Байланысқа арналған телефондар:
Құрылтай
» » ШЫМКЕНТТЕ ҚАЗАҚ ТІЛІНІҢ ҰЛТАРАЛЫҚ ҚАРЫМ-ҚАТЫНАСТАҒЫ РӨЛІ ТАЛҚЫЛАНДЫ

ШЫМКЕНТТЕ ҚАЗАҚ ТІЛІНІҢ ҰЛТАРАЛЫҚ ҚАРЫМ-ҚАТЫНАСТАҒЫ РӨЛІ ТАЛҚЫЛАНДЫ

04 Қырқүйек 2026, Жұма
104
0
5 қыркүйек – Қазақстан халқы тілдері күніне орай Шымкентте республикалық «Қазақ тілі – ұлы даланың ұлтаралық тілі» атты форум өтті. Жиында мемлекеттік тілдің қазіргі қолданысы, тілдік ортаны қалыптастыру және қазақ тілінің қоғамды біріктірудегі рөлі сөз болды.

Форумды Шымкент қаласының мәдениет, тілдерді дамыту және архивтер басқармасына қарасты Тілдерді оқыту-әдістемелік орталығы ұйымдастырды. Басқосуға еліміздің әр өңірінен ғалымдар мен тіл саласының мамандары қатысты.

Іс-шара барысында қазақ тілінің қалыптасуы мен дамуына қатысты тарихи материалдар, ұлттық мәдениет пен руханиятты танытатын жәдігерлер қойылған көрме ұйымдастырылды. Сондай-ақ Шымкентте мемлекеттік тіл саясатын іске асыру бағытында атқарылып жатқан жұмыстар таныстырылды.

Шымкент қаласы әкімінің орынбасары Сәрсен Құранбек қазақ тілінің қолданыс аясын кеңейту қоғамның ортақ міндеті екенін атап өтті.

«Тіл – ұлттың рухани негізі, халықтың тарихы мен мәдениетін ұрпақтан ұрпаққа жеткізетін құндылық. Бүгінде қазақ тілін дамыту мен оның қолданыс аясын кеңейту – ортақ міндет. Мемлекеттік тіл еліміздегі түрлі этнос өкілдерін біріктіретін ортақ құндылыққа айналуы тиіс», – деді Сәрсен Құранбек.

Форумда тіл саясатын жүзеге асырудың тиімді жолдары мен қазақ тілінің қазіргі қоғамдық ортадағы қолданысына қатысты ғылыми пікірлер айтылды.

Қорқыт ата атындағы Қызылорда университетінің профессоры, филология ғылымдарының кандидаты Аман Абасилов қазақ тілінің қазіргі ахуалына әлеуметтік-лингвистикалық тұрғыдан талдау жасады. Ғалым тіл саясаты нақты нәтижеге бағытталуы керек екенін атап өтті.

Оның айтуынша, қазақ тілінің заңды мәртебесі мен күнделікті қолданыстағы мәртебесі арасында айырмашылық бар. Сондықтан мемлекеттік тілдің қоғамдағы нақты қолданысын арттыру үшін оны білім, бизнес, басқару және күнделікті қарым-қатынас салаларында кеңінен қолдануға жағдай жасау қажет.

«Қазақ тілін табысқа бастайтын, заманауи әрі сәнді тіл ретінде таныта білуіміз керек. Әлемдік тәжірибе бір тілдің дамуын саналы түрде ұйымдастыруға болатынын көрсетіп отыр», – деді профессор.

Жиын барысында мемлекеттік тілдің дамуына үлес қосқан сала мамандары да марапатталды. Бірқатар маманға ҚР Ғылым және жоғары білім министрлігінің Құрмет грамотасы табысталса, Шымкент қаласы әкімінің Алғысхатына ие болған азаматтарға домбыра сыйға берілді.

Форум қорытындысында қазақ тілінің қоғамдық ортадағы қолданысын кеңейту, оны күнделікті өмірде белсенді пайдалану және түрлі этнос өкілдерін біріктіретін ортақ тіл ретіндегі рөлін арттыруға бағытталған ұсыныстар айтылды.
Обсудить
Добавить комментарий
Комментарии (0)
Прокомментировать