Байланысқа арналған телефондар:
» » Шымкент. Қазақстанда отбасылық мәселе өте өзекті, себебі қаншама отбасыға қиын соғып жатыр.

Шымкент. Қазақстанда отбасылық мәселе өте өзекті, себебі қаншама отбасыға қиын соғып жатыр.

23 Қараша 2024, Сенбі
1 534
0
Қазақстанда отбасылық мәселе өте өзекті, себебі қаншама отбасыға қиын соғып жатыр. Қазіргі таңда ажырасу деңгейі өте жоғары, ажырасқаннан кейін ортада бала қалады. Баланың көздері жәутеңдеп, әкесіне бара алмай жүрген қаншама отбасыны көрдім. Жас отбасылар түгілі, орта жастағылар да ажырасып жатыр. Көзге шөп салып, оларға не жетпейді десеңші, қаншама жыл отасып, ақырында ажырасуға мәжбүр болады.

Ажырасу стресс пен қайғы деңгейі бойынша өлімнен кейін бірінші орында тұр. Бұл – ауыр әрі қиын, өмірдің қысқаруына әкелетін үлкен өмірлік тәжірибе. Қазіргі уақытта отбасын құрудың патриархалдық моделіне қарағанда, екі жақтың теңдігіне негізделген жанұялар көбеюде.
Бұл өз кезегінде әр адамның серігін, жарын өз еркінше таңдауға мүмкіндік береді. Алайда таңдау кеңейгенімен, отбасы беріктігі нығайып жатқан жоқ. Мұны еліміздің статистикасынан байқауға болады. Мысалы, 2015 жылы Қазақстанда заңды тіркелген неке саны 148 769-ды құраған. 2016 жылдың қаңтар-сәуір айларында 39 682 неке заңдастырылған. Неке қию саны 4,6%-ға төмендеген. Сол кезеңде 16 338 ажырасу фактісі тіркелген.

Ажырасудың негізгі себептерін ата-енемен тұру мен күйеу жақтың туған-туыстарымен қарым-қатынастардың шиеленісуімен байланыстыруға болады. Бүгінде қазақ отбасыларында келіннің ата-енесімен бірге тұруы қалыпты жағдайға айналған. Осы орайда, баласын аялап өсірген ана, яғни қыздың енесі, ұлын қызғанады немесе басқа себептермен келініне күн көрсетпей, шиеленіс туғызады. Жігіттің ата-анасымен тұрған соң, міндетті түрде түсініспеушілік пен ұрыс-керіс болады. Кейбір ата-енелер екі жастың арасына түсіп жатады. Кейде әйел күйеуіне «таңдау жаса» деп тікесінен ультиматум қояды. Бұл – Қазақстандағы ажырасудың ең кең таралған себептерінің бірі.

Одан кейін – алып қашу мәселесі. Өзара жақын таныс емес немесе қыздың келісімінсіз алып қашып, ақырында ажырасып тынатын мысалдар да аз емес. Бұл да еліміздегі ажырасу дертінің бір себебі. Жарқын мысал ретінде Айнұрдың (есімі өзгертілген) жағдайын келтірсек болады: «Жолдасым мені таныспай-біліспей алып қашты. Мен қарсы болғанмын. Ақырында ажырастық. Арамызда қызымыз бар. Енді жаңа өмір бастамақшымын. Бірақ қызымның әкесіз өсетінін ойласам, қатты қиналамын...» – дейді әйел.
Ажырасудың өзіндік себептері бар, сол себепті мәселелерді уақытылы шешу өте маңызды. Сонда ғана отбасыны сақтап қалуға мүмкіндік болады.

Тілші : Журсынбай Аружан Сабырқызы

Обсудить
Добавить комментарий
Комментарии (0)
Прокомментировать