Байланысқа арналған телефондар:
» » «Құрылыс және тағы да құрылыс!»: Қазақстан мектептер, ауруханалар мен жолдардың құрылысына басымдық беруде

«Құрылыс және тағы да құрылыс!»: Қазақстан мектептер, ауруханалар мен жолдардың құрылысына басымдық беруде

19 Қараша 2026, Бейсенбі
77
0
 Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың бастамасымен қолға алынған ауқымды «Халықтық құрылыс» бағдарламасы шетелдік бұқаралық ақпарат құралдарының назарын аударды. Еуропалық EU Reporter басылымы аталған бағдарламаға арнайы мақала арнап, онда Қазақстанның әлеуметтік инфрақұрылымды дамыту жоспарларын, қол жеткізген экономикалық көрсеткіштерін және мемлекеттік инвестициялардың халықаралық тәжірибесін қарастырды.Үш жылға арналған бағдарлама аясында мектептер, ауруханалар, емханалар, спорт нысандары, автомобиль жолдары мен көпірлер салуға Ұлттық қордан 6,5 трлн теңге бағыттау көзделген. Ауқымды инвестициялардың қажеттілігі, соның ішінде, демографиялық өсіммен де байланысты. Соңғы жеті жылда Қазақстан халқының саны 2 миллионнан астам адамға артты. Бұл, әсіресе, қарқынды құрылыс жүріп жатқан аудандарда жаңа білім беру және медициналық мекемелерге деген қажеттілікті арттырып отыр.
Жаңа бағдарлама әлеуметтік салаға бағытталған мемлекеттік инвестициялардың жалғасы болып саналады. Соңғы жеті жылда осы мақсаттарға шамамен 88 трлн теңге бөлінген. Оның ішінде білім беру саласына 33,2 трлн теңге, ал денсаулық сақтау саласына 15,5 трлн теңге бағытталған. Осы кезеңде қалалар мен ауылдық елді мекендерде мектептер, балабақшалар және медициналық мекемелер салынды. «Халықтық құрылыс» бағдарламасының алғашқы кезеңі де басталып кетті. Жалпы құны 1,5 трлн теңгені құрайтын жобалар мақұлданды. Олар денсаулық сақтау, білім беру, мәдениет, спорт және көлік инфрақұрылымы салаларын қамтиды.
Қазақстанның қол жеткізген нәтижелері халықаралық бағалауларда да көрініс тапқан. БҰҰ Даму бағдарламасының (БҰҰДБ) 2025 жылғы баяндамасына сәйкес, Қазақстан адам дамуы индексі бойынша 0,837 көрсеткішпен 193 ел мен аумақтың ішінде 60-орынға ие болып, Орталық Азияның барлық мемлекеттерінен озып тұр. БҰҰДБ-ның Тұрақты өкілі Катажина Ваверня Қазақстанда өмір сүру деңгейін арттыру, адам әлеуетін дамыту және цифрландыру бағыттарында қол жеткізілген ілгерілеуді атап өткен болатын.
Жарияланымда мемлекеттік жинақ қаражатын пайдалану жөніндегі халықаралық тәжірибе де қарастырылады. Норвегияда бюджет қағидаты мемлекеттік шығыстарға тәуелсіз қордың күтілетін нақты инвестициялық кірістілігі шегінде қаражат бағыттауға мүмкіндік береді. Қазіргі уақытта бұл көрсеткіш 3% деңгейінде белгіленген. Тағы бір мысал ретінде Қазақстанның тәжірибесі келтіріледі. Сингапурдың The Straits Times газетінде жарияланған мақаласында экономист Теренс Хо балалардың жинақ шоттары бағдарламасын ұлттық табысты өскелең ұрпақтың болашағына инвестициялаудың тетігі ретінде қарастырған.
Мақалада елдің экономикалық мүмкіндіктері де көрініс тапқан. Дүниежүзілік банктің деректеріне сәйкес, 2025 жылы Қазақстанда жан басына шаққандағы ЖІӨ $14,7 мыңды құрап, көршілес мемлекеттердің көрсеткіштерінен айтарлықтай жоғары болды. Халықаралық валюта қорының 2026 жылғы қазандағы болжамына (World Economic Outlook, 2026) сәйкес, осы жылы Қазақстанның жалпы ішкі өнімі $398 млрд-қа жетіп, жан басына шаққандағы ЖІӨ $19 мыңнан асады деп күтілуде. Мұндай экономикалық серпін инфрақұрылымды дамытуға ұзақ мерзімді инвестициялар салуға айтарлықтай мүмкіндік береді.
Шетелдік басылымда атап өтілгендей, Қазақстанның тәжірибесі ұлттық жинақтарды ұзақмерзімді даму мақсаттарына бағыттауға ұмтылатын мемлекеттер үшін қызығушылық тудырады. «Халықтық құрылыс» бағдарламасы халыққа ондаған жылдар бойы қызмет ететін әлеуметтік және инфрақұрылымдық нысандарды салуды көздейді. Мұндай тәсіл қаржы ресурстарын білім беру мен денсаулық сақтау қызметтерінің қолжетімділігін арттыруға, сондай-ақ болашақ ұрпақтың өмір сүру жағдайларын жақсартуға бағыттауға мүмкіндік береді.
Обсудить

Похожие материалы:

Добавить комментарий
Комментарии (0)
Прокомментировать