Байланысқа арналған телефондар:
» » Шымкент. Ешкім ажырасам деп үйленбейді, алайда үйленбей тұрып, үй болмай тұрып неге ойланбасқа?

Шымкент. Ешкім ажырасам деп үйленбейді, алайда үйленбей тұрып, үй болмай тұрып неге ойланбасқа?

28 Қазан 2024, Дүйсенбі
21
0
Иә, ешкім ажырасам деп үйленбейді, алайда үйленбей тұрып, үй болмай тұрып неге ойланбасқа? Үйлену оңай, үй болу қиын. Осы сөзді ешкім түсінбейді. Жастықтың буымен, сезімнің буымен үйленіп жатқандар қаншама, ал соңы үлкен өмірге дайын болмай ажырасып жатады. Ақыры ажырасумен аяқталады. Сондықтан басынан бәрін анықтап алған жөн – ертең өзің қиналып қалмас үшін.

Ажырасудың себептері өте көп. Ұлттық экономика министрлігінің статистика комитетінің мәліметіне сүйенсек, соңғы үш жылда некеге тұрушылар саны азайып, ажырасу жыл сайын көбейіп барады. Сонымен қатар, 2015 жылғы «The Economist» британдық журналының статистикасына сәйкес, Қазақстан дүниежүзінде адам басына шаққанда ең көп ажырасатын 10 елдің қатарына кіреді. Бұл нені білдіреді? Бұл – біздегі отбасы институтының құлдырап бара жатқанын көрсетеді. Бұл – өте үлкен проблема. Біздің зерттеулеріміз бойынша, жастар арасында суицид деңгейі бойынша Қазақстан дүниежүзінде алғашқы орынға жақындап келеді. Сапалы отбасы болмаған жерде сапалы ұрпақ туралы айту мүмкін емес.

Мен өзім 13 жылдан бері мектеп қабырғасында жұмыс істедім. Соңғы бір жылдан бері психолог болып жеке жұмыс істеп келемін. Мектепте жұмыс істеп жүргенде байқағаным – тәртібі мен үлгерімі нашар оқушылар толық емес отбасылардан шығады. Әкесі не шешесі жоқ, яғни әлеуметтік жетімдер. Ата-ананың тең тәрбиесін көрмеген, бақытты отбасында өспеген балалардың тәртібі де нашар болады. Біз бұрын мектептерде бала тәрбиесіне байланысты ата-аналарға арналған семинарлар ұйымдастыратынбыз.

Бүгінде осы отбасы институты құлдырап барады. Біздің орталыққа көмек сұрап келген жастардан ата-анасы, балалық шағы туралы сұрасақ, олардың әке-шешелері де бала кезінде осы мәселеге тап болған болып шығады. Соның кесірінен олар бүгін сапалы ата-ана бола алмай отыр. Сонымен қатар, біздің кеңесімізге жүгінген жастардың шағымы мен сауалнама нәтижелерінен бұл мәселеде үлкен буынның да әсері бар екенін байқадық. Яғни, қате тәрбие.

Мәселен, отбасында туындаған түсініспеушіліктер кезінде «Баламды алып кетемін» дегенде, ата-енелері келіннің көңілін аулаудың орнына «Не бопты, шыдасаңшы. Біз де шыдадық қой» деп кеңес береді. Олар Кеңес үкіметі кезіндегі менталитетпен қазіргі заман жастарына ақыл айтқысы келеді. Алайда мұндай тәрбие түрі қазір өзектілігін жоғалтты. Ешкімнің біреуге «шыда» деуге құқығы жоқ. Қазіргі кезде көпшілік жоғары білім алып, мансап қуып, қызмет істеп жүр. Олардың ешкімге бағынғысы келмейді. «Біреуге шыдау үшін емес, бақытты болу үшін үйленемін» деген түсінік қалыптасқан.

Біз семинарлар мен сауалнамалар жүргізгенде оңтүстік аймақтарда «ене мәселесімен» жиі кездестік. Келін мен ене қарым-қатынасы өте қиын жағдайда. Көбінесе келіндер енелері үшін ажырасып кетеді. Енелердің отбасына көп араласуы ажырасуға себеп болады. Әке-шеше жастарға бостандық беруі керек. Олар өз алдына жанұя болуды үйренуі қажет.

Жаңадан тәй-тәй басқан бала сүрініп құлап, қайта тұруға талпынатыны секілді, жаңадан отау құрған жастар да қателеседі, қиналады. Осылайша, уақыт өте аяқтарына нық тұрады. Сол кезде үлкендер тарапынан араласу дұрыс емес. Ата-аналар жастардың мәселесіне араласуға бейім келеді, бірақ бұл – қателік.

Тілші : Журсынбай Аружан Сабырқызы

Обсудить
Другие статьи:
ЖАҢА АВТОВОКЗАЛ ЖҰМЫСЫ 19 Қараша 2024, Сейсенбі
«АНАҒА ТАҒЗЫМ» ОРТАЛЫҒЫ 19 Қараша 2024, Сейсенбі
Добавить комментарий
Комментарии (0)
Прокомментировать