Байланысқа арналған телефондар:
» » Құрылыс және тағы да құрылыс! Қазақстан мұнай кірісін инфрақұрылымды дамытуға бағыттайды

Құрылыс және тағы да құрылыс! Қазақстан мұнай кірісін инфрақұрылымды дамытуға бағыттайды

19 Қараша 2026, Бейсенбі
115
0
Қазақстан Ұлттық қордан мектептер, ауруханалар мен жолдар салу үшін  6,5 трлн теңге бөлуді жоспарлап отыр. EU Reporter басылымы Президент Қасым-Жомарт Тоқаев жариялаған «Халықтық құрылыс» бағдарламасы туралы қазақстандық тәсілді халықаралық тәжірибемен салыстыра отырып жазады.
Бағдарлама аясында мектептер, ауруханалар, емханалар, спорт нысандары, көпірлер мен жолдар салынады. Мақалада соңғы жеті жылда Қазақстан халқының саны 2 миллионнан астам адамға өскені атап өтілген. Сондықтан инфрақұрылымды дамыту халқы көбейіп келе жатқан қалалар мен елді мекендер тұрғындарының күнделікті қажеттіліктерін қамтамасыз ету үшін маңызды.
Жаңа бағдарлама бұған дейінгі мемлекеттік инвестициялардың жалғасы саналады. Соңғы жеті жылда Қазақстан әлеуметтік салаға шамамен 88 трлн теңге бөлген. Оның ішінде 33,2 трлн теңге білім беруге, 15,5 трлн теңге денсаулық сақтау саласына бағытталған. Қалалар мен ауылдық жерлерде мектептер, балабақшалар және медициналық мекемелер салынды. «Халықтық құрылыс» бағдарламасын жүзеге асыру басталып кетті: алғашқы кезеңде құны 1,3 трлн теңгеден асатын жобалар мақұлданды. Олар жаңа білім беру және денсаулық сақтау мекемелерін, мәдениет пен спорт нысандарын, инженерлік желілер мен жолдар салуды көздейді.
Мақала авторы мемлекеттік инвестициялардың тиімділігі тек салынған нысандар мен пайдалануға берілген шаршы метрлердің санымен өлшенбейтінін атап өтеді. Сапалы білім мен медициналық көмектің қолжетімді болуы, өмір сүру жағдайының жақсаруы адам капиталын дамытуға тікелей ықпал етіп, еңбек өнімділігінің артуы мен халық табысының өсуіне негіз қалайды. Инфрақұрылымға салынған инвестиция ондаған жыл бойы экономикалық қайтарым бере алады. Халықаралық деректер де бұл тәсілдің негізді екенін көрсетеді.
БҰҰ Даму бағдарламасының 2025 жылғы баяндамасында Қазақстан адам дамуы индексі бойынша 193 ел мен аумақтың ішінде 60-шы орынға ие болып, 0,837 көрсеткішіне жеткен. Бұл – Орталық Азиядағы ең жоғары нәтиже. БҰҰ Даму бағдарламасының Қазақстандағы Тұрақты өкілі Катажина Ваверня елдің өмір сүру деңгейі, адами даму және цифрлық трансформация салаларында «нақты ілгерілеуге» қол жеткізгенін атап өтеді.
UNICEF-тің «Generation 2050» баяндамасында Орталық Азия халқының жартысынан астамы 30 жасқа толмағаны көрсетілген. Сондай-ақ балалардың денсаулығына, біліміне және дамуына қосымша инвестиция салу 2050 жылға қарай өңірдегі жан басына шаққандағы ЖІӨ көлемін базалық болжаммен салыстырғанда 6–14%-ға арттыруға қабілетті екені айтылған.
Денсаулық сақтау жүйесінің дамуы, медициналық көмектің қолжетімділігі мен сапасының артуы Қазақстанда өлім-жітімнің төмендеуіне және күтілетін өмір сүру ұзақтығының өсуіне ықпал етті. 2025 жылы бұл көрсеткіш 76 жасқа жуықтап, ел тәуелсіздік алғаннан бергі ең жоғары деңгейге жетті.
Мақалада мектептегі білімнің қолжетімділігін арттыруға басымдық берген Индонезия тәжірибесі де келтіріледі. Эстер Дюфлоның зерттеуі мұндай инвестициялардың оқу ұзақтығы мен адамның болашақтағы табысына оң ықпал етуі мүмкін екенін көрсетті. EU Reporter авторы бұл нәтижені Қазақстанның халқы өсіп келе жатқан елді мекендерде білім беру нысандарын салу жоспарымен сабақтастырады.
EU Reporter жарияланымында баяндалғандай, Қазақстанның тәжірибесі мемлекеттік жинақ қаражатын өңірлерді дамытуға пайдаланудың мүмкіндіктерін көрсетеді. Салынған нысандар бағдарлама аяқталғаннан кейін де ұзақ жылдар бойы халық игілігіне қызмет етеді. Осындай инвестициялардың басты құндылығы – қоғамға ұзақмерзімді пайда әкелуінде.
Обсудить
Добавить комментарий
Комментарии (0)
Прокомментировать