Байланысқа арналған телефондар:
» » ҚАЗАҚСТАННЫҢ ТРАНЗИТТІК ӘЛЕУЕТІ АРТЫП, КӨЛІК-ЛОГИСТИКА ИНФРАҚҰРЫЛЫМЫ ЖАҢҒЫРТЫЛАДЫ

ҚАЗАҚСТАННЫҢ ТРАНЗИТТІК ӘЛЕУЕТІ АРТЫП, КӨЛІК-ЛОГИСТИКА ИНФРАҚҰРЫЛЫМЫ ЖАҢҒЫРТЫЛАДЫ

28 Қазан 2026, Сәрсенбі
69
0

Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев «Жаңа тарихи кезеңдегі Қазақстанның өзекті міндеттері» атты Қазақстан халқына Жолдауында көлік-логистика инфрақұрылымын дамыту, транзиттік әлеуетті арттыру және халықаралық тасымал бағыттарының тиімділігін күшейту мәселелеріне басымдық берді.
Мемлекет басшысының айтуынша, заманауи логистика инфрақұрылымы елдің экономикалық өсімі мен бәсекеге қабілеттілігін қамтамасыз ететін маңызды факторлардың бірі. Сондықтан Қазақстанның барлық өңірін байланыстыратын, жүк тасымалының мүмкіндіктерін кеңейтетін және халықаралық көлік дәліздерінің тиімділігін арттыратын бірыңғай теміржол және автокөлік желісін қалыптастыру стратегиялық міндет болып саналады.
Осы бағытта елімізде бірқатар ірі инфрақұрылымдық жоба жүзеге асырылуда. Президенттің мәліметінше, келесі жылы «Бақты – Аягөз» теміржол желісін іске қосу жоспарланған. Жаңа бағыт Қытаймен арадағы жүк өткізу мүмкіндігін 20 миллион тоннаға арттыруға мүмкіндік береді.
Сонымен қатар тамыз айында «Арал – Каспий» күре жолының құрылысы басталған. Жоба Транскаспий халықаралық көлік бағытының қашықтығын шамамен 1 мың шақырымға қысқартып, жүк жеткізу мерзімін үш күнге дейін азайтуға бағытталған. Мемлекет басшысы Үкіметке қолға алынған жобалардың сапалы әрі белгіленген мерзімде орындалуын қатаң бақылауды тапсырды.
Автомобиль жолдарының әлеуетін арттыру да маңызды міндеттердің бірі ретінде белгіленді. Қазақстан арқылы тасымалданатын жүк көлемінің өсуіне байланысты жол инфрақұрылымын одан әрі жақсарту қажеттігі атап өтілді. Әсіресе солтүстік өңірлердегі жол қатынасын жетілдіруге назар аударылып, «Көкшетау – Петропавл» тас жолын кеңейту жұмыстарын бастау міндеті қойылды.
Бұдан бөлек, отандық автокөлік тасымалдаушыларын қолдау және халықаралық транзит нарығындағы олардың мүмкіндіктерін кеңейту мәселесі көтерілді. Президент бұл бағытта тиісті шаралар қабылдау қажеттігін айтып, негізгі мақсат жол инфрақұрылымын нығайту арқылы ел экономикасына түсетін пайданы және азаматтардың табысын арттыру екенін жеткізді.
Әуе көлігі инфрақұрылымын дамытуға да ерекше мән берілуде. Мемлекет басшысының айтуынша, қазіргі уақытта Қазақстанда бірнеше әуежайдың құрылысы қатар жүргізіліп жатыр. Арқалықтағы әуежайды қалпына келтіру жұмыстары аяқталған, ал Зайсан, Катонқарағай және Кендірлі әуежайларын іске қосу жоспарланған. Сонымен қатар келесі жылы халықаралық ірі компаниялардың бірін тарта отырып, Астанада жаңа әуежай құрылысын бастау көзделіп отыр.
Аталған жобалар Қазақстанның халықаралық көлік дәліздеріндегі орнын нығайтуға, жүк тасымалының көлемін арттыруға және өңірлер арасындағы экономикалық байланыстарды кеңейтуге бағытталған. Көлік-логистика инфрақұрылымын кешенді жаңғырту отандық кәсіпкерліктің дамуына, жаңа жұмыс орындарының ашылуына және елдің транзиттік мүмкіндіктерін тиімді пайдалануға жол ашады.
Обсудить
Добавить комментарий
Комментарии (0)
Прокомментировать