Байланысқа арналған телефондар:
» » ХАЛЫҚ КЕҢЕСІ – ҚАЗАҚСТАН ХАЛҚЫНЫҢ МҮДДЕСІН БІЛДІРЕТІН ЖОҒАРЫ КОНСУЛЬТАТИВТІК ОРГАН

ХАЛЫҚ КЕҢЕСІ – ҚАЗАҚСТАН ХАЛҚЫНЫҢ МҮДДЕСІН БІЛДІРЕТІН ЖОҒАРЫ КОНСУЛЬТАТИВТІК ОРГАН

30 Қантар 2026, Жұма
6
0
ХАЛЫҚ КЕҢЕСІ – ҚАЗАҚСТАН ХАЛҚЫНЫҢ МҮДДЕСІН БІЛДІРЕТІН ЖОҒАРЫ КОНСУЛЬТАТИВТІК ОРГАН
Қазақстан Республикасының жаңа Конституция жобасында бір палаталы Парламент үлгісі мен мемлекеттік органдардың жаңартылған жүйесіне қатысты ережелер бірнеше бөлімде қамтылды. Бұл жөнінде Конституциялық комиссияның кезекті отырысында Конституциялық Соты Төрағасының орынбасары Бақыт Нұрмұханов мәлімдеді.

Оның айтуынша, бір палаталы Парламент моделіне арналған нормалар төртінші бөлімде – «Құрылтай» деп аталған бөлімде жинақталған. Бұл бөлімде заң шығару органының өкілеттіктері бекітілген, сонымен қатар Құрылтайдың сессиялары мен оның қызметін ұйымдастыруға қатысты баптардың барлығы жаңартылды.

«Заң шығару бастамасы құқығына ие субъектілердің қатары нақты анықталды. Құрылтай заң қабылдау арқылы реттелетін аса маңызды қоғамдық қатынастардың тізбесін белгілейді. Заң жобаларын қарау мен қабылдаудың рәсімдері көзделген. Құрылтай Төрағасының лауазымына қатысты мәселелер жеке бапта реттелді», – деді Бақыт Нұрмұханов.

Бесінші бөлім «Үкіметке» арналған. «Бір палаталы Құрылтайға көшуге байланысты көптеген ережелер нақтыланды. Олар Үкімет пен оның мүшелерінің Құрылтай алдындағы жауаптылығы мен есеп беру, сенімсіздік вотумын білдіру, Құрылтайға заң жобаларын енгізу, республикалық бюджет пен оның атқарылуы туралы есеп беру мәселелеріне қатысты», – деп атап өтті спикер.

Ал алтыншы бөлім екі баптан тұрып, Қазақстан Халық Кеңесіне қатысты мәселелерді реттейді. «Құрамына ел азаматтары кіретін бұл жоғары консультативтік орган Қазақстан халқының мүддесін білдіреді. Оның Құрылтайға заң жобаларын енгізу, республикалық референдум тағайындау туралы ұсыныстар жасау және басқа да маңызды өкілеттіктері белгіленген», – деді Бақыт Нұрмұханов.

Жетінші бөлімде «Конституциялық Сотқа» қатысты нормалар шоғырланған. Спикердің сөзінше, Конституциялық Соттың құрамына, судьялардың өкілеттік мерзімдеріне және құзырына қатысты нормалар негізінен сақталған. Сонымен қатар, Конституциялық Сот конституциялық бақылау жүргізетін және бүкіл ел аумағында Конституцияның үстемдігін қамтамасыз ететін тәуелсіз мемлекеттік орган ретінде өз миссиясын атқарады.
Обсудить
Добавить комментарий
Комментарии (0)
Прокомментировать