ТҮРКІСТАН ОБЛЫСЫ МЕН ХЭЙЛУНЦЗЯН ПРОВИНЦИЯСЫ АРАСЫНДА ІСКЕРЛІК-ЭКОНОМИКАЛЫҚ БАЙЛАНЫСТАРДЫ НЫҒАЙТУ ЖӨНІНДЕГІ МЕМОРАНДУМҒА ҚОЛ ҚОЙЫЛДЫ

6 маусым Түркістан облысының әкімі Нұралхан Көшеров пен Қытай Халық Республикасының Хэйлунцзян провинциясы вице-губернаторы Цисян Чжанның қатысуымен маңызды кездесу өтті. Бұл кездесудің басты нәтижесі – екі өңір арасындағы іскерлік-экономикалық байланыстарды нығайту жөніндегі меморандумға қол қойылуы болды. Мұндай қадам – Түркістан облысының халықаралық әріптестікте белсенді саясат ұстанып келе жатқанын көрсетеді.
Нұралхан Көшеров өз сөзінде Түркістан облысының әлеуетін таныстырып, Қытаймен ынтымақтастықтың маңыздылығын атап өтті. Оның айтуынша, Қытай Қазақстан экономикасына инвестиция тарту бойынша жетекші мемлекеттердің қатарында және осы бағыттағы серіктестік жылдан-жылға артып келеді. Түркістан облысы географиялық тұрғыда тиімді орналасқан – Жібек жолының бойында орналасуы, табиғи климаттық жағдайының қолайлығы және ауыл шаруашылығымен жыл бойы айналысу мүмкіндігі шетелдік инвесторлар үшін үлкен қызығушылық тудырады. Облыста қазіргі таңда 15 индустриалды аймақ және жалпы аумағы 4000 гектарды құрайтын «Turan» арнайы экономикалық аймағы жұмыс істейді. Бұл алаңдарда шетелдік және отандық инвесторларға дайын инфрақұрылыммен жабдықталған өндірістік алаңдар ұсынылады.
Облыс басшысы сөзінде Түркістанның экономикалық негізгі бағыты – ауыл шаруашылығы мен туризм екенін баса айтты. Мақта мен ет өнімдерін экспорттау бағытында бірқатар табысты жобалар жүзеге асуда. Сонымен қатар, қазіргі таңда өңірде «Шағын өнеркәсіптік парктер» құру бастамасы жүзеге асып, бұл жоба аясында жергілікті кәсіпкерлерге инфрақұрылыммен қамтамасыз етілген шағын өндіріс орындары ұсынылуда. Бұл бастама өңір экономикасын әртараптандыруға және жаңа жұмыс орындарын құруға бағытталған.
Хэйлунцзян провинциясының вице-губернаторы Цисян Чжан Түркістан облысының даму қарқынына жоғары баға беріп, екіжақты ынтымақтастықты жаңа деңгейге көтеруге дайын екенін білдірді. Ол Қытай тарапы Түркістандағы индустриалды аймақтарда жаңа жобаларды жүзеге асыруға, сондай-ақ ауыл шаруашылығы, сауда, туризм, логистика салаларында тәжірибе алмасуға мүдделі екенін атап өтті.
Бұл келісім Түркістан мен Қытай арасындағы бұрынғы байланыстардан ауқымды әрі мазмұнды. Мысалы, 2022 жылы ауыл шаруашылығында ынтымақтастық орнату бойынша келіссөздер жүргізілсе де, нақты өндірістік немесе инвестициялық жобалар қолға алынбаған болатын. Ал 2025 жылғы меморандум – дайын инфрақұрылым мен индустрияны қамтитын толыққанды келісім. Бұған дейінгі кездесулер тек аграрлық сала шеңберінде шектелсе, бүгінде тараптар өндіріс, логистика, өңдеуші өнеркәсіп, аграрлық цифрландыру және білім беру салаларында да серіктестік орнатуға ниетті.
Осы меморандумның нәтижесінде Түркістан облысында жаңа өндіріс орындары ашылып, халықты жұмыспен қамту мәселесі жақсарады. Қытайлық технологиялар мен тәжірибенің тартылуы арқылы өңірде заманауи өндірістік жүйелер қалыптасады. Бұл өңір экономикасының сапалы өсуіне ықпал етеді. Сонымен қатар, ауыл шаруашылығында жаңа технологияларды енгізу арқылы өнім сапасы артып, экспорттық әлеует кеңейеді.
Келісім тек экономикалық емес, әлеуметтік даму үшін де маңызды. Мысалы, кәсіби білім беру мен кадр дайындау саласында тәжірибе алмасу басталады. Түркістан жастары үшін Қытайда білім алу, тағылымдамадан өту, ғылыми тәжірибе алмасу мүмкіндіктері пайда болады. Бұл өз кезегінде өңірдің адами капиталын нығайтуға сеп болады.
Инвестициялық ынтымақтастықтың алғашқы нақты нәтижелері қазірдің өзінде байқалуда. Мысалы, Созақ ауданында 140 млрд теңгеге бағаланған фосфорит өңдеу зауытының құрылысы басталды. Бұл жоба жылына 1,6 млн тонна өнім өндіретін қуатқа ие болып, 1000 жаңа жұмыс орнын ашуды көздейді. Мұндай жобалар меморандумның іске асып жатқандығының нақты дәлелі.
Қорыта айтқанда, Түркістан облысы мен Хэйлунцзян провинциясы арасындағы жаңа келісім – өңірдің дамуына серпін беретін маңызды қадам. Бұл бастама Түркістанның инвестициялық тартымдылығын арттырып қана қоймай, халықтың өмір сүру сапасын арттыруға, әлеуметтік-экономикалық тұрақтылықты нығайтуға зор үлес қоспақ. Екі жақты сенім мен нақты жобаларға негізделген бұл әріптестік болашақта Қазақстан мен Қытай арасындағы өңіраралық байланыстың үлгілі моделіне айналуы мүмкін.
Тогжан Габидинова
Похожие материалы:




