Байланысқа арналған телефондар:
» » Жұмыспен қамтуда жаңа серпін

Жұмыспен қамтуда жаңа серпін

26 Маусым 2025, Бейсенбі
1 612
0
Жұмыспен қамтуда жаңа серпін
2025 жылдың алғашқы жартыжылдығында Түркістан облысында халықты жұмыспен қамту бағытында ауқымды жұмыстар атқарылуда. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың тапсырмасы аясында өңірде жаңа жұмыс орындарын құру, әлеуметтік тұрақтылықты қамтамасыз ету, кедейлік деңгейін төмендету және еңбек нарығын жандандыру мақсат етілген. Осы мақсатта жүзеге асып жатқан «Өңірлік жұмыспен қамту картасы» бағдарламасы арқылы жыл соңына дейін 130 769 жаңа жұмыс орнын ашу көзделген. Оның ішінде 83 554-і, яғни 63 пайызы – тұрақты жұмыс орындары.Жыл басынан бері облыс көлемінде 56 мыңға жуық адам жұмысқа орналастырылды. Бұл – бағдарламаның жоспарлы әрі жүйелі түрде жүзеге асып жатқанын көрсететін нақты көрсеткіш. Ашылған жұмыс орындарының басым бөлігі ауыл шаруашылығы, құрылыс, өндіріс, қызмет көрсету мен білім беру салаларында шоғырланған. Қоғамдық жұмыстарға, жастар тәжірибесіне және әлеуметтік жұмыс орындарына тартылған азаматтардың саны да айтарлықтай.
Сондай-ақ, атаулы әлеуметтік көмек алушылардың саны да азая түсті. 2025 жылдың бірінші тоқсанында облыстағы АӘК алушылар саны 49 739 адамды құрап, былтырғы көрсеткіштермен салыстырғанда төмендеді. Еңбекке жарамды 10 259 адамның ішінен 6 666 адам жұмыспен қамтылып, бұл 65 пайыздан астам көрсеткішті құрады. Кедейлік деңгейі де төмендеп, 4,4 пайыздан 2,1 пайызға дейін қысқарды. Бұл – халықтың әлеуметтік жағдайының тұрақтанып келе жатқанын білдіреді.
Еңбекке орналастыру жұмыстарының ішінде субсидияланған жұмыс орындарының үлесі ерекше. 2025 жылдың алғашқы тоқсанында 15 724 азамат осындай жұмыс орындарына бағытталды. Оның ішінде 5 614 адам қоғамдық жұмыстарға тартылса, қалғандары әлеуметтік және жастар бағдарламалары бойынша жұмысқа орналасты. Қызмет көрсету, көгалдандыру, ауыл шаруашылығы және инфрақұрылым салаларында жүзеге асқан бұл бастама азаматтардың уақытша жұмыс табуына және кейіннен тұрақты жұмысқа тұруына мүмкіндік беруде.
Өңірдегі жұмыспен қамту бағытындағы ағымдағы нәтижелерді өткен жылдармен салыстырғанда, нақты өсім мен өзгерістер байқалады. 2023 жылы облыста 109,7 мың жұмыс орнын ашу көзделіп, соның ішінде 72 мыңнан астамы тұрақты орындар ретінде жоспарланған болатын. Сол жылы атаулы әлеуметтік көмекті алушылардың саны 22 пайызға қысқарғанымен, жұмысқа орналастыру бағытында бірқатар мәселелер болған. Кей аудандарда тиісті мекемелердің жұмысындағы кемшіліктер мен бақылаудың жеткіліксіздігі байқалды.
2024 жылы бұл бағытта айтарлықтай серпіліс болды. 126 988 жұмыс орны ашылып, жоспар 107 пайызға орындалды. Сол жылы тұрақты еңбекке орналасқан азаматтардың саны күрт артты. Түркістан облысы әлеуметтік және еңбек саласында республикалық деңгейде алдыңғы қатарда болды. Әсіресе зейнетақы аударымдары мен ресми еңбек келісімшарттарының саны жағынан өңір көш бастап тұрды.
2025 жылы осы үрдіс жалғасын тапты. Еңбек нарығындағы нақты өзгерістер мен оң нәтижелер көрініп отыр. Бұған еңбек ресурстарын тиімді жұмылдыру, кәсіптік оқытулар ұйымдастыру, жастар мен әйелдерге арналған арнайы жобаларды енгізу және жеке секторды тарту сияқты шаралар өз септігін тигізуде.
Сондай-ақ, өңірдегі жұмыспен қамту жәрмеңкелері, кәсіпкерлікті қолдау бағытындағы гранттар мен несиелер, «Бастау Бизнес» жобасы аясындағы оқыту бағдарламалары да белсенді іске асырылып жатыр. Бұл – халықтың өз ісін ашуына, жеке табысын арттыруына, экономикалық белсенді болуына мүмкіндік береді.
Жалпы, Түркістан облысында халықты жұмыспен қамту тек сандық көрсеткіштермен шектелмей, сапалық өзгерістерге де бағытталған. Әлеуметтік тұрғыда осал топтарға – көпбалалы отбасыларға, жастарға, мүмкіндігі шектеулі азаматтарға ерекше көңіл бөлініп отыр. Осылайша өңірдің еңбек нарығында инклюзивтілік қағидаттары да сақталуда.
Қорыта айтқанда, Түркістан облысы 2025 жылы халықты жұмыспен қамту бойынша бұрын-соңды болмаған серпінді кезеңді бастан өткеруде. Алдыңғы жылдардағы тәжірибеден сабақ ала отырып, биылғы шаралар тиімді ұйымдастырылуда. Жаңа жұмыс орындарын құру, халықты еңбекке тарту, әлеуметтік көмектен өз табысын табуға бағыттау – осының бәрі өңірдегі тұрақтылық пен дамудың негізіне айналып отыр.
Ең бастысы – бұл тек ресми есептер ғана емес, өңір тұрғындарының өмір сапасына тікелей әсер ететін нақты нәтиже. Еңбек пен әлеуметтік қолдаудың үйлесімі Түркістанды тек тарихи емес, әлеуметтік тұрғыда да озық өңір етуге бағытталған.

Тілші Тогжан Габидинова
Обсудить
Другие статьи:
БАСПАСӨЗ – ХАБАРЛАМА 04 Желтоқсан 2025, Бейсенбі
ПРЕСС-РЕЛИЗ 04 Желтоқсан 2025, Бейсенбі
Добавить комментарий
Комментарии (0)
Прокомментировать