БАҚЫТТЫ ОТБАСЫ – БАҚЫТТЫ ЕЛ!
Қазақстан Республикасы Ішкі істер министрлігінің жоспарына сәйкес, 2025 жылдың 27 тамызы мен 10 қыркүйегі аралығында еліміз бойынша «Бақытты отбасы» атты кең ауқымды акция өткізіліп жатыр. Бұл бастаманың басты мақсаты – отбасылық құндылықтарды дәріптеу, қоғамдағы өзара сыйластық пен татулықты нығайту, сондай-ақ тұрмыстық зорлық-зомбылықтың алдын алу.
Әрбір мемлекет өзінің тұрақтылығы мен дамуын ең әуелі отбасылардың амандығымен байланыстырады. Өйткені отбасы – ұрпақ тәрбиесінің, мейірім мен сыйластықтың бастауы. Егер әр шаңырақта тыныштық, түсіністік пен өзара құрмет орнаса, бүкіл қоғамда бірлік пен тұрақтылық орнығады. Сондықтан да мемлекет тарапынан отбасы институтын қолдауға ерекше көңіл бөлінуде.
«Бақытты отбасы» акциясы – тек формалды шара емес, ол барша қоғамды ойландыруға, отбасылық құндылықтарға жаңаша көзқараспен қарауға бағытталған әлеуметтік бастама.
Аталған акция аясында Оңтүстік Қазақстан гуманитарлық-экономикалық колледжінде маңызды кездесу өтті. Шараға:
- Тұран аудандық полиция басқармасы Отбасылық-тұрмыстық зорлық-зомбылықтың алдын алу жөніндегі аға инспекторы, полиция аға лейтенанты А. Абай,
- Жастар ресурстық орталығының психолог маманы Ә. Жұрын,
- Шымкент қаласы Жұмыспен қамту және әлеуметтік қорғау басқармасының №4 арнаулы әлеуметтік орталығының қызметкері Г. Құдайберген қатысты.
Бұл мамандар бірлесіп студенттермен және жастармен ашық диалог жүргізді.
Шара барысында қатысушыларға:
- қорғау нұсқамасы мен оның мазмұны,
- тұрмыстық зорлық-зомбылық жағдайында қолданылатын ерекше талаптар,
- зардап шеккендерді қорғау және құқықтық көмек алу жолдары жөнінде толыққанды мәлімет берілді.
Полицейлер жастарға құқықтық сауаттылықтың маңызы туралы айтып, кез келген даулы мәселені күш қолданбай шешудің жолдарын түсіндірді. Психолог мамандар өз кезегінде отбасы ішіндегі қарым-қатынаста түсіністік пен ашық әңгімелесудің, эмоцияны дұрыс басқарудың рөлін ерекше атап өтті.
Өкінішке қарай, бүгінгі таңда тұрмыстық зорлық-зомбылық әлемнің көптеген елдерінде өзекті мәселе болып отыр. Қазақстан да бұл проблемадан шет қалған жоқ. Сондықтан құқық қорғау органдары мен әлеуметтік қызметтердің басты міндеттерінің бірі – зорлық-зомбылықтың алдын алу, оған жол бермеу.
«Бақытты отбасы» акциясының ерекшелігі – ол тек құқықтық тұрғыдан ғана емес, әлеуметтік және психологиялық бағыттар бойынша да кешенді жұмыстар жүргізеді. Мысалы, шара аясында тұрғындарға арнайы кеңестер беріліп, қиын жағдайға тап болған отбасыларға әлеуметтік көмек көрсету тетіктері түсіндіріледі.
Колледжде өткен кездесу барысында мамандар жастарға ерекше тоқталды. Өйткені ертеңгі күннің отбасы иелері – бүгінгі жас ұрпақ. Егер жас кезінен зорлық-зомбылыққа «жоқ» деп айта білсе, өзара сыйластықты жоғары қойса, болашақ қоғам да бейбіт әрі тұрақты болмақ.
Психолог Ә. Жұрын студенттерге:
«Әрбір қарым-қатынас сенім мен сыйластыққа негізделуі тиіс. Егер сіздің ортаңызда немесе отбасыңызда түсініспеушілік туындаса, оны диалог арқылы шешуге дағдыланыңыз. Бұл сіздің болашақ өміріңізге берік іргетас болады», – деп кеңес берді.
«Бақытты отбасы» акциясы қоғамның барлық мүшесін – құқық қорғау органдарын, білім беру ұйымдарын, әлеуметтік орталықтарды, жастар ұйымдарын және ең бастысы, қарапайым азаматтарды біріктіреді. Өйткені зорлық-зомбылыққа қарсы күрес тек мемлекеттік органдардың емес, барша қоғамның ортақ ісі болып табылады.
Жандос есімді студент шарадан кейін өз ойымен бөлісіп:
«Бүгінгі кездесуден көп нәрсе үйрендік. Әсіресе, заңдық тұрғыдан да, психологиялық тұрғыдан да ақпарат алу біз үшін өте маңызды болды. Мұндай шаралар жиі өтіп тұрса, жастар арасында зорлық-зомбылық азаяды деп сенемін», – деді.
Акция аясындағы әрбір кездесу – бұл қоғамдағы құқықтық мәдениетті арттыруға, отбасылық институтты нығайтуға жасалған нақты қадам. Шымкент қаласында өткен түсіндірме жұмыстары көрсеткендей, жастар мұндай бастамаларға қызығушылық танытып, белсенді қатысуда.
Қала тұрғындары үшін де мұндай акциялар үлкен маңызға ие. Себебі әрбір адам бақытты отбасын құруға, берік әрі сыйластыққа толы шаңырақ орнатуға құқылы.
«Бақытты отбасы» акциясы – тек тұрмыстық зорлық-зомбылықпен күрес емес, ол – қоғамды ізгілікке, сыйластыққа, бірлікке шақыратын кең ауқымды әлеуметтік бастама.
Отбасыдағы татулық пен береке – елдің болашағының кепілі. Сондықтан әрбіріміз осы құндылықтарды дәріптеуге, өз отбасымызды мейірім мен сүйіспеншілікке толы етуге атсалысайық.
Бақытты отбасы – бақытты ел!Похожие материалы:




