9) ТҮРКІСТАН: Енді тұрғын үйді жекешелендіруге болады
ТҮРКІСТАН: Енді тұрғын үйді жекешелендіруге болады
Түркістан қаласы әкімдігінде өткен баспасөз мәслихатында тұрғын үй заңына енгізілген өзгерістер мен толықтырулар туралы маңызды мәліметтер ұсынылды. Қала әкімінің орынбасары Төлегенов Талғат және тұрғын үй бөлімінің басшысы Үсенбаев Талғат Түркістан қаласындағы тұрғын үй саясаты, оның ішінде тұрғын үй кезегінде тұрған азаматтардың саны мен жаңа заңның жүзеге асуы туралы кеңінен түсіндірді.
Қазіргі уақытта Түркістан қаласында тұрғын үй кезегінде 16 579 азамат тұр. Олардың ішінде әлсіз топқа жататын 6 417, көп балалы отбасылар 5 030, бюджеттік мекеме қызметкерлері 4 963, тұл жетімдер 166 және апатты үй иелері 3 адам бар. Былтыр 961 отбасы тұрғын үймен қамтамасыз етілсе, биыл 944 пәтерлі 11 тұрғын үйдің құрылысы жүргізілуде және жыл соңына дейін осы адамдарға баспана беру жоспарланып отыр.
Ендігі кезекте Мемлекет басшысы 2024 жылдың 22 қарашасында «Тұрғын үй саясатын реформалау мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» Заңға қол қойды. Бұл Заңға сәйкес, 2025 жылдың 24 мамырынан бастап, атында соңғы 5 жылда тұрғын үйі жоқ кез келген азамат тұрғын үй кезегіне тұруға құқылы болады. Сонымен қатар, мемлекеттік тұрғын үй қорынан берілетін тұрғын үйлерді жекешелендіру тәртібіне өзгерістер енгізілді. Бұл өзгерістерге сәйкес, мемлекеттік тұрғын үй қорынан өздеріне тиесілі үйлерді меншігіне өтеусіз алу құқығы бар азаматтар қатарына Ұлы Отан соғысының ардагерлері, бірінші және екінші топтағы мүгедектер, Чернобыль апатының зардап шеккендер, Семей полигоны мен Арал экологиялық апатынан зардап шеккендер, сондай-ақ әскери қызметкерлер, арнаулы мемлекеттік органдардағы қызметкерлер мен ғарышкерлер кіреді.
Ал қалған азаматтар үшін жекешелендіру мүмкіндігі келесідей шарттармен беріледі: мемлекеттік тұрғын үй қорынан алған үйлерінің қалдық бағалау құнынан 30%-ын бастапқы жарна ретінде төлеп, қалған соманы 10 жылға бөліп төлеуге болады. Қазіргі нормативтік құқықтық актілерге енгізілетін өзгерістер нәтижесінде бұл төлемдер шарттары жеңілдейді: алғашқы жарна 10%-ға дейін төмендеп, қалған соманы 15 жылға бөліп төлеу мүмкіндігі ұсынылады.
Бұл өзгерістердің мақсаты — тұрғын үймен қамтамасыз ету процесін тиімдірек ету және халықтың әлеуметтік осал топтарын қолдау, тұрғын үй саясатын ашық әрі әділ жүргізу болып табылады.
Тілші: Кенжебаева Гаухар Жақыпқызы
Тілші: Кенжебаева Гаухар Жақыпқызы
Обсудить
Другие статьи:
Шымкентте қоғамдық орында электронды темекі сатқаны үшін азаматша айыппұл түріндегі жазаға тартылды
15 Қантар 2025, Сәрсенбі
Похожие материалы:
Комментарии (0)