Байланысқа арналған телефондар:
» Бақытты отбасы – бақытты ел!

Бақытты отбасы – бақытты ел!

27 Тамыз 2025, Сәрсенбі
1 741
0

Бақытты отбасы – бақытты ел!

Қазақстан Республикасы Ішкі істер министрлігінің жоспарына сәйкес, ағымдағы жылдың 27 тамызы мен 10 қыркүйегі аралығында елімізде «Бақытты отбасы» атты кең ауқымды акция ұйымдастырылуда. Бұл бастама – қоғамдағы ең қымбат қазына саналатын отбасы институтын нығайтуға, татулық пен өзара сыйластықты дәріптеуге бағытталған маңызды іс-шара.

Әлемдік тәжірибе көрсетіп отырғандай, мықты отбасы – мықты мемлекеттің кепілі. Әрбір азаматтың жеке өміріндегі тыныштық пен береке – қоғамдағы тұрақтылықтың, мемлекеттегі өркендеудің негізгі көрсеткіші. Сондықтан да отбасының құндылықтарын насихаттау, отбасылық берекені сақтау және тұрмыстық зорлық-зомбылықтың алдын алу – бүгінгі күннің басты міндеттерінің бірі болып табылады.

«Бақытты отбасы» акциясының негізгі мақсаты – қоғамдағы отбасылық құндылықтарды дәріптеу, әрбір азаматқа отбасы институтының маңызын жеткізу, зорлық-зомбылыққа қарсы тұру мәдениетін қалыптастыру.

Сонымен қатар, бұл іс-шара:

  • қоғамда өзара сыйластық пен ынтымақты нығайтуға;
  • отбасылық-тұрмыстық жанжалдардың алдын алуға;
  • жастарға дұрыс бағдар беруге;
  • әйелдер мен балалардың құқықтарын қорғауға;
  • азаматтардың құқықтық және психологиялық сауаттылығын арттыруға бағытталады.

Шымкент қаласында акция аясында түрлі кездесулер мен семинарлар өткізілуде. Солардың бірі Индустриялды-техникалық колледжінде ұйымдастырылды.

Іс-шараға Тұран аудандық полиция басқармасының Отбасылық-тұрмыстық зорлық-зомбылыққа қарсы күрес жөніндегі полиция аға инспекторы, полиция аға лейтенанты А. Абай, Жастар ресурстық орталығының психолог маманы Ә. Жұрын, сондай-ақ Шымкент қаласы Жұмыспен қамту және әлеуметтік қорғау басқармасының №4 арнаулы әлеуметтік орталығының қызметкері Г. Құдайберген қатысып, студенттермен және жастармен ашық пікір алмасты.

Мамандар қатысушыларға отбасындағы өзара түсіністік пен сыйластықтың маңызы, тұрмыстық зорлық-зомбылықтың алдын алу жолдары, оның құқықтық және әлеуметтік салдары жөнінде кеңінен түсіндірме жұмыстарын жүргізді.

Іс-шара барысында қатысушыларға отбасының қоғамдағы рөлі, ата-ана мен бала арасындағы сенім мен сүйіспеншіліктің маңызы туралы көптеген мысалдар келтірілді. Әсіресе жастарға:

  • ата-ананы құрметтеу,
  • отбасы ішіндегі жауапкершілікті сезіну,
  • өмірлік қиындықтарды бірге еңсеру,
  • зорлық-зомбылықтан аулақ болу қажеттілігі ерекше атап өтілді.

Жастар арасындағы салауатты өмір салтын қалыптастыру, ерлі-зайыптылардың бір-біріне деген сыйластығы мен сенімін нығайту мәселелері де сөз болды.

Өкінішке қарай, қазіргі қоғамда отбасылық-тұрмыстық жанжалдар кездесіп жатады. Мұндай жағдайлардың алдын алу үшін құқық қорғау органдары жүйелі түрде жұмыс жүргізуде.

Полиция қызметкерлері азаматтарға өз құқықтарын қорғау жолдарын түсіндіріп, тұрмыстық зорлық-зомбылыққа тап болған жағдайда қайда жүгіну керектігін, қандай заңнамалық тетіктер бар екенін нақтылап өтті.

Сонымен бірге психолог маман жанұядағы сенім мен қарым-қатынасты жақсартуға арналған кеңестер беріп, жанжалдың алдын алу үшін ашық әңгімелесудің, шыдамдылық пен құрметтің маңыздылығын атап өтті.

Жұмыспен қамту және әлеуметтік қорғау басқармасының өкілі Г. Құдайберген тұрмыстық қиындыққа тап болған отбасыларға мемлекет тарапынан көрсетілетін көмек түрлерін таныстырды. Оның ішінде:

  • әлеуметтік жәрдемақылар,
  • психологиялық қолдау орталықтары,
  • арнайы бейімдеу мекемелері,
  • заңгерлік кеңестер бар екендігі түсіндірілді.

Бұл ақпарат әсіресе тұрмыстық қиындық көріп жүрген азаматтар үшін маңызды болып шықты.

Акцияға қатысқан колледж студенттері мамандарға өз сұрақтарын қойып, пікірлерімен бөлісті. Жастар отбасылық құндылықтарды дәріптеу ісіне өз үлестерін қосуға дайын екендіктерін білдірді.

Олар ерікті болу, әлеуметтік жобаларға қатысу, құқықтық мәдениетті насихаттау сияқты бастамаларды алға тартты. Бұл – болашақта қоғамда зорлық-зомбылықсыз, сыйластық пен ынтымаққа негізделген өмір сүруге жол ашатын қадамдар.

«Бақытты отбасы» акциясы – қоғамдағы татулық пен тұрақтылықты нығайтудың маңызды тетігі. Бұл бастама отбасы институтының маңызын айқындап қана қоймай, әрбір азаматты өз құқығын қорғауға, отбасында сыйластық орнатуға шақырады.

Бүгінгі жастар – ертеңгі елдің тұтқасы. Сондықтан олардың бойына мейірім мен жауапкершілікті сіңіру, зорлық-зомбылыққа жол бермеу мәдениетін қалыптастыру – қоғамның ортақ міндеті.

Шын мәнінде, бақытты отбасы – бақытты елдің кепілі. Ал ынтымақ пен татулыққа негізделген отбасы – мемлекетіміздің жарқын болашағына бастайтын алтын көпір.
Обсудить
Другие статьи:
БАСПАСӨЗ – ХАБАРЛАМА 04 Желтоқсан 2025, Бейсенбі
ПРЕСС-РЕЛИЗ 04 Желтоқсан 2025, Бейсенбі
Добавить комментарий
Комментарии (0)
Прокомментировать