Интернет алаяқтық пен есірткіден сақтандыру: полиция өкілдері №16 мектеп оқушыларымен кездесті
2025 жылдың 22 қыркүйегінде Шымкент қаласы Полиция департаменті, Абай аудандық полиция басқармасының криминалды полиция бөлімі бастығының орынбасары, полиция майоры Алтынбеков Бегнұр Балтабайұлы 16 жалпы орта білім беретін мектебінің 8-11 сынып оқушыларымен арнайы кездесу өткізді. Бұл іс-шараның негізгі мақсаты – жасөспірімдер арасында құқықтық мәдениетті арттыру, оларды қоғамда орын алып отырған түрлі құқық бұзушылықтардан сақтандыру және интернет алаяқтық пен есірткіге байланысты қауіп-қатерлер туралы түсіндірме жұмыстарын жүргізу болды.Кездесу мектептің акт залында өтті. Оған мектеп басшылығы, сынып жетекшілері, әлеуметтік педагогтар және 8-11 сынып оқушылары қатысты. Жиын барысында полиция майоры Алтынбеков Бегнұр Балтабайұлы жастарға арнап кең ауқымды баяндама жасап, заманауи қоғамда өзекті болып отырған екі маңызды тақырыпты – «Интернет алаяқтықтың түрлері және одан қорғану жолдары» мен «Есірткінің адам өміріне, қоғамға зияны» мәселелерін жан-жақты талқылады.
Алдымен спикер оқушылардың назарын интернет алаяқтыққа аударды. Қазіргі таңда цифрлық технологиялардың дамуына байланысты интернет өміріміздің ажырамас бөлігіне айналды. Әлеуметтік желілер, онлайн сауда алаңдары, түрлі мобильді қосымшалар адамдардың күнделікті тұрмысын жеңілдеткенімен, олар алаяқтарға да кең мүмкіндік беріп отыр. Полиция майоры Б.Алтынбеков интернет алаяқтарының әрекет ету тәсілдерін нақты мысалдармен түсіндірді. Мәселен, жалған хабарландырулар арқылы арзан бағада тауар ұсыну, жалған банктік сілтемелер жіберу, фишингтік сайттар арқылы жеке мәліметтерді ұрлау сияқты қылмыстық әдістердің кең таралғанын айтты.
Ол оқушыларға әлеуметтік желілерде бейтаныс адамдармен жеке ақпарат бөліспеуді, күмәнді сілтемелерге өтпеуді, интернет арқылы ақша аударғанда әрқашан ресми көздерге жүгінуді ескертті. Сонымен қатар, қазіргі қоғамда алаяқтардың жасөспірімдерді алдау үшін түрлі психологиялық тәсілдерді қолданатынын, олардың сенгіштігін пайдаланып, материалдық шығынға ұшырататынын баяндады. Әсіресе соңғы кездері оқушылар арасында кең таралған онлайн-ойындар мен виртуалды аккаунттарға байланысты алаяқтықтың жиілеп кеткенін тілге тиек етті.
Кездесудің келесі бөлігі есірткі тақырыбына арналды. Полиция майоры Алтынбеков Бегнұр Балтабайұлы есірткі заттарының адам денсаулығына, психикасына, отбасына, қоршаған ортаға тигізетін зияны туралы тереңірек тоқталды. Ол есірткіге тәуелділіктің адамның өмірін қайғылы жағдайларға әкеліп соқтыратынын, білім алуға, еңбек етуге, спортпен айналысуға кедергі келтіретінін түсіндірді. Әсіресе жастардың болашағына үлкен қауіп төндіретінін баса айтты.
Спикердің айтуынша, есірткі тек жеке адамның денсаулығына ғана емес, тұтас қоғамға кері әсерін тигізеді. Есірткі қылмыстарына байланысты құқық бұзушылықтар, отбасылық қиындықтар, әлеуметтік мәселелер артып отырғанын нақты мысалдармен жеткізді. Ол жасөспірімдерді зиянды әдеттерден аулақ болып, өз болашағын таза еңбекпен, біліммен, спортпен және пайдалы істермен байланыстыруға шақырды.
Сонымен қатар, полиция майоры жастарды әрдайым ата-аналарымен ашық әңгімелесуге, ұстаздарының кеңестерін тыңдауға, достық қарым-қатынаста дұрыс орта таңдауға үндеді. Ол есірткі мен интернет алаяқтыққа қарсы иммунитет қалыптастыруда әрбір жасөспірімнің жеке жауапкершілігі үлкен рөл атқаратынын атап өтті.
Кездесу барысында оқушылар да өз сұрақтарын қойып, ойларымен бөлісті. Кейбір оқушылар интернетте жиі кездесетін күмәнді ұсыныстар туралы сұрап, қалай дұрыс шешім қабылдау керектігі жөнінде кеңестер алды. Ал басқалары есірткі мәселесіне байланысты сұрақтар қойып, оның алдын алу шаралары жайында нақты ақпаратқа қанықты.
Жиын соңында мектеп әкімшілігі полиция өкіліне алғысын білдіріп, мұндай кездесулердің жас ұрпақ тәрбиесінде үлкен маңызы бар екенін атап өтті. Себебі құқықтық тәрбие беру арқылы жасөспірімдер бойында заңға деген құрмет, сақтық, жауапкершілік және өз өміріне деген дұрыс көзқарас қалыптасады.
Полиция майоры Алтынбеков Бегнұр Балтабайұлы өз сөзін қорытындылай келе, әрбір жасөспірімнің болашағы өз қолында екенін, оларды адастыруға тырысатын теріс күштерден сақтанудың ең басты жолы – білім алу, еңбек ету және дұрыс өмірлік ұстанымға адал болу екенін айтты. Ол оқушыларды әрдайым ата-аналарының сенімін ақтап, ұстаздарының үмітін орындап, өз Отанының лайықты азаматы болуға шақырды.
Бұл кездесу жасөспірімдердің құқықтық білімін арттыруға, интернет қауіпсіздігін сақтауға, зиянды әдеттерден бойын аулақ ұстауға айтарлықтай ықпал етті. Мұндай іс-шаралардың жастардың сана-сезіміне, өмірлік бағытын дұрыс таңдауға, қоғам алдындағы жауапкершілігін түсінуге тигізетін әсері зор екені сөзсіз.
Обсудить
Другие статьи:
БАСПАСӨЗ – ХАБАРЛАМА
04 Желтоқсан 2025, Бейсенбі
ПРЕСС-РЕЛИЗ
04 Желтоқсан 2025, Бейсенбі
Шымкентте студенттер экологиялық бастамаларды талқылады
03 Желтоқсан 2025, Сәрсенбі
Похожие материалы:
22 Қырқүйек 2025, Дүйсенбі
№137 мектепте кездесу: ерте жүктіліктің, зиянды әдеттердің, құмар ойындардың, алаяқтық пен кибербуллингтің алдын алу
27 Қырқүйек 2025, Сенбі
Шымкент қаласы №54 жалпы білім беретін мектебінде полиция қызметкерлерінің халық алдындағы есебі және түсіндіру жұмыстары
26 Қырқүйек 2025, Жұма
Шымкент қаласы Полиция департаменті Абай ауданы полиция басқармасының №152 мектепте өткізген түсіндіру жұмыстары
Комментарии (0)



