Байланысқа арналған телефондар:
» » СУ ҚАУІПСІЗДІГІ – ОРТАЛЫҚ АЗИЯНЫҢ ОРТАҚ БОЛАШАҒЫ

СУ ҚАУІПСІЗДІГІ – ОРТАЛЫҚ АЗИЯНЫҢ ОРТАҚ БОЛАШАҒЫ

22 Сәуір 2026, Сәрсенбі
9
0
СУ ҚАУІПСІЗДІГІ – ОРТАЛЫҚ АЗИЯНЫҢ ОРТАҚ БОЛАШАҒЫ
Қасым-Жомарт Тоқаев Орталық Азиядағы су мәселесін тек аймақтық емес, жаһандық маңызы бар стратегиялық міндет ретінде қарастыруға шақырды. Оның айтуынша, су ресурстары төңірегіндегі түйткілдер ұлттық шеңберден шығып, халықаралық қоғамдастықтың назарын қажет ететін өзекті мәселеге айналып отыр.

Президент су, экология және орнықты даму бағытындағы жұмыстарды үйлестіру үшін Халықаралық Аралды құтқару қоры қызметін жаңғырту қажеттігін атап өтті. Қор аймақ елдері үшін тиімді платформаға айналып, ортақ мүдделерді үйлестіруге мүмкіндік беруі тиіс. Бұл ретте трансшекаралық өзендерді бірлесіп басқару, су-энергетика теңгерімін сақтау және экологиялық салдарды ескеру маңызды.

Соңғы жылдары аймақтағы елдер су мәселесінде көбіне ұлттық мүддені алға шығарып отырғаны байқалады. Соның салдарынан халықаралық ынтымақтастық әлсіреп, көршілес мемлекеттердің қажеттілігі ескерілмей келеді. Президент бұл үрдісті өзгертіп, елдердің су стратегияларын өзара үйлестіру қажеттігін айтты. Мұндай қадам су үнемдеу тәжірибелерін кеңінен енгізуге жол ашады.

Мемлекет басшысы бұған дейін Орталық Азия елдері басшыларының консультативтік кездесуінде су пайдалану жөніндегі негіздемелік конвенция қабылдауды ұсынған болатын. Бұл құжат көпжақты ынтымақтастықтың ортақ қағидаларын бекітіп, трансшекаралық су ресурстарын тиімді пайдалануға негіз болмақ.

Су саласын цифрландыру да басты басымдықтардың бірі ретінде белгіленді. Атап айтқанда, Сырдария мен Әмудария бассейндерінде бірыңғай автоматтандырылған мониторинг жүйесін енгізу ұсынылды. Бұл деректердің ашықтығын қамтамасыз етіп, су ресурстарын тиімді басқаруға мүмкіндік береді. Қазіргі таңда Қазақстан мен Өзбекстан Сырдария бойындағы бірқатар учаскелерді автоматтандыру жұмыстарын бастап кеткен.
Сонымен қатар, су және энергетика саласындағы үйлесімділікті арттыру үшін мемлекетаралық энергетика комиссиясын құруды жеделдету қажет екені айтылды. Бұл құрылым елдерді тұрақты сумен қамтамасыз етуде маңызды рөл атқарады. Алғашқы кезеңде оның жұмысын Сырдария бассейнінде жолға қойып, кейін Арал теңізі аумағына кеңейту ұсынылды.

Президент аймақтағы ынтымақтастықтың маңыздылығына ерекше тоқталып, Қырғызстанның Қор жұмысына қайта қосылуы өңірдің орнықты дамуына оң әсер ететінін жеткізді. Сонымен қатар халықаралық ұйымдармен және донорлармен бірлескен жобаларды көбейту қажеттігі айтылды.

Жиында Біріккен Ұлттар Ұйымы аясында Халықаралық су ұйымын құру бастамасы қайта көтерілді. Бұл құрылым су қауіпсіздігін қамтамасыз ету үшін жаһандық күш-жігерді біріктіруге бағытталған. Сондай-ақ Арал бассейні мен өңірдегі ірі өзендерге арналған халықаралық күндер белгілеу ұсынылды.

Президент сөзінің қорытындысында Арал мәселесі тек экологиялық дағдарыс емес, сонымен қатар аймақ елдерінің ынтымақтастығының сынға түсетін тұсы екенін атап өтті. Оның пікірінше, Орталық Азияның болашағы елдер арасындағы сенімді диалог пен өзара қолдауға тікелей байланысты. Су – тек ресурс емес, өңір халықтарының өмір сапасы мен келешегінің негізі.
Обсудить
Добавить комментарий
Комментарии (0)
Прокомментировать