Байланысқа арналған телефондар:
» » «Құрылыс және тағы да құрылыс!»: Қазақстан жинақ қаражатын қоғамдық игілікке айналдыруда

«Құрылыс және тағы да құрылыс!»: Қазақстан жинақ қаражатын қоғамдық игілікке айналдыруда

19 Қараша 2026, Бейсенбі
88
0
Мұнай кірісін әлеуметтік инфрақұрылымды дамытуға бағыттау табиғи ресурстардан табыс түсетін басқа мемлекеттер үшін де үлгі бола алады. Бұл тәсіл EU Reporter басылымының Қазақстандағы «Халықтық құрылыс» бағдарламасына арналған мақаласында қарастырылады.Президент Қасым-Жомарт Тоқаев үш жылға арналған «Халықтық құрылыс» бағдарламасын жариялады. Оған мұнай кірістері жинақталатын Ұлттық қордан 6,5 трлн теңге бағыттау көзделген. Бағдарлама аясында мектептер, ауруханалар, емханалар, спорт нысандары, көпірлер мен жолдар салынады. Мақалада соңғы жеті жылда Қазақстан халқының саны 2 миллионнан астам адамға өскені атап өтіледі. Сондықтан инфрақұрылымды дамыту халқы көбейіп келе жатқан қалалар мен елді мекендер тұрғындарының күнделікті қажеттіліктерін қамтамасыз ету үшін маңызды.
«Халықтық құрылыс» бағдарламасын жүзеге асыру басталды: алғашқы кезеңде құны 1,3 трлн теңгеден асатын жобалар мақұлданды. Олар жаңа білім беру және денсаулық сақтау мекемелерін, мәдениет пен спорт нысандарын, инженерлік желілер мен жолдарды салуды көздейді.
Жарияланымда Норвегияның тәжірибесі мысал ретінде келтіріледі. Бұл елдің бюджет қағидаларына сәйкес, мемлекеттік шығыстарды дербес қордың күтілетін нақты кірістілігі шегінде қаржыландыруға болады. Қазіргі кезде бұл бағдар 3%-ды құрайды. Мақалада сондай-ақ экономист Теренс Хоның Қазақстандағы балаларға арналған жинақ шоттары туралы сингапурлық The Straits Times басылымында жарияланған мақаласы аталады. Автор бұл бастаманы мұнай кірісін балалардың дамуына бағыттау тетігі ретінде қарастырған. Ал «Халықтық құрылыс» басқа тетікті қолданады: мұнай кірісінің бір бөлігін бірнеше ұрпақ пайдаланатын қоғамдық нысандар салуға жұмсайды.
Білім беру саясатына қатысты тағы бір мысал ретінде Индонезия тәжірибесі келтіріледі. Бұл елдің мектеп инфрақұрылымына салған инвестициясы кейін экономист Эстер Дюфлоның зерттеуіне арқау болды. Оның нәтижелері мектептердің қолжетімділігі мен білім деңгейінің жоғарылауы және ересек жастағы табыстың артуы арасындағы байланысты көрсетеді. Мақалада бұл тәжірибе Қазақстанның адам капиталына бағытталған инвестициялары тұрғысынан қарастырылады.
Жаңа бағдарламаға дейін де мемлекет әлеуметтік салаға қомақты инвестиция салған. Соңғы жеті жылда Қазақстан бұл мақсатқа шамамен 88 трлн теңге бөлді. Оның ішінде 33,2 трлн теңге білім беруге, 15,5 трлн теңге денсаулық сақтау саласына бағытталған. Осы қаражат есебінен қалаларда ғана емес, ауылдық жерлерде де мыңдаған мектеп, балабақша мен аурухана ашылды. Бұл ауыл тұрғындары мен қала халқының білім алу және медициналық көмек алу жағдайындағы бұрыннан келе жатқан алшақтықты қысқартуға мүмкіндік берді.
Білім мен медицинаға салынған инвестициялардың мәні UNICEF-тің «Generation 2050» баяндамасында айқын көрсетілген. Мәселен, Орталық Азия халқының жартысынан көбі 30 жасқа толмаған. Ұйымның бағалауы бойынша, балалардың денсаулығына, біліміне және дамуына қосымша инвестициялар салу 2050 жылға қарай жан басына шаққандағы ЖІӨ-ні базалық болжаммен алғанда 6-14%-ға арттыруы ықтимал. Мақалада бүгін салынған ғимараттардың құрылысы оған жұмсалған қаражатан да әлдеқайда көп әрі ұзақ уақыт пайда әкелуі мүмкін екендігі баса айтылған.
Басылым авторы қазақстандық модельді ұлттық резервтердің қай бөлігін сақтау керектігін және қайсысын дамытуға бағыттау керектігін шешу үстіндегі елдер үшін үлгі ретінде қарастырады. «Халықтық құрылыс» бойынша салынған мектептер, ауруханалар мен көлік нысандарының пайдасы көптеген жылдар бойы сақталып, қазіргі және болашақ ұрпақ үшін қызмет ететін болады.
Обсудить

Похожие материалы:

Добавить комментарий
Комментарии (0)
Прокомментировать