Байланысқа арналған телефондар:
» » Шымкенттегі тұрғын үй саясаты және әлеуметтік қолдау

Шымкенттегі тұрғын үй саясаты және әлеуметтік қолдау

11 Желтоқсан 2024, Сәрсенбі
1 645
0
Шымкентте тұрғын үй саясаты тиімді іске асырылып келеді. Биыл жастарға жалдамалы 900 пәтер беру жоспарлануда. Тұрғын үй кезегі келген 449 пәтер халықтың әлеуметтік осал тобына, 351 пәтер көпбалалы отбасыларға, 200 пәтер жетім және ата-анасының қамқорлығынсыз қалған балаларға берілетін болады. 2024 жылы бюджетте 22,7 миллиард теңге бөлініп, жұмыс істейтін жастар мен тұрмысы төмен отбасылар үшін 1264 баспана сатып алу жоспарланған.

2024 жылы Шымкент қаласы бойынша мемлекеттік бағдарлама аясында баспана мәселесіне байланысты жұмыстар қарқынды жүргізілуде. Бұл туралы Шымкент қаласының тұрғын үй басқармасы басшысының міндетін атқарушы Исламов Азат Рахымбердіұлы өңірлік коммуникациялық қызметі орталығында өткен баспасөз брифингінде баяндады. Азат Рахымбердіұлының айтуынша, биыл Шымкентте 364 пәтер құрылысы жүргізілуде, аталған көрсеткішті нарықтан сатып алу арқылы 1000 пәтерге жеткізу жоспарлануда.
Тұрғын үйлердің құрылыс жұмыстарының аяқталуы және пәтерлердің коммуналдық тұрғын үй қорына өткізілуіне қарай кезектегі азаматтарға, соның ішінде тұрғын үй кезегі келген 449 пәтер халықтың әлеуметтік осал тобына, 351 пәтер көпбалалы отбасыларға, 200 пәтер жетім және ата-анасының қамқорлығынсыз қалған балаларға берілетін болады. Бұдан бөлек жыл соңына дейін жұмыс істейтін жастарға сатып алу құқығынсыз 900 жалдамалы пәтер берілмек.
Спикердің сөзінше, 2023 жылы Шымкент қаласы бойынша мемлекеттік бағдарлама аясында сатып алу құқығынсыз арендалық 1687 пәтер беру жоспарланып, оның ішінде 1407-і пәтер табысталған. Оның ішінде: жұмысшы жастарға – 888 пәтер, жетім балалар – 122, көпбалалы отбасылар – 131, әлеуметтік осал топ – 160, мемлекеттік, бюджеттік қызметкерлер – 106 берілді. Қалған 280 пәтер 2024 жылға өтпелі (96 пәтері қоныстандырылды, 184 пәтері алдағы уақытта қоныстандырылады). Сондай-ақ, 2023 жылы 150 отбасы «Қамқор» өңірлік бағдарламасы арқылы баспаналы болды.

Тұрғын үй кезегі және сертификаттар

Шымкент қаласы бойынша тұрғын үй алу тізімінде 51 015 азамат тіркелген. Оның ішінде:
  • Жетім және ата-анасының қамқорлығынсыз қалған балалар – 1915;
  • Көпбалалы отбасылар – 13 982;
  • Халықтың әлеуметтік жағынан әлсіз тобы – 17 702;
  • Мемлекеттік қызметшілер, бюджеттік ұйым және әскери қызметшілер – 17 381;
  • Жалғыз тұрғын үйі апатты жағдайда деп танылған азаматтар – 22.
2023 жылдың 22 қаңтарынан бастап құжат қабылдау басталып, бүгінгі таңға 215 азаматқа 197,7 млн теңгеге тұрғын үй сертификаттары берілді. Оның ішінде:
  • 1 және 2 топ мүгедектігі бар азаматтар – 75;
  • Толық емес отбасылар – 16;
  • Мүгедектігі бар баланы асыраушы отбасылар – 48;
  • Бюджеттік мекеме қызметкерлері – 39;
  • Көпбалалы отбасылар – 31;
  • Жетім және ата-анасының қамқорлығынсыз қалған балалар – 6.
2024 жылға 200 млн теңгеге қайтарымсыз негізде тұрғын үй сертификаттарын беру жоспарланған.

Құрылыс материалдарына тәуелділік және нарықтағы өзгерістер

Премьер-министрдің орынбасары – ұлттық экономика министрі Нұрлан Байбазаров доллар бағамының күрт өсуіне байланысты баспана қымбаттауы мүмкін екенін айтты. Оның айтуынша, Қазақстанда цемент, арматура сияқты құрылыс материалдары жеткілікті, бірақ ішкі әрлеу бойынша мәселелер бар.
«Қазір тиісті шаралар қолға алынып жатыр. Өнеркәсіп және құрылыс министрлігіне құрылыс саласын дамыту, әрлеу материалдарын өндіру бойынша арнайы бағдарлама әзірлеуді тапсырдық. Импортқа тәуелділікті жойып, өз өнімдерімізді экспортқа шығаратындай дәрежеге жету үшін белгілі бір қаржы құйылады. Осы себепті құрылыс материалдарының бағасына байланысты тұрғын үй нарығында өзгерістер болуы мүмкін», – деді министр.

Тұрғын үйге қолжетімділікті жеңілдету

Елімізде енді табысы аз әрі баспанаға мұқтаж азаматтарға арналған тұрғын үй сертификаттарын онлайн Egov.kz сайты арқылы алуға болады. Бұл азаматтарға тұрғын үй бағдарламасымен баспана алуға арналған жарнаның бір бөлігін мемлекет тарапынан төлеу қарастырылған.
Сертификатты онлайн алу үшін өтініш берушілер Egov.kz сайтындағы “Жылжымайтын мүлік” және “Тұрғын үй қатынастары” бөліміне өтуі қажет.
Тұрғын үй саясатының тиімділігі және халықтың әлеуметтік жағдайын жақсартуға бағытталған шаралар 2024 жылы да жалғасын таппақ.

Тілші: Кенжебаева Гаухар Жақыпқызы 

Обсудить
Добавить комментарий
Комментарии (0)
Прокомментировать

0