындарын сапалы ауыз сумен қамту көрсеткіші 98 %-дан 99%-ға жеткізу көзделді.
    2023 жылы 6 нысанның (Құрсай 1,2-кезек, Қайнарбұлақ, Сайрам 1,2 және 3-кезек, Еңбекші ауданы жаңа құрылыс) құрылыс жұмыстарына 9,5 млрд.теңге бөлініп, жыл қорытындысымен Қайнарбұлақ тұрғын алабы және Еңбекші ауданы бойынша 7 елді мекеннің жаңа құрылыс аумақтарында ауыз су жүйесінің құрылысы аяқталған.
Нәтижесінде, 37 мыңға жуық адам ауыз су жүйесіне қосылуға мүмкіндік алды. Осыған орай, елді мекендерді ауыз сумен қамту деңгейі 98,5%-дан 99%-ға өсті.
    Сонымен қатар, 2024 жылы Құрсай, Қайтпас-1, және Бозарық тұрғын алабының жаңа құрылыс аумақтарын ауыз сумен толық қамту жоспарлануда. Осыған орай, елді мекендерді ауыз сумен қамту деңгейі 100% құрайды.
    Алдағы уақытта да бұл бағыттағы жұмыстар жалғасып, қала тұрғындарының ауыз сумен қамтамасыз етілуі жоғары деңгейге жетеді деп күтілуде.

Тілші: Кенжебаева Гаухар Жақыпқызы 

Обсудить

Похожие материалы:

Шымкенттегі ауыз су жүйесі
02 Қазан 2024, Сәрсенбі
Шымкенттегі ауыз су жүйесі
Добавить комментарий
Комментарии (0)
Прокомментировать