Байланысқа арналған телефондар:
» » ТҮРКІСТАН: АППАРАТ БАСШЫСЫ МАҚТААРАЛ ЖӘНЕ ЖЕТІСАЙ АУДАНДАРЫНДАҒЫ ҚҰРЫЛЫС НЫСАНДАРЫН АРАЛАДЫ

ТҮРКІСТАН: АППАРАТ БАСШЫСЫ МАҚТААРАЛ ЖӘНЕ ЖЕТІСАЙ АУДАНДАРЫНДАҒЫ ҚҰРЫЛЫС НЫСАНДАРЫН АРАЛАДЫ

30 Маусым 2025, Дүйсенбі
1 748
0


2025 жылдың 13 маусымында Түркістан облысы әкімінің аппаратының басшысы Еркебұлан Дауылбаев Мақтаарал мен Жетісай аудандарына жұмыс сапарымен барып, өңірдегі әлеуметтік нысандардың құрылыс барысын тексерді. Бұл сапар Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың халықтың өмір сүру сапасын жақсартуға бағытталған тапсырмаларын іске асыру аясында ұйымдастырылды. Сапар барысында білім беру, денсаулық сақтау, мәдениет, тұрғын үй салаларына қатысты ірі құрылыс жобалары назарға алынды.

Мақтаарал ауданындағы Атакент кентінде 1500 орындық жаңа мектептің құрылысы тексерілді. Бұл нысан "Жайлы мектеп" ұлттық жобасы аясында салынып жатыр. Мектеп 4 гектар аумақта орналасып, жалпы ауданы 14 710 шаршы метрді құрайды. Қазіргі уақытта ішкі әрлеу, абаттандыру жұмыстары жүргізілуде. Жол, интернет желісі және инфрақұрылым толық тартылған. Бұл білім ордасы жаңа оқу жылында пайдалануға беріліп, оқушыларға заманауи талаптарға сай, жайлы және қауіпсіз білім алу ортасын ұсынбақ.

Бұдан бөлек, ауданның шалғай ауылдық округтерінде де құрылыс жұмыстары жүргізілуде. Мәселен, Бірлік ауылында 200 орындық №113 мектептің құрылысы қарқынды жүруде. Сонымен қатар, Жаңажол ауылында "Нұрлы жол" мектебі салынып жатыр. Бұл мектептер халықтың сұранысын ескере отырып, демографиялық жүктемені азайтуға бағытталған. Қазіргі таңда аудан бойынша бес мектептің құрылысы жүруде. Оның екеуі биыл пайдалануға берілсе, қалған үшеуі мемлекеттік-жекеменшік әріптестік аясында іске аспақ.

Ауданның мәдени өмірі де назардан тыс қалмаған. Ынталы және Ж.Қалшораев ауылдарында мәдениет үйлері мен кітапханалар салынып жатыр. Бұл нысандар ауыл тұрғындарына мәдени-танымдық қызмет ұсынуға арналған. Олар биылғы жылы толықтай пайдалануға беріліп, жергілікті тұрғындарға рухани дамуға мүмкіндік туғызады.

Жетісай ауданында Еркебұлан Дауылбаев бірнеше нысанды аралады. Соның ішінде жылдар бойы тоқтап тұрған көпқабатты тұрғын үйлердің құрылысы қайта жанданды. Бұрын 2019 жылы басталып, тоқтап қалған екі көпқабатты тұрғын үйдің құрылысы толық қаржыландырылып, аяқталу сатысында тұр. Бұл үйлердің бірінде 60 пәтер, екіншісінде 20 пәтер қарастырылған. Құрылысты мердігер "Turan Energo group" мекемесі жүргізуде, жыл соңына дейін пайдалануға беріледі деп жоспарланып отыр.

Сонымен қатар, Жетісайда 1500 орындық тағы бір мектеп пен Жаңа буынды дамыту орталығының құрылысы жүргізілуде. Бұл орталықта балаларға арналған заманауи спорт, робототехника, өнер үйірмелері қарастырылған. Мекеме 2026 жылы толық жұмыс істейді деп жоспарланып отыр.

Бәйтерек ауылында салынып жатқан дәрігерлік амбулатория – денсаулық сақтау саласындағы ірі жобалардың бірі. Бұл нысан заманауи медициналық құрал-жабдықтармен толық жабдықталып, ауыл тұрғындарына сапалы алғашқы медициналық көмек көрсетуге бағытталған. Амбулатория қыркүйек айында пайдалануға беріледі.

Жұмыс сапары барысында облыс әкімінің аппараты басшысы мердігер ұйымдарға құрылыс жұмыстарының сапасына ерекше мән беруді тапсырды. Құрылыс кезінде тек сапалы материалдар қолданылуы, техника қауіпсіздігі талаптарының сақталуы және мемлекеттен бөлінген қаржының тиімді жұмсалуы міндеттелді.

Мұндай кешенді құрылыс және даму жұмыстары өткен жылдардағы жобалармен салыстырғанда көлемі мен бағыттары жағынан әлдеқайда ауқымды болып отыр. 2023 және 2024 жылдары тек жекелеген білім және тұрғын үй нысандары жөнделсе немесе қайта салынса, биылғы жұмыстар әлеуметтік инфрақұрылымды кешенді түрде қамтып отыр. Яғни, биыл білім беру, денсаулық сақтау, мәдениет пен тұрғын үй мәселелері жүйелі түрде қатар шешімін табуда.

Бұрын құрылыс жұмыстары көбінесе жергілікті бюджет есебінен жүргізілсе, бүгінде мемлекеттік-жекеменшік әріптестік пен инвесторлардың қатысуымен іске асырылып жатыр. Бұл құрылыс пен қызмет көрсету сапасын арттыруға және бюджетке түсетін салмақты азайтуға мүмкіндік береді.

Тұтастай алғанда, 2025 жылы Түркістан облысының Мақтаарал мен Жетісай аудандарында қолға алынған бұл жұмыстар – халықтың өмір сүру сапасын жақсартуға бағытталған кешенді реформалардың нақты көрінісі. Әлеуметтік инфрақұрылымның жаңаруы, жаңа жұмыс орындарының ашылуы және сапалы қызметтердің қолжетімді болуы – аймақтың тұрақты дамуының айқын дәлелі. Бұл бастамалар келешекте де жалғасын табатыны сөзсіз.


Тілші: Алимбетов Азамат
Обсудить
Другие статьи:
БАСПАСӨЗ – ХАБАРЛАМА 04 Желтоқсан 2025, Бейсенбі
ПРЕСС-РЕЛИЗ 04 Желтоқсан 2025, Бейсенбі
Добавить комментарий
Комментарии (0)
Прокомментировать