«АНАҒА ТАҒЗЫМ» ОРТАЛЫҒЫ
«Анаға тағзым» орталығы коммуналдық мемлекеттік мекемесі – аймақ басшысының бастамасымен қала орталығында жаңадан бой көтерген ұлттық және заманауи үлгідегі мәдени – әлеуметтік нысан. Орталық құрылысының басталған уақыты - ақпан айы, 2023 жыл. Ғимараттың көлемі – 1379,3 м2. Қаржыландыру көзі – демеушілік. Жалпы сметалық құны - 1,7 млрд теңге.
Жобаны «Парасат» орденінің иегері, кәсіпкер-меценат Марат Дүйсенбаев қаржыландырды. Мердігер мекеме – «Шыңғыс» ЖШС. Мәдени орталық 2023 жылдың 29 қыркүйегінде облыс әкімі Нұрлыбек Нәлібаевтың қатысуымен ресми түрде ашылды. Ал, 2023 жылдың 10 қазан күні Мемлекет басшысы Қасым – Жомарт Тоқаев бастаған Үкіметтік делегация орталық жұмысымен танысып, оң бағасын берді.
«Анаға тағзым» орталығының басшысы –Молжанова Алтынай Бекмағанбетқызы. Бүгінде мәдени нысанда 30-ға жуық қызметкер жұмыспен қамтылған. Орталық жұмысы Ұлы Даланың Ұлы аналарының киелі жолын дәріптей отырып, жас ұрпаққа рухани-адамгершілік тәрбие беруге, отбасылық құндылықтарды нығайтуға, бүгінгі қазақ әйелінің рухани келбетін қалыптастыруға және креативті индустрияны дамытуға бағытталады.
Халқымыздың өткені мен бүгінін сабақтастыратын «Анаға тағзым» экспозициялық кешенінде «Қазақ елінің Ұлы аналары» атты бірегей картина және ұлтымыздың тұрмыс-тіршілігінен сыр шертетін киіз үйдің инсталляциясы орналасқан. Сонымен қатар 4 клуб: («Мирас» әжелер клубы, «Бойтұмар» қыздар клубы, «Ана тілі» дебат клубы, «Жас отау» жас отбасылар клубы, Психолог-медиатор кабинеті),2 студия: («Береке» аспаздық студиясы, «Шамшырақ» фото-видео студиясы) жұмыс жасайды. «Ұлт жақұты» музейлік залы, 50 орындық конференц зал, 100 адамға лайықталған мәдени-концерттік зал және коворкинг орталығы бар.
Ақпарат көзі : Қызылорда облысының баспасөз хабарламасы
Тілші : Алимбетов Азамат