ШАРДАРА, КЕЛЕС АУДАНДАРЫНДА ӘЛЕУМЕТТІК НЫСАНДАРДЫҢ ҚҰРЫЛЫСЫ ҚАРҚЫН АЛДЫ
Түркістан облысында мемлекеттік бағдарламалар мен инфрақұрылымдық жобалардың сапалы орындалуын бақылау мақсатында облыс әкімдігі аппаратының басшысы Еркебұлан Дауылбаев Шардара және Келес аудандарына жұмыс сапарымен барды. Сапар барысында әлеуметтік нысандардың құрылыс барысы, оның ішінде мектептер, тұрғын үйлер, спорт нысандары мен инфрақұрылым жүйелері тексерілді.Шардара ауданындағы маңызды нысандардың бірі – жағажайға апаратын жол. Бұл жол туризмді дамытуға бағытталған жобалардың бірі саналады. Құрылыс жұмыстары белсенді жүргізіліп, жолдың сапасына қатысты нақты тапсырмалар берілді. Сонымен қатар, «Өтеғұл» шағын ауданында салынып жатқан 300 орындық жаңа мектептің құрылыс сапасы тексерілді. Мердігерге құрылыс мерзімін сақтау және барлық қауіпсіздік талаптарын орындау бойынша нақты талаптар қойылды.
Ауданның «Болашақ» шағынауданында бой көтеріп жатқан бес қабатты, 60 пәтерлі тұрғын үй де назардан тыс қалған жоқ. Бұл тұрғын үй жеке инвестиция арқылы салынуда. Құрылыстың аяқталуы өңірдегі тұрғын үй тапшылығын азайтып, жас отбасыларға жаңа мүмкіндік береді. Сонымен қатар, санитарлық және экологиялық жағдайды жақсартуға бағытталған жұмыстар да жүргізілуде. Бұрын қоқыс үйіндісі болған аумақтар тазартылып, абаттандырылуда.
Келес ауданындағы жұмыс сапары барысында Абай ауылында орналасқан бірқатар әлеуметтік нысандар қаралды. Мұнда «Жайлы мектеп» бағдарламасы аясында 600 орындық жаңа мектеп, спорт кешені мен 16 пәтерлі тұрғын үй кешені салынып жатыр. Біртілек ауылында 300 орындық мектеппен қатар балалар мен жастарға арналған дамыту орталығы мен мұражайдың құрылысы басталған. Бұл жобалар ауылдағы білім беру және мәдени инфрақұрылымды дамытудың маңызды қадамы.
Облыс әкімдігінің басты мақсаты – аталған нысандардың сапалы әрі мерзімінде пайдалануға берілуін қамтамасыз ету. Құрылыс жұмыстарын тексеру барысында сапа мен қауіпсіздік талаптарының сақталуы, құрылыс материалдарының стандартқа сай болуы және инженерлік желілермен қамтамасыз етілуі жіті қадағаланды. Тұрғындардың өмір сүру сапасын арттыруға бағытталған бұл жұмыстар – әлеуметтік әділеттілік пен аймақтық теңгерімділікті қамтамасыз етудің басты тетігі.
Жергілікті халықпен кездесу кезінде тұрғындар жаңа құрылыс нысандарының ауыл өміріне оң ықпал ететініне сенім білдіріп, бастамаларды қолдайтынын айтты. Бұл өз кезегінде әкімдік пен халық арасындағы сенімді арттырып, мемлекеттік бағдарламаларға деген оң көзқарас қалыптастыратыны анық.
Өткен жылдармен салыстырғанда Шардара мен Келес аудандарындағы құрылыс қарқыны мен сапасы айтарлықтай өзгерген. Мысалы, 2022 жылы бірнеше мектеп пен мәдениет үйінің құрылысы кешігіп, жобалардың орындалу мерзімдері кейінге шегерілген болатын. Мердігерлер тарапынан келісімшарт міндеттемелерін толық орындамау, материал жетіспеушілігі мен техникалық ақаулар жиі кездескен. Сол себепті облыстық деңгейде мониторинг және бақылау жүйесі күшейтіліп, құрылыс саласына жаңа талаптар енгізілді.
2024 жылдан бастап облыс әкімдігі жобалардың әр кезеңін жеке-жеке бақылауға алып, жауапты тұлғалардың жұмысын нақты нәтижемен бағалай бастады. Бұл тәсіл өзін-өзі ақтап келеді. Қазіргі таңда құрылыс сапасы жақсарып, нысандар уақтылы аяқталып жатыр. Сонымен бірге инженерлік инфрақұрылым жобалары – су, жарық, кәріз жүйелері – толық қамтамасыз етілуі үшін жергілікті бюджет пен инвестиция есебінен қосымша қаражат бөлінуде.
Жаңадан салынып жатқан мектептерде заманауи қауіпсіздік жүйелері, мүмкіндігі шектеулі балаларға арналған қолжетімділік шешімдері қарастырылып отыр. Тұрғын үй құрылыстары да қазіргі экологиялық және әлеуметтік стандарттарға сай жүргізілуде. Бұл – елді мекендердің келешекте заман талабына сай өмір сүру ортасына айналуының кепілі.
Қорыта айтқанда, Түркістан облысында әлеуметтік инфрақұрылымды дамыту бағытындағы жұмыстар жүйелі түрде жалғасып келеді. Шардара мен Келес аудандарында жүзеге асырылып жатқан құрылыс жобалары өткен жылдармен салыстырғанда анағұрлым қарқынды әрі сапалы жүргізілуде. Мұның барлығы өңір халқының әлеуметтік жағдайын жақсартуға, тұрмыс сапасын арттыруға бағытталған маңызды бастамалар болып табылады.
Тілші Тогжан Габидинова
Обсудить
Другие статьи:
БАСПАСӨЗ – ХАБАРЛАМА
04 Желтоқсан 2025, Бейсенбі
ПРЕСС-РЕЛИЗ
04 Желтоқсан 2025, Бейсенбі
Шымкентте студенттер экологиялық бастамаларды талқылады
03 Желтоқсан 2025, Сәрсенбі
Похожие материалы:
26 Маусым 2025, Бейсенбі
Түркістан облысы әкімінің орынбасары Бейсенбай Тәжібаев Түлкібас, Сайрам және Төлеби аудандарына іссапармен барып, бірқатар мектептердің құрылыс-жөндеу жұмыстарымен және жазғы сауықтыру лагерлерінің дайындығымен танысты.
30 Маусым 2025, Дүйсенбі
ТҮРКІСТАН: АППАРАТ БАСШЫСЫ МАҚТААРАЛ ЖӘНЕ ЖЕТІСАЙ АУДАНДАРЫНДАҒЫ ҚҰРЫЛЫС НЫСАНДАРЫН АРАЛАДЫ
Комментарии (0)



