Байланысқа арналған телефондар:
» » Шымкентте екі жаңа теміржол өткелінің құрылысы басталады: 26 жер учаскесі мемлекет қажеттілігіне беріледі

Шымкентте екі жаңа теміржол өткелінің құрылысы басталады: 26 жер учаскесі мемлекет қажеттілігіне беріледі

29 Қантар 2025, Сәрсенбі
16
0
Шымкентте екі жаңа теміржол өткелінің құрылысы басталады: 26 жер учаскесі мемлекет қажеттілігіне беріледі

Шымкентте Момынов және Тіленшин көшелеріндегі теміржол өткелдерін салу үшін 26 жер учаскесі мемлекет қажеттілігіне қайтарылады. Жеке учаске иелерімен келісім жасалып, жер телімдерінің нарықтық бағасы анықталуда. Құрылыс жобасы бойынша екі жолақты жолдың жиегі 15 метрге кеңейтіледі. Жоба жыл соңына дейін аяқталып, пойыздың жүру жиілігіне қарамастан, облыс аумағынан қалаға көлік қозғалысын реттейді деп күтілуде.

Мәжіліс депутаттары Болатбек Нажметдинұлы мен Данабек Исабеков құрылыс барысымен танысып, жобаның маңыздылығын атап өтті. Депутаттар бұл мәселеге былтыр араласып, республикалық бюджеттен қаржы бөлінуіне ықпал еткен еді.

Қала тұрғыны Бақытжан Аязбековтың айтуынша, бұрын Момынов және Тіленшин көшелерінде теміржол өткелінің болмауына байланысты көліктер сағаттап кептеліске тұрып қалатын. Жаңа өткелдердің салынуы бұл мәселені шешіп, тұрғындардың қозғалысын жеңілдетеді деп үміттенуде.

Депутат Болатбек Нажметдинұлы жобаның қаржыландырылуына Парламентте үлкен жұмыс жүргізілгенін айтты. Оның айтуынша, бір өткелдің құрылысына 7 млрд 800 млн теңге, ал екіншісіне 5,5 млрд теңге бөлінген. Жобалық-сметалық құжаттама тексеріліп, құрылыстың сапалы және мерзімінде аяқталуына бақылау жасалатынын атап өтті. Бұл жоба Шымкент қаласының көлік инфрақұрылымын жақсартып, тұрғындардың өмір сүру сапасын арттыруға үлес қосады деп күтілуде. 
Тілші: Жүрсінбай Аружан Сабырқызы 
Обсудить
Добавить комментарий
Комментарии (0)
Прокомментировать