Байланысқа арналған телефондар:
Конституция
» » «Домбыра – ұлт үні»: мерекелік эстафета жалғасуда

«Домбыра – ұлт үні»: мерекелік эстафета жалғасуда

05 Шілде 2026, Жексенбі
11
0
«Домбыра – ұлт үні»: мерекелік эстафета жалғасуда
Шымкентте Ұлттық домбыра күніне орайластырылған «Домбыра – ұлт үні, Конституция – мемлекет тірегі» атты мерекелік акция бастау алды. Мәдени жоба аясында шаһардағы белгілі орындаушылар мен шығармашылық ұжымдар қоғамдық орындарда өнер көрсетіп, мегаполис тұрғындары мен қонақтарына ұлттық аспаптың жанды дауысын ұсынуда.

Аталған шараның кезекті алаңына айналған Шымкент халықаралық әуежайында жолаушылар мен қарсы алушылар үшін «Қаратау» дәстүрлі-фольклорлық ансамблі өнер көрсетті. Музыканттардың орындауындағы әуезді күйлер мен халық композициялары әуежай ішін мерекелік күйге бөлеп, көрермендердің ыстық ықыласына бөленді. Мұндағы жұртшылық өнерпаздардың өнеріне тәнті болып, естелікке суретке түсіп, бейнежазбаға таспалады.

Ұйымдастырушылардың айтуынша, бұл ауқымды шара ұлттық өнерді дәріптеу, мәдени мұраны сақтау және дәстүрлі құндылықтарға деген құрметті арттыру мақсатында ұйымдастырылып отыр. Қоғамдық орындарда мұндай концерттер ұйымдастыру қазақ музыка мәдениетінің бай қазынасын тек қала тұрғындарына ғана емес, сонымен қатар Шымкентке қадам басқан меймандарға да кеңінен таныстыруға мүмкіндік береді.

«Қаратау» фольклорлық ансамблінің домбырашысы Мәдіхан Тәжиевтің пайымдауынша, бұл бастамалар ұлттық өнерді бұқараға жақындата түсуге септігін тигізеді.
 «Домбыра – жай ғана музыкалық аспап емес, ол – біздің тарихымыздың, мәдениетіміз бен ұлттық рухымыздың символы. Қоғамдық орындарда домбыра үні күмбірлегенде, адамдар күнделікті күйбең тіршіліктен бір сәт серпіліп, тамырын танып, салт-дәстүрмен байланысын сезінеді. Мұндай іс-шараларды әсіресе жастардың көруі маңызды, өйткені мәдени мұрамызды сақтап, келер ұрпаққа аманаттау – солардың еншісінде», – деп атап өтті Мәдіхан Тәжиев.

Мерекелік бағдарлама қаланың өзге де мәдени алаңдарында жалғасын таппақ. Шығармашылық ұжымдардың өнері халық көп жиналатын орындарда ұсынылып, Ұлттық домбыра күні қарсаңында шаһарды күй үніне бөлейді. Ұйымдастырушылар бұл шаралар қазақтың музыка өнерін ұлықтап қана қоймай, ел бірлігін бекемдеуге, ұлттық құндылықтар мен Қазақстанның мәдени дәстүрлеріне деген құрметті арттыруға ықпал ететініне сенімді.
Обсудить
Добавить комментарий
Комментарии (0)
Прокомментировать