ТҮРКІСТАНДА «БИЗНЕС ЖӘНЕ ИНВЕСТИЦИЯНЫ ҚОРҒАУ» АТТЫ ФОРУМ ӨТТІ
2025 жылдың 12 маусымында Түркістан қаласында кәсіпкерлер мен инвесторлардың құқықтарын қорғауға бағытталған ірі іс-шара – «Бизнес және инвестицияны қорғау» атты форум өтті. Бұл форум Түркістан облысының прокуратурасы мен Кәсіпкерлер палатасының бастамасымен ұйымдастырылды.Форумның басты мақсаты – өңір кәсіпкерлері мен инвесторларының құқықтарын қорғау, бизнестің жолындағы кедергілерді жою және мемлекеттік органдармен тиімді диалог орнату. Іс-шараға облыс прокуроры Мұрат Тлеубердиев, облыс әкімінің орынбасары Талғат Қозбеков, мәслихат төрағасы Нұралы Әбішов, құқық қорғау органдарының, мемлекеттік бақылау мекемелерінің өкілдері және 100-ге жуық кәсіпкер мен инвестор қатысты. Барлығы 40-тан астам ведомство өкілі қатысып, диалог алаңына айналды.
Форум барысында қатысушылар бизнеске заңсыз қысым, әкімшілік кедергілер, тексерулер мен сот даулары, жергілікті деңгейде бюрократиялық тосқауылдар сияқты өзекті мәселелерді көтерді. Облыс прокуроры кәсіпкерлердің құқықтарын қорғау бағытында биылғы 5 айда 216 кәсіпкер мен 6 инвестордың құқықтары қорғалғанын, заңсыз қабылданған 32 әкімшілік істің күші жойылғанын мәлімдеді. Сонымен қатар, жалпы құны 79,7 миллиард теңге болатын 7 инвестициялық жоба бойынша мәселелер оң шешімін тапты.
Форум аясында «Инвест-Караван 2025» акциясының қорытындысы да таныстырылды. Бұл жоба шеңберінде облыстың әртүрлі аудандарында 3 көшпелі кездесу өткізіліп, 26 инвестормен тікелей сұхбат жүргізілді. Кездесулер барысында бірқатар заңбұзушылықтар анықталып, 6 инвесторға қатысты заңсыз шешімдер күшін жойды. 4 инвесторға жүргізілген негізсіз тексерулер тоқтатылды.
Кәсіпкерлер палатасына 2024–2025 жылдың 5 айында 262 өтініш түскен. Бұл өтініштердің нәтижесінде жалпы құны 4,7 миллиард теңге болатын мүліктік құқықтар қорғалды. Сот қарауындағы 57 істің 26-сы кәсіпкерлердің пайдасына шешіліп, бұл көрсеткіш сот жүйесі тарапынан бизнеске деген әділ көзқарастың қалыптасып келе жатқанын көрсетеді.
«Бизнеске жол» жобасы шеңберінде өткізілген 30 отырыста 55 мәселе қаралып, олардың 19-ы оң шешімін тапқан. Қалған мәселелер бойынша мемлекеттік органдармен жұмыс жалғасуда. Бұл бастама – өңірде кәсіпкерлер мен мемлекеттік мекемелер арасындағы ашық диалогтың орнауына, сенім ахуалының артуына сеп болуда.
Алдыңғы жылдары Түркістан облысында кәсіпкерлерге арналған кездесулер мен қабылдаулар өткізіліп келді. Мысалы, 2023 жылы облыста бірнеше рет кәсіпкерлер кеңесі өтті. Дегенмен, олар көбінесе кеңес беру мен ұсыныс жинаумен шектеліп, нақты шешімдер сирек қабылданатын. Ал 2025 жылғы форум ауқымдылығы, қатысушы саны, ұсынылған статистика және орындалған шаралар жағынан бұрынғылардан әлдеқайда ерекшеленеді. Бұл жолы қатысушылардың өтініштері нақты талданды, шешімі қабылданып, жауапты органдар белгіленді.
Әлеуметтік және экономикалық маңыздылығы
Мұндай форумның әлеуметтік-экономикалық әсері айқын көрінуде:
Кәсіпкерлердің заң алдында қорғанышы артып, сенімі күшейді;
Инвесторлар үшін ашық әрі әділ ортаның қалыптасуы басталды;
Құқық қорғау органдарының ашықтығы мен есептілігі арта түсті;
Әкімшілік қысым мен заңсыз тексерістердің саны азайды;
Облыстағы инвестициялық ахуал жақсарып, бизнес белсенділігі артуда.
Түркістан қаласында өткен «Бизнес және инвестицияны қорғау» форумы – бұл жай ғана іс-шара емес, ол жүйелі түрде ұйымдастырылып келе жатқан тиімді басқару мен қоғамдық тыңдаудың үлгісі. Кәсіпкерлердің талап-тілектері нақты естіліп, шешім қабылданды. Жауапты органдар бекітілді. Мұндай форумдар болашақта өңірдің инвестициялық және кәсіпкерлік климатының одан әрі жақсаруына, сондай-ақ кәсіпкерлердің билікке деген сенімін нығайтуға үлкен серпін беретіні сөзсіз.
Тілші: Алимбетов Азамат
Похожие материалы:



