Байланысқа арналған телефондар:
» Мектеп оқушыларының жол қауіпсіздігі басты назарда

Мектеп оқушыларының жол қауіпсіздігі басты назарда

20 Тамыз 2025, Сәрсенбі
1 707
0

Мектеп оқушыларының жол қауіпсіздігі басты назарда

2025 жылдың 19 тамызында Шымкент қаласының Өңірлік коммуникациялар орталығында жаңа оқу жылы қарсаңында оқушылардың жолдағы қауіпсіздігін қамтамасыз ету мәселесіне арналған арнайы баспасөз жиыны өтті. Іс-шараға Шымкент қалалық Полиция департаментінің, Жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары басқармасының, сондай-ақ Дене шынықтыру және спорт басқармасының өкілдері қатысты.

Алдымен сөз алған Шымкент қаласы Полиция департаменті Әкімшілік полиция басқармасының бастығы, полиция полковнигі Асқар Жүзжасаров 2025–2026 оқу жылының басталуына байланысты балалардың жол қауіпсіздігін қамтамасыз ету бойынша кешенді шаралар қабылданғанын айтты.

Биыл қаладағы 162 мемлекеттік мектептің алдындағы жаяу жүргінші өткелдері, жол таңбалары мен жол белгілерінің жай-күйі толық тексерілді. Жаңа салынған мектептердің алдындағы жол инфрақұрылымына ерекше көңіл бөлінген. Әсіресе, жаяу жүргіншілер өткелдерінің алдындағы жол белгілерінің орнатылуы мен жарықтандыру жағдайы қатаң бақылауға алынды.

Жүзжасаровтың айтуынша, қазірдің өзінде барлық мектептердің алдындағы жаяу жүргіншілер жолақтары қайта сырланып, ағаш бұталарымен жабылып қалған жол белгілерін ашу жұмыстары жүргізілуде. Бұл жұмыстарды Полиция департаменті тиісті басқармалармен бірлесіп күнделікті қадағалауда ұстап отыр.

Өз кезегінде Шымкент қаласы Жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары басқармасы басшысының орынбасары Өмір Қалыбаев оқушылардың қауіпсіздігі үшін қала көшелеріндегі инфрақұрылымды жақсарту шаралары қолға алынғанын жеткізді.

Оның сөзінше, шаһардағы 165 мемлекеттік мектептің іргелес аумақтарында орналасқан көшелер түгел зерттелген. Нәтижесінде жол белгілерін орнату, жол таңбаларын жаңарту, пандустар салу, аяқжолдарды ретке келтіру және жарықтандыру мәселелері бойынша нақты тапсырмалар берілді.

«Қазірдің өзінде мектептер маңындағы жолдарға қатысты нұсқамалардың орындалуы қарқынды жүргізілуде. Бұл жұмыстардың барлығы жаңа оқу жылы басталғанға дейін толық аяқталады», – деді Өмір Қалыбаев.

Жаңа оқу жылы басталған күннен бастап барлық мектептердің алдында полиция қызметкерлері күшейтілген тәртіпте кезекшілікке шығады. Бұл – балалардың таңертең мектепке баруы мен сабақтан кейін үйлеріне қайтуы кезінде олардың қауіпсіздігін қамтамасыз етуге бағытталған шара.

Полиция қызметкерлері бұрынғыдай оқушылардың жолдан өтуіне көмектесіп, жүргізушілер арасында түсіндіру жұмыстарын жалғастырады. Сонымен қатар, ата-аналарға да балаларға жол қозғалысы ережелерін үйрету қажеттілігі үнемі ескертіліп келеді.

Айта кетейік, мұндай шаралар Шымкентте жыл сайын оқу жылы басталар алдында өткізіліп келеді. Мысалы, 2023 жылы мектептердің маңындағы 140-тан астам жаяу жүргінші өткелінің сызықтары қайта жаңартылып, 80-нен астам жаңа жол белгісі орнатылған еді. 2024 жылы да осы бағыттағы жұмыстар жалғасып, мектеп жанындағы қауіпті аймақтарда «жылдамдық бәсеңдеткіштері» (лежачий полицейский) орнатылған болатын.

Ал биылғы ерекшелік – жаңа салынған мектептердің алдындағы инфрақұрылымды толық жабдықтау. Бұған дейін кейбір жаңа мектептердің ашылуымен қатар жол белгілері дер кезінде қойылмай, уақытша қолайсыздықтар туындап келген. 2025 жылы бұл олқылықтар дер кезінде шешіліп отыр.

Жиында сөз алған мамандар тек мемлекеттік органдардың ғана емес, ата-аналардың да жауапкершілігін атап өтті. Балаларды жол ережелерін қатаң сақтауға үйрету – қауіпсіздіктің ең маңызды тетігі.

Ата-аналар балаларына мектепке барар жолды алдын ала көрсетіп, қауіпті тұстарын түсіндіргені жөн. Сондай-ақ, бастауыш сынып оқушыларына ата-анасыз жолдан өтуге болмайтыны ескертілуі тиіс.

Шымкент қаласында жаңа оқу жылы қарсаңында балалардың жол қауіпсіздігіне ерекше мән беріліп отыр. Полиция департаменті, Жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары басқармасы мен өзге де мемлекеттік мекемелердің үйлесімді жұмысы арқылы мектеп маңындағы инфрақұрылым толық реттеліп, күзет күшейтіледі.

Мұндай шаралар тек статистикалық көрсеткіш үшін емес, ең алдымен балалардың өмірі мен денсаулығын қорғау үшін жасалуда. Бұған дейінгі жылдардағы тәжірибе де көрсеткендей, алдын ала жүргізілген жұмыстар мен түсіндіру науқандары жол-көлік оқиғаларының санын азайтуға айтарлықтай үлес қосады.
Обсудить
Другие статьи:
БАСПАСӨЗ – ХАБАРЛАМА 04 Желтоқсан 2025, Бейсенбі
ПРЕСС-РЕЛИЗ 04 Желтоқсан 2025, Бейсенбі
Добавить комментарий
Комментарии (0)
Прокомментировать