ҚҰҚЫҚТЫҚ САУАТТЫЛЫҚ – ӘР АЗАМАТ ҮШІН МАҢЫЗДЫ!
ҚҰҚЫҚТЫҚ САУАТТЫЛЫҚ – ӘР АЗАМАТ ҮШІН МАҢЫЗДЫ!
30 қазан 2025 жылы Жастар ресурстық орталығының ұйымдастыруымен «Заң және тәртіп» атты танымдық кездесу өткізілді. Іс-шараның негізгі мақсаты – жасөспірімдердің құқықтық сауаттылығын арттыру, олардың жауапкершілік сезімін қалыптастыру, қауіпсіз қоғам құруға үлес қосу және жастар арасында құқық бұзушылықтың алдын алу.
Қазіргі уақытта қоғамның қарқынды дамуы, заманауи технологиялардың кең қолданылуы, ақпарат ағынының жылдамдығы жас буынға жаңа мүмкіндіктермен қатар, жаңа қауіптер де төндіретіні жасырын емес. Сол себепті өскелең ұрпаққа құқықтық білім беру – уақыт талабы. Заңды білу тек қорғау құралы ғана емес, сонымен қатар азаматтық сана-сезім мен адамгершілік мәдениеттің маңызды бөлігі.
Танымдық кездесуге Тұран ауданы прокуратурасы аға прокуроры Рустам Тилеубаев, Тұран ауданы Полиция басқармасының ювеналды полиция инспекторы, полиция майоры Иргебаев Жандос және Шымкент қаласы бойынша Экономикалық тергеп-тексеру департаментінің басқарма басшысы Оспанов Мұхамедқасым арнайы шақырылып, жастармен ашық диалог форматында пікір алмасты.
Спикерлер жастарға құқықтық міндеттер мен жауапкершіліктер туралы толыққанды ақпарат беріп, күнделікті өмірде кез-келген азамат заң нормаларын сақтауы тиіс екенін түсіндірді. Құқық бұзушылықтың кез-келген түрі жазасыз қалмайтыны, заң талаптарын елемеу болашаққа кері әсер ететіні атап өтілді.
Кездесу барысында жасөспірімдер арасында жиі кездесетін келесі қауіптерге тоқталды:
- Киберқауіпсіздік мәселесі
Интернеттегі қауіп-қатерлер: алаяқтық, жалған ақпарат тарату, жеке мәліметтерді ұрлау, зиянды таныстықтар туралы түсіндірілді. Әсіресе әлеуметтік желілердегі сақтық шаралары мен жеке ақпаратты қорғау жолдары айтылды. - Буллинг және кибербуллингтің алдын алу
Мектептерде және онлайн платформаларда орын алатын қудалаудың психологиялық, әлеуметтік салдары түсіндірілді. Жастарға мұндай жағдайлар кезінде кімге және қалай жүгіну керектігі жайлы нақты нұсқаулық берілді. - Уақытты тиімді пайдалану және құқықтық нормаларды сақтау
Кәмелетке толмағандардың түнгі уақытта заңды өкілсіз жүруіне жол берілмейтіні, темекі және алкоголь өнімдерін тұтыну сияқты құқық бұзушылық түрлері жайында мәліметтер ұсынылды.
Спикерлер «Заңды білмеу – жауапкершіліктен босатпайды» деген қағиданы еске сала отырып, әр азамат өз құқығын қорғап қана қоймай, өзгенің құқығын сыйлау қажеттігін ерекше атап өтті.
Кездесу барысында ұлттық тәрбиені дәріптеу мәселесі де кеңінен қамтылды. Спикерлер:
- Отанға деген сүйіспеншілік,
- Үлкенге құрмет, кішіге ізет,
- Адалдық, әділдік,
- Қоғамға пайдалы болу
сияқты рухани-адамгершілік қағидаттарды бойға сіңіру – құқықтық мәдениеттің маңызды бөлігі екенін жеткізді.
Жастар ел болашағының тірегі болғандықтан, оларды жан-жақты дамыту, ел мүддесін ойлайтын, ұлттық құндылықтарды қадірлейтін азамат етіп тәрбиелеу – ортақ міндет.
Кездесу барысында студенттер мен оқушылар мамандарға өздерін қызықтырған сұрақтарын қойып, көптеген мәселелер бойынша нақты жауаптар алды. Әсіресе:
- электронды үкімет қызметтерін пайдалану,
- құқық қорғау органдарына жүгіну тәртібі,
- жасөспірімдерге қатысты әкімшілік жауапкершілік,
- алаяқтықтан қорғану жолдары
сияқты тақырыптарға қызығушылық жоғары болды.
Мамандар жастарды белсенді азамат болуға, қоғамдағы өз рөлін сезінуге және құқықтық сауаттылықты жеке дамудың бір бөлігі ретінде қабылдауға шақырды.
Бұл іс-шара жастар үшін үлкен маңызы бар тәжірибелік сабақ болды. Өйткені құқықтық сауатты болу – тек заңдарды білу емес, қауіпсіз өмір сүрудің, қоғаммен дұрыс қарым-қатынас жасаудың, болашақты сенімді жоспарлаудың басты кілті.
Құқықтық мәдениеті жоғары ұрпақ — тұрақты қоғамның негізі.
Жастар ресурстық орталығы құқықтық сауаттылықты арттыруға бағытталған осындай танымдық шараларды алдағы уақытта да тұрақты түрде өткізуді жоспарлап отыр. Жастардың рухани және зияткерлік әлеуетін дамыту жолында бірлескен жұмыс жалғасады.Похожие материалы:


