Байланысқа арналған телефондар:
» » АКАДЕМИЯҒА ОҚУҒА ТҮСУ ТАЛАПТАРЫ КҮШЕЙДІ: ҚҰЖАТТАР ТІЗІМІ МЕН ІРІКТЕУ КЕЗЕҢДЕРІ НАҚТЫЛАНДЫ

АКАДЕМИЯҒА ОҚУҒА ТҮСУ ТАЛАПТАРЫ КҮШЕЙДІ: ҚҰЖАТТАР ТІЗІМІ МЕН ІРІКТЕУ КЕЗЕҢДЕРІ НАҚТЫЛАНДЫ

13 Сәуір 2026, Дүйсенбі
10
0
АКАДЕМИЯҒА ОҚУҒА ТҮСУ ТАЛАПТАРЫ КҮШЕЙДІ: ҚҰЖАТТАР ТІЗІМІ МЕН ІРІКТЕУ КЕЗЕҢДЕРІ НАҚТЫЛАНДЫ
Қазақстан Республикасы Президентінің жанындағы Мемлекеттік басқару академиясы 2026–2027 оқу жылына арналған қабылдау науқанын жариялап, үміткерлерге қойылатын талаптар мен қажетті құжаттардың толық тізімін ұсынды. Биылғы ерекшелік – қабылдау үдерісі толықтай цифрлық форматта өтіп, барлық құжаттар заманауи онлайн платформа арқылы қабылданады.

Академияға түсу үшін үміткерлер ең алдымен жеке басын куәландыратын құжаттың көшірмесін және жоғары білім туралы дипломын (магистратураға) немесе жоғары оқу орнынан кейінгі білім туралы құжатты (докторантураға) ұсынуы тиіс. Мемлекеттік қызметшілер үшін қосымша мемлекеттік органның жолдамасы қажет.

Маңызды талаптардың бірі – мемлекеттік тілді меңгеру деңгейін растау. Үміткерлер QAZAQ RESMI TEST немесе ҚАЗТЕСТ жүйелері арқылы кемінде В1 деңгейіндегі сертификат тапсыруы тиіс. Ал шетел азаматтарына бұл талап қолданылмайды.

Халықаралық қатынастар және мемлекеттік саясат бағыттары бойынша магистратураға, сондай-ақ докторантура бағдарламаларына түсушілер үшін ағылшын тілін меңгергенін дәлелдейтін халықаралық сертификат міндетті. Магистратураға түсу үшін IELTS бойынша кемінде 4.0 балл талап етілсе, докторантураға үміткерлер үшін бұл көрсеткіш 5.5 баллдан төмен болмауы тиіс. Сонымен қатар TOEFL, TOEIC және Duolingo English Test нәтижелері де қабылданады.

Еңбек тәжірибесіне де ерекше мән беріледі. Мемлекеттік қызметшілер бірыңғай кадрлық жүйеден алынған қызмет тізімін немесе кадр қызметі растаған анықтаманы ұсынуы қажет. Ал басқа үміткерлер еңбек өтілін растайтын құжаттарды тапсырады. Кейбір білім беру бағдарламалары үшін лауазымдық нұсқаулық пен құрылымдық бөлімше туралы ереже де талап етіледі.

Докторантураға түсушілер үшін қосымша талап – зерттеу жұмысы жоспарының жобасын (research proposal) әзірлеу. Бұл құжатта зерттеудің өзектілігі, әдістері және мәселені шешу жолдары нақты көрсетілуі тиіс.

Қабылдау үдерісі бірнеше кезеңнен тұрады. Бірінші кезеңде үміткерлер аналитикалық эссе жазады. Бұл олардың кәсіби саладағы білімін, ойлау қабілетін және талдау дағдыларын бағалауға бағытталған. Екінші кезең – сұхбат. Онда талапкерлердің кәсіби және жеке құзыреттері, мотивациясы, сондай-ақ заңнама мен стратегиялық құжаттарды білу деңгейі тексеріледі. Сұхбат қазақ, орыс және ағылшын тілдерінде өткізіліп, бейнежазбаға түсіріледі.

Докторантураға түсушілер үшін үшінші кезең қарастырылған. Бұл – зерттеу жоспарын қорғау және сараптамалық бағалау. Аталған кезең ғылыми әлеуетті анықтауға бағытталған маңызды сүзгі саналады.

Айта кетейік, биыл мемлекеттік білім беру тапсырысы аясында магистратураға 200, ал докторантураға 12 үміткер қабылданады. Сонымен қатар өзге қаржы көздері есебінен де оқуға мүмкіндік бар. Мұндай жағдайда талапкерлердің жинаған балдары, конкурстық комиссияның қорытындылары және сараптамалық бағалау нәтижелері ескеріледі.


Толығырақ:  https://youtube.com/live/O8PR8nxlT_k?feature=share
#РСКШЫМКЕНТ #БРИФИНГ
Обсудить
Добавить комментарий
Комментарии (0)
Прокомментировать