Байланысқа арналған телефондар:
» » ТҮРКІСТАН: ҚАЗЫҒҰРТТАҒЫ ӘЛЕУМЕТТІК НЫСАНДАРДЫҢ ҚҰРЫЛЫСЫ ҚАДАҒАЛАНДЫ

ТҮРКІСТАН: ҚАЗЫҒҰРТТАҒЫ ӘЛЕУМЕТТІК НЫСАНДАРДЫҢ ҚҰРЫЛЫСЫ ҚАДАҒАЛАНДЫ

08 Шілде 2025, Сейсенбі
1 728
0

2025 жылдың шілде айының басында Түркістан облысы әкімінің орынбасары Бейсенбай Тәжібаев Қазығұрт ауданындағы бірқатар әлеуметтік нысандарды аралап, білім беру және денсаулық сақтау салаларындағы құрылыс пен жөндеу жұмыстарының барысымен танысты. Бұл іссапар өңірдің әлеуметтік инфрақұрылымын жаңғыртуға бағытталған нақты қадамдардың бірі ретінде бағаланып отыр. Қазығұрт ауданындағы бірнеше мектепке жөндеу жұмыстары жүргізіліп жатқаны және жаңа білім беру мекемелерінің құрылысы басталғаны белгілі болды.

Қызылдала ауылындағы мектеп 2009 жылы салынған. Қазіргі таңда бұл мектеп реновация тізіміне еніп, толыққанды жөндеуден өтуде. Екі ауысымда оқып жатқан 314 оқушы үшін білім беру жағдайларын жақсарту мақсатында қолға алынған жұмыстарды «Kemel Stroy Group» ЖШС жүргізіп жатыр. Жөндеу жұмыстары тамыздың ортасына дейін аяқталады деп жоспарланып отыр. Мұндай уақытылы жаңарту жаңа оқу жылына жақсы жағдайда кіруге мүмкіндік береді. Атбұлақ мектебі де ағымдағы жөндеуден өтуде. Ғимарат 2007 жылы пайдалануға берілген, бүгінде мұнда 660 орын бар. Қазіргі таңда екі ауысымда 618 оқушы білім алып жатыр. Мердігер мекеме ретінде «NDS SERVICE» ЖШС жұмыс атқаруда. Жөндеу жұмыстары толық аяқталғаннан кейін балалар жаңғыртудан өткен мектепте жаңа оқу жылын бастайды.

Шарбұлақ ауылында биылғы наурыз айында 300 орындық жаңа мектептің құрылысы басталды. Мектеп құрылысы 2026 жылы аяқталады деп жоспарланып отыр. Қазіргі таңда құрылыс алаңында 30-ға жуық жұмысшы еңбек етуде. Бұл нысанның құрылысы «Ar Kua Group» ЖШС мердігер мекемесіне жүктелген. Аталған жобаның жүзеге асуы ауыл балалары үшін қолжетімді, заманауи білім ордасына айналмақ. Ақбастау мектебі 1985 жылы салынған, бүгінге дейін үш ғимараты бой көтерген. Бірінші ғимаратына 2013 жылы жөндеу жүргізілгенімен, екінші және үшінші ғимараттары әлі де күрделі жөндеуді қажет етеді. Аудан әкімдігі бұл мәселені назардан тыс қалдырмай, болашақта оны да кезең-кезеңімен шешуге уәде берді.

Сарапхана елді мекенінде инвестор қаражаты есебінен 500 орындық жаңа мектеп бой көтеруде. Бұл жоба да жыл соңына дейін аяқталып, пайдалануға берілмек. Ауылда мектепке деген сұраныс жоғары болғандықтан, бұл нысан жергілікті халық үшін ерекше маңызды. Мемлекет пен жеке сектор арасындағы ынтымақтастықтың нәтижесінде жүзеге асып жатқан бұл мектеп – жеке инвестициялардың әлеуметтік салаға бағытталуының айқын мысалы.

Әлеуметтік инфрақұрылымды дамыту денсаулық сақтау саласын да қамтиды. Іссапар барысында Бейсенбай Тәжібаев Рабат ауылындағы орталық ауруханаға барып, мекеменің жағдайымен танысты. Елді мекенде 8300-ден астам халық тұрады, ал аурухана жылына 500-ге жуық науқас қабылдайды. 2007 жылы қолданысқа берілген бұл медициналық мекемеде 54 қызметкер жұмыс істейді. Аурухана ғимараты тозығы жеткен. Шатыры мен қасбеті жөндеуді қажет етеді, инженерлік желілер де ескірген. Бұрын табиғи газбен жылытылып келген нысан 2023 жылы жаңа қазандыққа ауыстырылған. Қазіргі таңда шатырды жөндеу, инженерлік жүйелерді жаңарту және аурухана сыртын әрлеу жұмыстары басталып кетті. Бұл жөндеулер тұрғындарға сапалы медициналық қызмет көрсетуге мүмкіндік береді.

Қазығұрт ауданындағы бұл нысандарда жүргізіліп жатқан жұмыстарды өткен жылдардағы инфрақұрылымдық жобалармен салыстырар болсақ, 2025 жылғы қарқын мен ауқым айтарлықтай кең екенін байқауға болады. Бұрынғы жылдары жөндеу жұмыстары көбіне тек бір мектептің немесе бір ғимараттың белгілі бір бөлігін қамтитын. Ал биылғы жұмыстар кешенді түрде жүргізілуде, яғни бірнеше нысан қатар жөндеуден өтуде және жаңадан салынып жатқан білім ошақтарының саны артты. Бұған қоса, бұрын тек мемлекеттік қаржы есебінен атқарылатын жобаларға енді жеке инвесторлар да қатысып отыр. Бұл жергілікті биліктің инвестициялық әріптестікті нығайту жолында маңызды қадамдар жасап жатқанын көрсетеді.

Мұндай әлеуметтік нысандардың жаңаруы және жаңадан салынуы – тек инфрақұрылымды жақсарту ғана емес, сонымен қатар аудан тұрғындарының өмір сапасын арттырудың да тікелей жолы. Білім беру мен денсаулық сақтау салаларына бағытталған әр инвестиция – болашақтың кепілі. Жөндеуден өткен және жаңадан ашылған мектептер мен ауруханалар жастардың сапалы білім алуына, тұрғындардың уақтылы әрі сапалы медициналық көмек алуына жол ашады. Сонымен қатар, құрылыс пен жөндеу жұмыстары жаңа жұмыс орындарын ашып, жергілікті халықтың табысын арттыруға да сеп болады. Осылайша, әлеуметтік нысандарды жаңғырту мен дамыту Түркістан облысының әлеуметтік-экономикалық өсіміне өз ықпалын тигізіп келеді. Бұл жүйелі жұмыстың нәтижесі уақыт өте өңірдегі жалпы өмір сапасының артуына, халықтың мемлекетке деген сенімінің нығаюына алып келеді.


Тілші Тогжан Габидинова
Обсудить
Другие статьи:
БАСПАСӨЗ – ХАБАРЛАМА 04 Желтоқсан 2025, Бейсенбі
ПРЕСС-РЕЛИЗ 04 Желтоқсан 2025, Бейсенбі

Похожие материалы:

Добавить комментарий
Комментарии (0)
Прокомментировать