Байланысқа арналған телефондар:
» » 3) Оқушылар арасында айтыс: Шымкенттік бала бас жүлде алды

3) Оқушылар арасында айтыс: Шымкенттік бала бас жүлде алды

20 Қантар 2025, Дүйсенбі
1 521
0
Оқушылар арасында айтыс: Шымкенттік бала бас жүлде алды

  Астанада алғаш рет өткен «Егемендігім – елдігім!» атты республикалық «Қола домбыра» оқушылар айтысы үлкен айтыс алаңына айналды. Бұл шара Оқу-ағарту министрлігі мен Айтыс ақындары мен жыршы-термешілердің халықаралық одағының бірлесіп ұйымдастырған жобасы болып табылады. Іс-шараның мақсаты – егемен еліміздің жетістіктерін насихаттау, жас ақындардың ішкі мүмкіндігін ашу, олардың шабытына қанат бітіріп, жаңа есімдерді таныту.
  Айтысқа Қазақстанның түкпір-түкпірінен 22 жас ақын қатысып, айтыстың алғашқы күнінде 11 жұп өзара бақ сынасты. Бұл айтысты арнайы қолдауға келген Айтыс ақындары мен жыршы-термешілердің халықаралық одағы басқармасының бірінші орынбасары Аманжол Әлтаев жас ақындарға сәттілік тілеп, суырып-салма өнерді қолдаудың маңыздылығын атап өтті.
  Айтыс барысында ақтық сынға өтіп, шымкенттік Ислам Әли Біржанұлы мен маңғыстаулық Байжігіт Бейбіт түрлі әлеуметтік тақырыптарды қозғай отырып, аламан айтысты жандандыра түсті. Қазылар алқасында айтыскер ақындар Еркебұлан Қайназаров, Иран-Ғайып Күзембаев, Өміржан Көпбосын және Ринат Зайытов болды. Әділ қазылар ақындардың өнеріне жоғары бағасын берді.
  Айтыстың қорытындысы бойынша Ислам Әли Біржанұлы бас жүлде – 500 мың теңге және «Қола домбыра» мүсіншесімен марапатталды. I орынды маңғыстаулық Бейбіт Байжігіт иеленді, ол да 500 мың теңге сыйлық алды. II орын Ақтөбе облысынан Арай Нұрадин мен Астана қаласынан Айғаным Мақсұтхановаға берілді. III орынды Алматы облысынан Рауан Нұршабеков, Қостанай облысынан Нұрислам Рогатов және Алматы қаласынан Ерасыл Сейітжанұлы алды.
  Бұдан бөлек, арнайы жүлделер мен сыйлықтар да табысталды. Марапаттау салтанатында Оқу-ағарту министрі Ғани Бейсенбаев болашақта осы айтыстың ауқымын кеңейтіп, жыл сайын өткізу жоспарын жариялады. Ал Л.Н.Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетінің ректоры Ерлан Сыдықов жеңімпаздарды университетке тегін қабылдау мүмкіндігін ұсынды. 
Тілші: Кенжебаева Гаухар Жақыпқызы 
Обсудить
Добавить комментарий
Комментарии (0)
Прокомментировать