ТӨЛЕБИДЕ ЖАҢА ҚОСАЛҚЫ ЭЛЕКТР СТАНЦИЯСЫ ІСКЕ ҚОСЫЛАДЫ: АУДАН ЭНЕРГЕТИКАЛЫҚ ТҰРАҚТЫЛЫҚҚА ҚАДАМ ЖАСАДЫ

2025 жылдың маусым айының соңында Түркістан облысы Төлеби ауданында орналасқан Ленгір қаласында қуатты әрі заманауи қосалқы электр станциясы іске қосылады деп жоспарлануда. Бұл жоба облыс әкімінің бірінші орынбасары Зұлпыхар Жолдасовтың тікелей бақылауымен жүзеге асып жатыр. Қазіргі таңда нысанның құрылыс жұмыстары толық аяқталған, тек техникалық құжаттарын рәсімдеу кезеңі қалды. Аталған нысан пайдалануға берілген соң аудан орталығының «Қазығұрт», «Самал», «Алатау», «Шаңырақ» мөлтек аудандарындағы тұрғын үйлер мен әлеуметтік, кәсіпкерлік нысандар сапалы әрі үздіксіз электр қуатымен қамтамасыз етілетін болады.
Жалпы, қосалқы станцияның іске қосылуы аудандағы энергетикалық тұрақтылықты нығайтып, тұрмыстық жағдайды жақсартуға, өндірістік және кәсіпкерлік жобаларды қолдауға зор серпін береді. Қазіргі таңда бұл аудандарда құрылыс қарқыны жоғары, жаңа шағынаудандар бой көтеріп, халық тығыз орналасып жатыр. Сондықтан электр қуатына деген сұраныс та артып отыр. Жаңа станция осы қажеттілікті толықтай өтейді деп күтілуде.
Іссапар барысында Зұлпыхар Жолдасов Төлеби ауданындағы өзге де инфрақұрылымдық нысандардың жай-күйін көріп, жұмыстардың сапасы мен мерзімін назарға алды. Мәселен, Ленгір қаласындағы «3-кәріздік тазарту қондырғысының» құрылысы жалғасып жатыр. Бұл нысан тәулігіне 3500 текше метр сарқынды суды өңдеуге қауқарлы. Қосымша №1 және №2 тазарту ғимараттарына күрделі жөндеу жұмыстарын жүргізу үшін жобалық-сметалық құжаттар әзірленіп жатыр. Бұл шаралар қаладағы кәріз жүйесінің сапасын жақсартып, экологиялық жағдайды оңалтуға бағытталған.
Сонымен қатар «Алатау» мөлтек ауданында 22,4 шақырымға асфальт төсеу, суағар орнату және жаяу жүргіншілер жолын салу жұмыстары қарқынды жүріп жатыр. Инженерлік инфрақұрылым жүйелері тартылған жаңа жер телімдері 562 азаматқа тұрғын үй салуға беріледі деп күтілуде. Ауыз су құбырлары мен электр жүйелері толықтай дайын.
Ленгір қаласындағы №1 су жинақтаушы құрылғының да жұмысы тексеріліп, ауыз сумен қамту мәселесін жүйелеу тапсырылды. Бұл барлық инфрақұрылымдық жобалардың бір-бірімен тығыз байланыста екенін көрсетеді. Су, жарық, жол секілді базалық қажеттіліктер тұрғындардың күнделікті өмір сапасын анықтайтын негізгі факторлар саналады.
Осындай ауқымды жұмыстар өңірде бұған дейін де жүзеге асырылған. Мәселен, 2021 жылы Сайрам ауданында жаңа қосалқы станция ашылып, мыңдаған тұрғын сапалы электр қуатымен қамтамасыз етілді. Дегенмен, ол станция қуаттылығы жағынан шектеулі болды, маусымдық жүктемелер кезінде жарық жиі сөнетін. Ал Төлебидегі қазіргі жоба техникалық жағынан әлдеқайда заманауи әрі тиімді.
2022 жылы Түркістан қаласында пайдалануға берілген «Яссы» қосалқы станциясы да облыс орталығын тұрақты жарықпен қамтуға мүмкіндік берді. Бірақ ол жоба тек қала аумағына бағытталса, Төлебидегі станция ауыл-аймақ пен жаңадан бой көтеріп жатқан шағынаудандарды толықтай қамтиды. Сондықтан бұл жобаның әлеуметтік және экономикалық мәні зор.
Электрмен жабдықтау тұрақты болған жағдайда жаңа өндірістер мен бизнес жобалар іске қосылады, әлеуметтік нысандар үздіксіз жұмыс істейді, тұрғындардың күнделікті тұрмысы жақсарады. Бұл — әкімдік пен жергілікті атқарушы органдардың кешенді жоспарының нақты көрінісі. Инвесторлар мен кәсіпкерлер үшін де инфрақұрылымның сапасы шешуші фактор болып саналады.
Төлеби ауданындағы бұл жаңалық тек бір жобаның жүзеге асуы емес, бұл — өңірдің болашақ дамуының кепілі. Жаңа станция мен қатар жүріп жатқан құрылыс жұмыстары – алдағы жылдары Түркістан облысы бойынша инфрақұрылым сапасының айтарлықтай жақсаратынының айғағы. Мұндай кешенді жұмыстар халықтың әлеуметтік жағдайын жақсартып қана қоймай, облыстың инвестициялық тартымдылығын арттырады. Осы орайда Төлеби ауданы өзге аудандарға үлгі бола алады. Жаңғыру мен дамуға бағытталған бұл қадамдар Түркістанның болашағы жарқын екенін көрсетіп отыр.
Тілші: Алимбетов Азамат
Похожие материалы:





