Байланысқа арналған телефондар:
» Жол-көлік колледжінің студенттерімен «ЗАҢ МЕН ТӘРТІП» ҚАҒИДАСЫ АЯСЫНДА КЕЗДЕСУ ӨТТІ

Жол-көлік колледжінің студенттерімен «ЗАҢ МЕН ТӘРТІП» ҚАҒИДАСЫ АЯСЫНДА КЕЗДЕСУ ӨТТІ

05 Қараша 2025, Сәрсенбі
1 387
0

Жол-көлік колледжінің студенттерімен  «ЗАҢ МЕН ТӘРТІП» ҚАҒИДАСЫ АЯСЫНДА КЕЗДЕСУ ӨТТІ

Қазіргі таңда қоғамдағы құқықтық мәдениетті арттыру, жастарды заңға бағыну мен тәртіпті сақтауға үйрету – Қазақстанда жүзеге асырылып келе жатқан мемлекеттік саясаттың маңызды бағыттарының бірі. Жас буынның құқықтық сауатын нығайту, оларды қоғам өміріне белсенді әрі жауапкершілікпен араласуға шақыру – болашақтың қауіпсіздігі мен тұрақтылығын қамтамасыз ететін басты қадам. Осы мақсатта Шымкент қаласында жүйелі түрде түрлі тәрбиелік және түсіндіру шаралары өткізілуде.

5 қараша 2025 жылы Шымкент қаласы ішкі саясат және жастар істері жөніндегі басқармасының «Жастар ресурстық орталығы» коммуналдық мемлекеттік мекемесі Жол-көлік колледжінің студенттерімен «Заң мен тәртіп» тақырыбында маңызды кездесу ұйымдастырды. Аталған шараның мақсаты – жастар арасында құқық бұзушылықтың алдын алу, алаяқтық әрекеттерден сақтандыру және заңға құрметпен қарау мәдениетін нығайту.

Кездесуге «Жастар ресурстық орталығы» КММ-нің қызметкері Аружан Бақытқызы, Шымкент қаласы бойынша Экономикалық тергеп-тексеру департаментінің аса маңызды істер жөніндегі жедел уәкілі Жақсыбай Жарылқасын, Әл-Фараби ауданы прокуратурасының бөлім прокуроры Асқар Турдимуратович Әлімбеков және Шымкент қаласы Полиция департаментінің Тұран ауданы полиция басқармасы ҚҚБ ЮПБ УПН полиция капитаны Нұржігіт Ербосынович Молдыбаев қатысты. Бұл мамандар заң саласында үлкен тәжірибесі бар азаматтар ретінде студенттермен ашық сұхбат құрып, құқықтық жауапкершіліктің маңызын жан-жақты түсіндірді.

Іс-шара барысында спикерлер жастарға құқықтық нормаларды бұзудың қандай салдарға әкелетінін нақты мысалдармен жеткізді. Соңғы жылдары жастар арасында орын алып отырған алаяқтық пен киберқылмысқа қатысу жағдайлары жиілегені айтылды. Әсіресе интернет арқылы жылдам табысқа қызығатындар бейтаныс адамдарға сеніп, өздері қылмысқа тартылуы немесе соның құрбанына айналуы мүмкін екеніне тоқталды. Экономикалық тергеп-тексеру департаментінің жедел уәкілі Жақсыбай Жарылқасын студенттерге қаржы пирамидалары, онлайн кредит рәсімдеу, жалған инвестициялық платформалар сияқты алдау тәсілдері туралы ескертті. Қандай да бір күмәнді ұсынысқа тап болған жағдайда үлкендермен кеңесу, құқық қорғау органдарына жүгіну қажеттігі түсіндірілді.

Сондай-ақ, прокуратура өкілі Асқар Турдимуратович жастарға құқық бұзушылық үшін жауапкершілік жасына байланысты қаралатынын айтып, әкімшілік және қылмыстық жауапқа тарту тәртібін нақты мысалдармен түсіндірді. Ол: «Әрбір іс-әрекеттің артында міндетті түрде салдары тұрады. Жасөспірім болсаңыз да, заң сізге жеңілдік бермейді. Сондықтан кез келген әрекетке саналы түрде баруға үйрену қажет», – деп атап өтті.

Полиция капитаны Нұржігіт Ербосынович қоғамдық орындардағы тәртіп, жол қауіпсіздігі, жастар арасындағы төбелес пен бұзақылықтың алдын алу тақырыбында сөз қозғады. Ол студенттерді полициямен әрдайым ашық байланыста болуға, құқықтық тәртіпті сақтауға шақырды. Сонымен қатар, жастардың әлеуметтік желілердегі жауапкершілігіне ерекше тоқталып: «Интернеттегі жазба да – әрекет. Әр пікіріңіз үшін де жауап бересіз», – деген маңызды ой айтты.

Кездесу барысында жастар белсенділік танытып, мамандарға өздерін мазалаған сұрақтарын қойды. Студенттер негізінен жұмыспен қамтудағы алаяқтық, оқу орындарында кездесетін буллингтің алдын алу, жеке деректерді қорғау және өзін-өзі заңды тұрғыдан қорғау жолдарына қатысты сұрақтар қойды. Сарапшылар олардың әр сұрағына жан-жақты әрі түсінікті жауап беріп, қажетті кеңестерімен бөлісті.

«Жастар ресурстық орталығы» қызметкері Аружан Бақытқызы құқықтық ақпараттан бөлек, жастардың бос уақытын тиімді пайдалану, еріктілік қозғалысына қатысу, түрлі мәдени-спорттық жобаларға араласу арқылы құқықбұзушылықтан аулақ болуға болатынын түсіндірді. Оның айтуынша, белсенді жастар қашанда өз орнын тауып, қоғамға пайдалы істермен айналысады, ал бұл қадам олардың құқыққа қайшы әрекеттерден бойын аулақ ұстауына көмектеседі.

Шара тек қана ақпарат берумен шектелмей, студенттерге заң талаптарын сақтаудың өмірлік маңызы бар екені кеңінен насихатталды. Жастар — еліміздің болашағы, сондықтан олардың құқықтық сауаты жоғары болуы, өз құқығын қорғай білуі және міндеттерін дұрыс орындауы — мемлекеттің дамуы үшін аса маңызды.

Кездесу соңында қатысушылар ұйымдастырушыларға алғыс білдіріп, құқықтық мәдениеті қалыптасқан, өз елінің заңдарын құрметтейтін азамат болуға уәде етті. Мамандар тарапынан студенттерге құқықтық тақырыпта дайындалған ақпараттық жадынама таратылды.

Мұндай шаралар жастардың құқықтық білімін арттырып қана қоймай, олардың қоғамдағы рөлі мен жауапкершілігін терең түсінуіне ықпал етеді. «Заң мен тәртіп» қағидасын ұстану – әр азаматтың парызы. Тәртіп бар жерде – тұрақтылық, тұрақтылық бар жерде – даму бар. Сондықтан да құқықтық тәрбиені күшейту жұмыстары алдағы уақытта да үздіксіз жалғасын табады.

Заңды білу – өз құқығыңды қорғау!
 Тәртіпке бағынған құл болмайды – тәртіпсіз ел болмайды!

Обсудить
Другие статьи:
БАСПАСӨЗ – ХАБАРЛАМА 04 Желтоқсан 2025, Бейсенбі
ПРЕСС-РЕЛИЗ 04 Желтоқсан 2025, Бейсенбі

Похожие материалы:

Добавить комментарий
Комментарии (0)
Прокомментировать