Байланысқа арналған телефондар:
» » ШЫМКЕНТТЕ «AUYL INVEST FEST – 2026» ХАЛЫҚАРАЛЫҚ ФЕСТИВАЛІ ӨТТІ

ШЫМКЕНТТЕ «AUYL INVEST FEST – 2026» ХАЛЫҚАРАЛЫҚ ФЕСТИВАЛІ ӨТТІ

11 Сәуір 2026, Сенбі
41
0
ШЫМКЕНТТЕ «AUYL INVEST FEST – 2026» ХАЛЫҚАРАЛЫҚ ФЕСТИВАЛІ ӨТТІ
Шымкент қаласында ауыл шаруашылығы саласын дамытуға арналған «AUYL INVEST FEST – 2026» халықаралық фестивалі өтті. Іс-шара аясында балық шаруашылығын дамыту, инвестициялық әлеуетті арттыру және саладағы тәжірибе алмасу мәселелері кеңінен талқыланды.
Фестивальге Қазақстанның барлық өңірлерінен келген балық шаруашылығы мамандары, сондай-ақ Еуропа және Орталық Азия елдерінен жетекші сарапшылар мен ғалымдар қатысты. Қатысушылар балық шаруашылығын табыс көзіне айналдырудағы мемлекеттік қолдау мен заманауи технологиялардың маңызын атап өтті.
Алқалы жиын «Түркістан» сарайында өтіп, онда саладағы өзекті мәселелер мен даму бағыттары сараланды. Форумға Қазақстан Республикасы Парламенті Мәжілісінің депутаты, Аграрлық мәселелер комитетінің төрағасы, «Ауыл» партиясының жетекшісі Серік Егізбаев, Шымкент қаласы әкімінің орынбасары Айдын Кәрімов, сондай-ақ Чехия, Дания және Өзбекстан елдерінен келген балық шаруашылығы саласының ғалымдары мен технологтары қатысты.
Қазақстан Республикасы Ауыл шаруашылығы министрі Айдарбек Сапаровтың құттықтау хатын Балық шаруашылығы комитетінің төрағасы Серік Сермағанбетов оқып берді. Құттықтауда саладағы халықаралық ынтымақтастық пен тәжірибе алмасудың маңызы айтылды.
Форум барысында Серік Егізбаев мұндай алаңдардың аграрлық саланы дамытудағы рөлін атап өтті:
«Сала мамандары тәжірибе алмасып, жетістіктерін талқылайды, ортақ мәселелерді көтереді. Форум қорытындысы бойынша қарар қабылданып, алдағы жұмыстардың бағыты айқындалды», – деді ол.
Балық шаруашылығы комитетінің төрағасы Серік Сермағанбетов елімізде балық шаруашылығын дамыту бағытында атқарылған жұмыстарға тоқталды. Оның айтуынша, бүгінге дейін 95 жоба іске асырылып, 21 мың тонна балық өндірілген. Сондай-ақ 41 жоба жүзеге асырылу кезеңінде болған. Салада балық өнімдерін қайта өңдеу және аквамәдениетті дамытуға ерекше мән берілді.
Мамандардың мәліметінше, 2021–2030 жылдарға арналған балық шаруашылығын дамыту бағдарламасы аясында жем сатып алуға 30–50 пайызға дейін субсидия қарастырылған. Бұл қолдау шаралары сала тиімділігін арттыруға ықпал еткені атап өтілді.
Форум барысында халықаралық тәжірибе де талқыланды. Өзбекстаннан келген «Балық шаруашылығы ғылыми орталығы» ЖШС директоры Дилмұрат Шохимарданов жекешелендіру кезеңінен кейін саланы дамытуда ассоциация құру тәжірибесі маңызды рөл атқарғанын айтты.
Сондай-ақ форумда Қазақстан–Чех халықаралық аквамәдениет ғылыми орталығының директоры Жақсығали Қуанчалеев, Шерхан Мұртаза атындағы халықаралық университеттің «Аквамәдениет» зертханасының меңгерушісі Дмитрий Шумейко, TENGRY FISH ЖШС директоры Жайдарәлі Таңжарық және өзге де мамандар баяндама жасап, дәстүрлі балық аулаудан өндірістік аквамәдениетке көшу, уылдырық инкубациясы, форель және көксерке өсіру технологиялары, тұйық су жүйелерін дамыту бағыттарын талқылады.
Форум қорытындысы бойынша саланы дамытуға бағытталған қарар қабылданды.
Айта кетейік, фестиваль аясында балық өнімдерінен дайындалған тағамдар байқауы, «Ауыл нақыштары» республикалық фотокөрмесі, ауыл шаруашылығы өнімдерінің жәрмеңкесі, қолөнер көрмелері және ұлттық спорт түрлерінен жарыстар ұйымдастырылды. Атап айтқанда, асық ату, ләңгі тебу, арқан тарту және кір тасын көтеру сайыстары өтті.
Фестивальдің басты көрмелерінің бірі – балық шаруашылығы жетістіктеріне арналған экспозиция болып, ол саланың инвестициялық және технологиялық әлеуетін кеңінен таныстырды.
Обсудить
Добавить комментарий
Комментарии (0)
Прокомментировать