ТҮРКІСТАНДА «АҚЫЛДЫ ҚАЛА» ЖОБАСЫ ЖҮЗЕГЕ АСЫРУ ЖҰМЫСЫ ЖАНДАНАДЫ

2024 жылдың шілде айында Түркістан облысының әкімдігінде өткен кеңесте өңірдің цифрландыру бағытындағы маңызды жобаларының бірі – «Ақылды қала» тұжырымдамасының іске асырылу барысы қаралды. Жиын барысында Түркістан облысының әкімі Нұралхан Көшеров қалалар мен аудандарда цифрлық шешімдерді енгізу қажеттігін қатаң түрде атап өтіп, Түркістан қаласындағы жобаларды жандандыруды тапсырды. Жоба 2025 жылға арналған Жол картасы негізінде жүзеге асырылуда және оны жаңғырту мен толықтыру бойынша нақты тапсырмалар берілді.
«Ақылды қала» жобасы – қазіргі заман талаптарына сай технологияларды пайдалану арқылы тұрғындардың өмір сүру сапасын арттыруға бағытталған бастама. Бұл жүйе мемлекеттік қызмет көрсету, көлік, жарықтандыру, қауіпсіздік, білім беру және экологиялық тепе-теңдік салаларында заманауи шешімдер енгізуді көздейді.
Түркістан қаласы бүгінде республика бойынша «Ақылды қала» жобасын енгізу деңгейі бойынша 74,6 пайыз нәтижемен 12-ші орынға тұрақтады. Бұл көрсеткіш – соңғы жылдардағы үлкен ілгерілеудің белгісі. 2019-2020 жылдары бұл көрсеткіш 50 пайыздан төмен болғанын ескерсек, жобаның дамуының қарқыны өте жоғары.
Осы жылдар ішінде қалада:
«Қауіпсіз аула», «Ақылды аялдама» жобалары іске қосылды;
көшелерде автоматты жарықтандыру жүйелері, бейнебақылау камералары орнатылды;
қоғамдық көлікке электронды билеттеу енгізілді;
Wi-Fi желісі мектептер мен қоғамдық орындарға тартылды.
Кеңесте цифрландыру, мемлекеттік қызметтер көрсету және архивтер басқармасының басшысы міндетін атқарушы Тураби Ертай мен Түркістан қаласының әкімі Әзімбек Пазылбекұлы жобаның келешегі туралы баяндады. Жаңа бастамалар қатарында күн көзінен қуат алатын көше шамдары, автоматты түрде реттелетін бағдаршамдар, тұрғын үйлерге орнатылатын смарт есептеуіш құралдар сияқты шешімдер бар.
Сондай-ақ, ауылдық аймақтарды да қамтитын жобалар жоспарлануда. Шалғайдағы мектептер мен әкімшілік нысандарға интернет тарту, ауыл тұрғындарына электронды мемлекеттік қызмет көрсету платформаларын қолжетімді ету шаралары қарастырылып жатыр.
«Ақылды қала» жобасының тек технологиялық емес, әлеуметтік-экономикалық тұрғыда да маңызы зор:
Білім беру саласы – Интернетпен жабдықталған мектептер цифрлық сауаттылықты арттырады, ауыл мен қала арасындағы білім сапасы алшақтығын азайтады.
Қауіпсіздік – Қаладағы бейнебақылау жүйелері құқықбұзушылықтардың алдын алуға мүмкіндік беріп, тұрғындардың сенімін арттырады.
Туризм – Қоғамдық көліктердегі электронды қызметтер мен Wi-Fi, ақылды инфрақұрылым туристер үшін жайлы орта қалыптастырып, өңірге келушілер санын арттыруға сеп болады.
Тұрғын үй-коммуналдық жүйе – Жылу, жарық, су секілді ресурстарды басқару тиімділігі артып, тұтынушыға ыңғайлы жағдай туындайды. Бұл – тұрғындардың өмір сапасын көтерудің нақты жолы.
Жасыл энергетика – Күн қуатын пайдалану, энергияны үнемдеу жобалары экологиялық қауіпсіздікті қамтамасыз етіп, өңірдің тұрақты дамуына үлес қосады.
Егер 2019-2020 жылдары бастама ретінде тек пилоттық жобалармен шектеліп, оның негізгі бағыты қауіпсіздік пен жарықтандыру болған болса, бүгінгі таңда бұл жүйе толыққанды концепцияға айналды. Бұрын тек облыс орталығы қамтылса, қазір барлық аудан, қала орталықтары жоба аясында дамуға бағыт алған.
Салыстырмалы түрде алғанда, алғашқы жылдары жүзеге асырылған жобалар тек техникалық шешімдерге бағытталса (бейнебақылау, бағдаршам, Wi-Fi), қазіргі таңда «ақылды қала» экожүйесі өмірдің барлық саласын қамтитын кешенді жүйеге айналды: қалалық басқару, тұрғын үй инфрақұрылымы, көлік, туризм және экология.
«Ақылды қала» жобасы – Түркістан облысы үшін дамудың жаңа кезеңі. Ол тұрғындардың өмір сүру деңгейін арттырып қана қоймай, өңірдің инвестициялық және туристік тартымдылығын арттырады. Бұл бастама – технология мен мәдениетті, тарих пен инновацияны біріктіретін болашаққа жасалған нақты қадам. Жоба толығымен жүзеге асқанда Түркістан заманауи цифрлы орталыққа айналып, басқа өңірлерге үлгі болатыны сөзсіз.
Қалалардың цифрлануы – бұл жай ғана жаңғырту емес, ол – халық игілігі үшін жасалатын нақты өзгеріс.
Тілші: Алимбетов Азамат
Похожие материалы:




