Байланысқа арналған телефондар:
» » «Қауіпсіз қала – ортақ міндет»: Курсайдағы ата‑аналар мен мұғалімдерге бағытталған кездесу

«Қауіпсіз қала – ортақ міндет»: Курсайдағы ата‑аналар мен мұғалімдерге бағытталған кездесу

06 Тамыз 2025, Сәрсенбі
1 640
0

2025 жылдың 6 тамыз Шымкент қаласының Қаратау ауданына қарасты Курсай елдімекенінде ата-аналар мен мұғалімдерге арналған маңызды кездесу өтті. Іс-шара Әл-Фараби атындағы мектептің мәжіліс залында ұйымдастырылды. Басқосудың негізгі мақсаты – балалардың, әсіресе жасөспірімдердің қауіпсіздігін қамтамасыз ету, оларды түнгі уақытта көшеде жалғыз жүруден қорғау және ата-аналар мен мектептің өзара әрекеттестігін күшейту болды.

Шараны Шымкент қалалық Ішкі саясат және жастар істері жөніндегі басқармасының қолдауымен «Жастар ресурстық орталығы» КММ ұйымдастырды. Бұл бастама – елімізде жүзеге асырылып жатқан «Қауіпсіз ел» ұлттық жобасы аясында атқарылып жатқан жұмыстардың жергілікті деңгейдегі жалғасы.

Кездесу барысында құқық қорғау саласының өкілдері ата-аналарға ҚР Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодекстің 442-бабы жөнінде кеңінен ақпарат берді. Аталған бапқа сәйкес, кәмелетке толмаған жасөспірімдердің сағат 23:00-ден кейін заңды өкілдерінің еріп жүруінсіз қоғамдық орындарда жүруіне тыйым салынады. Бұл талап – балалардың құқықтары мен өмірінің қауіпсіздігін қамтамасыз ету үшін маңызды. Заң талаптарын бұзған жағдайда ата-аналарға ескерту беріліп, қайталанса – әкімшілік жауапкершілікке тартылады.

Дегенмен, кездесуде құқық қорғау органдарының өкілдері жазалаудан гөрі түсіндіру мен алдын алу жұмыстарына басымдық берілетінін атап өтті. Полиция капитаны Асылхан Әбдікалық: «Қауіпсіз қоғам – бұл барша азаматтың ортақ еңбегінің жемісі. Әрбір ата-ана өз баласының қайда жүргенін, кіммен араласатынын біліп отыруы керек. Баланың тәрбиесі тек мектептің ғана емес, отбасының, қоғамның және мемлекеттің де міндеті», – деп ата-аналарға үндеу жасады.

Кездесуге Тұран аудандық полиция басқармасы жергілікті полиция қызметі бөлімінің бастығының орынбасары Кудайберген Бегімбетов және «Жастар ресурстық орталығының» NEET жастармен жұмыс жөніндегі мамандары қатысты. Олар ата-аналарға жасөспірімдердің бос уақытын тиімді ұйымдастырудың маңызы, оларға психологиялық қолдау көрсету, үйде сенімді атмосфера құру туралы кеңестер берді. Аутрич форматында жұмыс істейтін жастар мамандары әсіресе әлеуметтік осал отбасылармен байланыс орнатып, нақты көмек көрсету бағытында тәжірибелерімен бөлісті.

Іс-шара барысында нақты өмірлік мысалдар келтіріліп, түнгі уақытта бақылаусыз қалған жасөспірімдердің түрлі құқық бұзушылықтарға тартылып кету қаупі түсіндірілді. Бұған қоса, зиянды әдеттерге, интернеттегі алаяқтық пен кибербуллингке, жасөспірімдер арасындағы агрессия мен топтық қақтығыстарға жол бермеудің алдын алу жолдары сөз болды. Мұндай ақпарат ата-аналар үшін өте маңызды болды, өйткені балалармен дұрыс сөйлесе білу, олармен сенімді қарым-қатынас орнату – көптеген қауіптің алдын алудың ең тиімді жолы.

Мектеп ұжымы да шараға белсенді қатысып, ата-аналармен тығыз байланыс орнатудың маңыздылығын атап өтті. Олар мектеп пен отбасы арасындағы ашық қарым-қатынас баланың мінез-құлқы мен әлеуметтік ортасын бақылауға көмектесетінін айтты. Бұл байланыс арқылы проблемалар ертерек анықталып, қажетті көмекті дер кезінде көрсетуге мүмкіндік туады.

Басқосуда сондай-ақ оқушылардың бос уақытын тиімді өткізу, спорт секцияларына, үйірмелерге қатысу арқылы жағымсыз орталардан алшақ болу қажеттілігі жайлы айтылды. Бұл балалардың әлеуметтік белсенділігін арттырып, олардың болашаққа сеніммен қарауына ықпал ететіні сөзсіз.

Осындай форматтағы кездесулер бұған дейін де Шымкент қаласында ұйымдастырылып келгенімен, бұл жолғы ерекшелік – ауылдық аймақта, нақты бір мектеп базасында өткізіліп, нақты қауымдастықпен тікелей жұмыс жасалғаны болды. Бұған дейінгі шаралар көбінесе қала орталығындағы білім ордаларында өтетін, ал Курсайдағы жиын – шалғай елдімекен тұрғындарына да осындай ақпарат пен көмек қажет екенін дәлелдеді. Бұл – әлеуметтік теңдікке бағытталған маңызды қадам.

Жиын соңында қатысушылар өз пікірлерін білдіріп, алғыстарын жеткізді. Ата-аналар тарапынан бұл кездесулерді тұрақты түрде өткізу туралы ұсыныстар айтылды. Олар үшін ең маңыздысы – баласының қауіпсіздігі мен болашағы, ал бұл мәселеде өздерін жалғыз сезінбеу – үлкен қолдау.

«Қауіпсіз қала – ортақ міндет» атты кездесу – қоғамның әрбір мүшесі балалар қауіпсіздігі үшін жауапты екенін тағы бір мәрте еске салды. Мұндай шаралар балаларды жай ғана бақылау емес, оларға сүйеніш болу, қолдау көрсету, сенім арту арқылы тәрбиелеу керектігін көрсетеді. Білім беру ұйымдары, құқық қорғау құрылымдары мен ата-аналар арасында өзара түсіністік пен ынтымақтастықты қалыптастыру арқылы ғана қоғамда нағыз қауіпсіз ортаны құруға болады.

Келешекте осындай мазмұндағы кездесулердің басқа да шалғай елдімекендерде өткізілуі жоспарлануда. Бұл өз кезегінде тұтас қалалық қауымдастықтың балалардың болашағына бейжай қарамайтынын, олардың қауіпсіздігі мен құқығын қорғауға бағытталған нақты іс-шаралар жүргізіліп жатқанын айғақтайды.


Тілші : Алимбетов Азамат
Обсудить
Другие статьи:
БАСПАСӨЗ – ХАБАРЛАМА 04 Желтоқсан 2025, Бейсенбі
ПРЕСС-РЕЛИЗ 04 Желтоқсан 2025, Бейсенбі
Добавить комментарий
Комментарии (0)
Прокомментировать