Байланысқа арналған телефондар:
» » Шымкентте қала әкімі Ғабит Сыздықбеков қаланы кезекті аралау барысында Еңбекші ауданындағы Тіленшин және Момынов көшелерінде салынып жатқан теміржол өткелінің құрылысымен танысты.

Шымкентте қала әкімі Ғабит Сыздықбеков қаланы кезекті аралау барысында Еңбекші ауданындағы Тіленшин және Момынов көшелерінде салынып жатқан теміржол өткелінің құрылысымен танысты.

11 Желтоқсан 2024, Сәрсенбі
37
0
Шымкентте қала әкімі Ғабит Сыздықбеков қаланы кезекті аралау барысында Еңбекші ауданындағы Тіленшин және Момынов көшелерінде салынып жатқан теміржол өткелінің құрылысымен танысты. Аталған нысандар теміржолды қауіпсіз кесіп өтуге және көлік кептелісін азайтуға мүмкіндік береді. Жүргізіліп жатқан құрылыс жұмыстарын бағамдаған қала әкімі мердігер ұйымға барлық жұмысты сапалы және белгіленген мерзімде аяқтауды тапсырды.
Сонымен қатар, Абай ауданында «Алаш» базарын жаңғырту жұмысының барысын да тексерді. Бұл базарды жаңғыртудағы негізгі мақсат – сатып алушылар мен сатушылар үшін қолайлы жағдай жасау, сауда нысандарының қауіпсіздігін қамтамасыз ету. Шаһар басшысы базар басшылығымен және кәсіпкерлермен кездесуде ашық, адал жұмыс істеу мен салықтарды уақытылы төлеудің маңыздылығын атап өтті.


Ғабит Сыздықбеков Әл-Фараби ауданында көгалдандыру, абаттандыру және көшелерді күтіп ұстау жұмыстарын бақылады. Сондай-ақ Әйтеке би, А.Иманов, Ә.Жангелдин, Түркістан көшелері, Қонаев даңғылы, Ш.Қалдаяқов атындағы саябақ пен Әл-Фараби алаңында атқарылып жатқан жұмыстарды тексерді. Барлық жұмыстармен танысқан қала басшысы тиісті басқарма мен аудан әкімдеріне көшелерді, аулаларды және қоғамдық орындарды күтіп ұстау бойынша нақты тапсырма берді. Ол қала жылдың кез-келген мезгілінде таза болуға тиіс екендігін міндеттеді.

Тұран, Достық және Жиделі шағынаудандары

Ғабит Сыздықбеков жұмыс сапарымен Тұран, Достық және Жиделі шағынаудандарында болды. Тұран шағынауданында салынып жатқан кәріз коллекторының құрылысымен танысып, 120 мың абонентті орталық кәріз жүйесіне қосу үшін дайындық жұмыстарын жеделдетуді тапсырды.
Сонымен қатар, Абай ауданындағы Достық шағынауданында автокөлік иелеріне арналған мамандандырылған халыққа қызмет көрсету орталығын аралап, автодром салу үшін жер телімін бөлу мүмкіндігін қарастыруды ұсынды.
Жиделі шағынауданында жаңа гүлзардың ашылу салтанатына қатысып, қоғамдық орынның абаттандырылуы үшін орындықтар, қоқыс жәшіктері, жарықшамдар орнатылғанын, көгалдандыру жұмыстарында 300 қарағаш пен қарағай көшеттері отырғызылғанын мәлімдеді. Әкім сондай-ақ жаңа әуежай терминалында болды, нысанның пайдалануға берілуге дайындық деңгейін тексерді. Жұмыс барысында қала дамуына қатысты өзекті мәселелер талқыланды, ал әкімдік алдағы уақытта абаттандыру жұмыстарын жүйелі түрде жалғастыруға ниетті екенін атап өтті.

«Күміс жас» бағдарламасы

Шымкентте «Күміс жас» бағдарламасы аясында жұмысқа орналасқан азаматтар жаңа мүмкіндіктерге қол жеткізіп, қоғамның дамуына өз үлестерін қосуда. Бұл жоба зейнеткерлік жасқа жақындаған, бірақ әлі де белсенді еңбек ете алатын адамдарды қолдауға бағытталған.
«Күміс жас» бағдарламасы елімізде зейнеткерлікке дейінгі жастағы азаматтарды еңбек нарығында қолдау арқылы олардың кәсіби тәжірибесі мен әлеуетін пайдалану үшін іске қосылған. Жоба аясында жұмыс берушілер 50 жастан асқан азаматтарды жұмысқа тартады, олардың айлық жалақысы мемлекеттен субсидияланады.
Қалада жыл басынан бері 791 азамат осы бағдарлама арқылы жұмыс орындарына орналасты. Олар білім беру, медицина, мәдениет, әлеуметтік қызмет көрсету және басқа да салаларда еңбек етуде.
Бағдарламаға қатысушылардың бірі 59 жастағы Айман Тельғозиева ұзақ жылдар бойы Алматы қаласында түрлі өндіріс орындарында бухгалтер қызметін атқарып, Шымкентке қоныс аударғаннан кейін «Самғау биік» мүгедектігі бар азаматтардың қоғамдық бірлестігіне тазалыққа жауапты қызметкер болып «Қоғамдық жұмыс» мемлекеттік бағдарламасы арқылы жұмысқа орналасқан. Мұнан кейін «Күміс жас» бағдарламасы арқылы жолдама алған ол: “Мемлекеттік бағдарлама жаңа мүмкіндікке жол ашты. Тәжірибем мен білімімді қоғамға пайдалы істерге арнап, өзіме де, өзгелерге де көмектесе алатыныма қуаныштымын,” – дейді.
Шымкент - «Күміс жас» бағдарламасын табысты іске асырып отырған өңірлердің бірі. Бағдарлама тәжірибесі мол азаматтардың қоғамда белсенділігін арттырып, еңбек нарығын білікті мамандармен толықтыруда.

«Әлеуметтік әмиян» жобасы

Шымкентте іске қосылатын «Әлеуметтік әмиян» жобасы, ең алдымен, әлеуметтік көмек алушылар мен табысы төмен азаматтар үшін жеңілдікті алу тәртібін жеңілдетуге арналған. Пилоттық жоба 5 ай бойы жұмыс істейді және егер сәтті жүзеге асса, басқа өңірлерге де таралады.
Жоба қалай жұмыс істейді?
Әлеуметтік және тұрғын үй көмегін алатын азаматтар 1414 бірыңғай нөмірінен СМС хабарлама алады. Хабарламада өз деректерін өңдеуге рұқсат беру үшін жауап ретінде SMS жіберу керек.
Осыдан кейін азаматтар eGov Mobile қосымшасын орнату үшін сілтеме алады. eGov Mobile қосымшасының басты бетінде «Әлеуметтік әмиян» қызметі пайда болады. Мұнда олар QazaqGaz Aimaq АҚ абоненттік шотын енгізіп, жеңілдікке қатысты қажетті деректерді автоматты түрде енгізе алады.
Ваучерді белсендіру үшін азаматтар жеке шотын көрсетіп, оған қажетті әрекеттерді орындайды. Ваучер іске қосылған соң, келесі айда жеңілдік сомасы тұтынушының түбіртегінде және «Әлеуметтік әмиян» қосымшасында көрсетіледі. Бұл жүйе арқылы азаматтар үшін бюрократия азайып, газға жеңілдік алу үдерісі оңай әрі түсінікті болады.
Жоба 5 айға жоспарланған, бірақ егер нәтиже оң болса, бұл тәжірибе бүкіл ел бойынша кеңейтілуі мүмкін!


Тілші: Кенжебаева Гаухар Жақыпқызы 
Обсудить
Добавить комментарий
Комментарии (0)
Прокомментировать