Байланысқа арналған телефондар:
» » Әскери әзірлікті тексеру: ауқымды оқу-жаттығулар

Әскери әзірлікті тексеру: ауқымды оқу-жаттығулар

26 Маусым 2025, Бейсенбі
1 614
0
2025 жылғы 2–5 маусым аралығында Түркістан облысының аумағында Қазақстан Республикасы Қорғаныс министрлігінің жазғы оқу-жаттығу жоспарына сәйкес қарулы күштердің әскери дайындық деңгейі тексерілді. Ауқымды оқу-жаттығу шарасына өңірлік әскери бөлімшелер мен басқа облыстардан тартылған жеке құрам қатысты.Жаттығулардың басты мақсаты – әскерді дабыл бойынша шұғыл көтеру, орналасу пункттерінен оқу полигонына дейін әскери техниканы маршпен жеткізу, бөлімшелер арасындағы үйлесімділікті арттыру және командирлердің басқару дағдыларын пысықтау болды. Жағдай шынайы әскери ахуалға барынша жақын етіп жасалды. Бұл – жеке құрамның тәртібін, жауапкершілігін, командалық жұмыстағы үйлесімділігін арттыруға бағытталған тиімді тәжірибе.
Әскери техникалардың қозғалысы белгіленген бағыттармен, қауіпсіздік талаптарын сақтай отырып жүргізілді. Қорғаныс министрлігі азаматтарға алаңдамауды, жаттығулардың тек оқу мақсатына бағытталғанын және жалған ақпарат таратпау қажеттігін ескертті. Марш кезінде брондалған техникалар мен автокөлік колонналары қатыстырылып, әскери бөлімдердің логистикасы мен техникамен қамтамасыз етілу деңгейі де сынақтан өтті.
Жаттығу бағдарламасына түрлі тактикалық тапсырмалар енгізілді. Жеке құрам белгіленген уақытта оқу полигонына жетіп, ұрыс жағдайына жақын сценарийлермен жұмыс жасады. Олар қауіпке шұғыл әрекет етуді, тосқауыл қоюды, қорғаныс шептерін ұйымдастыруды, диверсиялық әрекеттерге қарсы іс-қимылды және инженерлік тосқауылдар орнатуды пысықтады. Әр әскери қызметшінің және командирдің өз орнын дұрыс түсінуі, бұйрықты нақты орындауы басты назарда болды.
Жаттығулар барысында әскери бөлім командирлерінің әрекеттері де қатаң бағаланды. Қарулы күштердегі табыстың бір ұшы – басшылықтың шешім қабылдай білуінде, нақты әрі түсінікті бұйрық беріп, бөлімшені дұрыс бағыттай алуында. Жауапкершілік тек сарбаздарда емес, командалық құрамда да үлкен рөл атқарады.
Бұл оқу-жаттығу кезеңі жазғы дайындық маусымының басталуына серпін берді. Әскери дайындық тек шеберлікті шыңдау ғана емес, ол – ел қауіпсіздігін қамтамасыз етудегі басты құрал. Қоғам тарапынан мұндай шараларға түсіністікпен қарап, сабыр сақтау – ел ішіндегі тұрақтылықтың белгісі.
Оқу-жаттығулар нәтижесінде бөлімдердің маневрлік қабілеті артты, әрекет ету жылдамдығы жақсарды, әскери міндеттерді орындаудағы тәжірибе нығайды. Мұндай жаттығулар Қарулы күштердің кәсіби деңгейін арттырып, мемлекеттің қорғаныс әлеуетін одан әрі күшейтеді.

Тілші: Тогжан Габиденова
Обсудить
Другие статьи:
БАСПАСӨЗ – ХАБАРЛАМА 04 Желтоқсан 2025, Бейсенбі
ПРЕСС-РЕЛИЗ 04 Желтоқсан 2025, Бейсенбі
Добавить комментарий
Комментарии (0)
Прокомментировать