Байланысқа арналған телефондар:
» » Шымкентте жылыту маусымындағы өрт пен газ қауіпсіздігін күшейту жұмыстарының қорытындысы шығарылды

Шымкентте жылыту маусымындағы өрт пен газ қауіпсіздігін күшейту жұмыстарының қорытындысы шығарылды

10 Ақпан 2026, Сейсенбі
13
0
Шымкентте жылыту маусымындағы өрт пен газ қауіпсіздігін күшейту жұмыстарының қорытындысы шығарылды
Бүгін Шымкент қаласының Өңірлік коммуникациялар қызметі алаңында жылыту маусымындағы қауіпсіздік шараларының қорытындысына арналған брифинг өтті. Жиында Шымкент қаласы Төтенше жағдайлар департаментінің Мемлекеттік өрт бақылау басқармасы бастығының міндетін уақытша атқарушы, азаматтық қорғау майоры Ордабек Рауан Нұрлыбекұлы және қалалық орта сапасы және бақылау басқармасы басшысының орынбасары Абдинұров Мәлік Құттымбетұлы атқарылған жұмыстар мен өзекті мәселелерге тоқталды.

Брифинг барысында мәлім болғандай, 2025–2026 жылдардағы жылыту маусымында Шымкент қаласында өрт пен улы газдан уланудың алдын алу мақсатында ауқымды профилактикалық іс-шаралар жүргізілді. Қала аумағында 62 589 тұрғын үй араланып, 148 385 тұрғынға өрт қауіпсіздігі мен газдан сақтану талаптары түсіндірілді. Оның ішінде әлеуметтік осал санаттағы 1 073 отбасы қамтылды.

Аудан әкімдіктерімен бірлесіп әлеуметтік осал топтардың нақты тізімі жасақталып, олармен мақсатты жұмыстар атқарылды. Нәтижесінде 123 газдануды анықтайтын құрылғы орнатылып, 55 тұрғын үйдің мұржасы тазартылды.

Халықты ақпараттандыруға да ерекше мән берілді. Бұқаралық ақпарат құралдарында 293 материал жарияланып, шағын аудандарда дауыс зорайтқыштар арқылы 370 рет үгіт-насихат жүргізілді. Сонымен қатар, әлеуметтік желілерде 130 ақпараттық материал таратылды. Білім беру ұйымдарында 4 980 оқушыны қамтыған 103 интерактивті және ашық сабақ өткізілсе, өрт сөндіру бөлімдерінде 819 оқушы қатысқан 37 экскурсия ұйымдастырылды. Қала бойынша 6 232 тұрғынды қамтыған 190 жиын мен 84 нұсқаулық өткізілді. Сондай-ақ, 2025 жылғы 2 желтоқсанда Шымкент қалалық қуыршақ және жасөспірімдер театрында «Өрт қауіпсіздігі» тақырыбындағы қойылым көрсетіліп, оған 200-ге жуық бала қатысты. Қауіпсіздік мәдениетін арттыру мақсатында түсірілген 12 танымдық бейнеролик WhatsApp желісіндегі ата-аналар чаттары арқылы таратылды.

Қабылданған шаралар өз нәтижесін берді. Өрт саны өткен жылмен салыстырғанда 39 пайызға азайып, 81 жағдайдан 49-ға дейін төмендеді. Өрт салдарынан қаза тапқандар саны екі есеге, ал жарақат алғандар саны төрт есеге қысқарды.

Алайда жылыту маусымында табиғи және улы газбен улану жағдайларының артуы алаңдаушылық тудырып отыр. 2025 жылғы 1 қазаннан бастап «112» қызметіне газбен улану бойынша 99 хабарлама түскен. Бұл өткен жылмен салыстырғанда 18 пайызға көп. Газдан улану салдарынан қаза тапқандар саны үш есеге артқан, ал жеңіл дәрежеде уланғандар саны 28 пайызға өскен.

Мамандардың айтуынша, мұндай жағдайлардың негізгі себептері – газ су жылытқыштары мен қазандықтардың ақаулығы, дұрыс орнатылмауы, тартылыстың болмауы және газ жабдықтарына уақтылы техникалық қызмет көрсетілмеуі.

Осыған байланысты қалада газ қауіпсіздігін күшейту бағытында жүйелі жұмыстар жалғасуда. Қалалық орта сапасы және бақылау басқармасына қарасты «Шымкент қалалық газ техникалық қызметі» коммуналдық мемлекеттік мекемесі тарапынан қауіпті аймақтар анықталып, «қызыл аймақ» және «тәуекел аймақтар» белгіленді. Қызыл аймаққа «Самал-3», «Ақжайық», «Нұрсәт», «Күншығыс», «Қайтпас», «8 шағын аудан» кірсе, тәуекел аймақтар қатарында «Самал-1, 2», «11 шағын аудан», «Сайрам», «17 шағын аудан», «Көксай», «Қызылжар», «112 орам», «5 шағын аудан», «Қарасу» бар. Аталған аумақтарда газ қауіпсіздігі талаптарының сақталуына ерекше бақылау қойылған.

2025 жылы қала бойынша 231 014 тұрғын үйде, оның ішінде 105 533 көпқабатты және 125 481 жеке тұрғын үйде, сондай-ақ 3 185 кәсіпкерлік нысанда профилактикалық іс-шаралар өткізілді. Нәтижесінде газ қауіпсіздігі бойынша 231 мың дана жадынама таратылды. Ал 2026 жылы 39 372 тұрғын үй мен 159 кәсіпкерлік нысанда түсіндіру жұмыстары жүргізіліп, 32 мың дана жадынама таратылды.

Сонымен қатар, газ тұтыну және газ жабдықтарын пайдалану қауіпсіздігі талаптарын бұзған азаматтарға қатысты әкімшілік шаралар қолданылуда. 2025 жылы ҚР Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодексінің 306-бабы бойынша 117 адам, 305-бабы бойынша 19 адам әкімшілік жауапкершілікке тартылып, жалпы айыппұл сомасы 2 миллион теңгеден асты. Ал 2026 жылы осы баптар бойынша 36 тұлға жауапкершілікке тартылды.

Мамандар тұрғындарды газ және жылыту жабдықтарын пайдалану кезінде қауіпсіздік талаптарын қатаң сақтауға, ақаулар анықталған жағдайда тиісті қызметтерге жедел хабарлауға шақырады.
Обсудить
Добавить комментарий
Комментарии (0)
Прокомментировать