Байланысқа арналған телефондар:
» » Шымкенттің экономикалық және әлеуметтік дамуы айтарлықтай жетістіктерге жетіп, қаланың әрі қарай өркендеуі үшін қуатты негіз қалауда.

Шымкенттің экономикалық және әлеуметтік дамуы айтарлықтай жетістіктерге жетіп, қаланың әрі қарай өркендеуі үшін қуатты негіз қалауда.

14 Желтоқсан 2024, Сенбі
36
0
   Шымкент қаласының 2024 жылғы әлеуметтік-экономикалық даму көрсеткіштері оң динамикаға ие болып, көптеген салаларда маңызды жетістіктерге қол жеткізілгенін көрсетеді. Мемлекет басшысы өз Жолдауында өнеркәсіп әлеуетін толық пайдалану, экономикалық өсімді ынталандыру және қоғамдық оптимизмді қалыптастыру қажеттігін атап өткен болатын. Осы бағытта Шымкент қаласы белсенді түрде өнеркәсіп, ауыл шаруашылығы, құрылыс, сауда, көлік қызметі сияқты негізгі секторларда оң өзгерістер мен өсімді қамтамасыз етіп отыр.
   Қаладағы абаттандыру жұмыстарында да айтарлықтай жетістіктерге қол жеткізілді. Шаяхметов көшесінде жаңа гүлзар мен демалыс орындарының ашылуы тұрғындар үшін қолайлы ортаны қалыптастырды. Мұндай жобалар қала көркін арттырып қана қоймай, тұрғындардың өмір сапасын жақсартуға да ықпал етуде. 

   Сонымен қатар, Шымкенттің әлеуметтік жағдайы да жақсаруда. Қандастарды қабылдау және оларды жұмысқа орналастыру бойынша қабылданған шаралар қаланың демографиялық ахуалын жақсартуға және еңбек нарығын нығайтуға оң әсер етуде. Қандас мәртебесін алған отбасылардың көпшілігі құрылыс, сауда және басқа да салаларда еңбек етуде, ал еңбек мобильділігі орталықтары арқылы олар тұрақты жұмыс орындарына орналасып, кәсіби дағдыларын дамытуда.
   Тіркелген заңды тұлғалар саны 2024 жылғы 1 қарашадағы жағдай бойынша 29288 бірлікті құрап, өткен жылғы сәйкес кезеңдегімен салыстырғанда 2,6% көбейді, оның ішінде 100 адамнан кем қызметкерлері барлар 28850 бірлік. Жұмыс істеп тұрған заңды тұлғалар саны 23122 бірлікті, оның ішінде шағын кәсіпорындар 22694 бірлікті құрады. Қалада тіркелген шағын және орта кәсіпкерлік кәсіпорындар (заңды тұлғалар) саны 26897 бірлікті құрап, өткен жылғы сәйкес кезеңмен салыстырғанда 2,8% артты.
    Қалаға тартылған инвестициялар көлемі өсуін жалғастырып, 2024 жылдың алғашқы жартыжылдығында 536 миллиард теңгеге жетті. Бұл көрсеткіш Шымкенттің экономикалық тартымдылығын арттырып, қаланың дамуына серпін береді. Әлеуметтік салаға бөлінген бюджеттің жартысынан көбі тұрғындардың өмір сүру сапасын жақсартуға бағытталды, бұл өз кезегінде халықтың әл-ауқатын арттыруға септігін тигізді. Жалақының өсуі мен әлеуметтік көмек шаралары азаматтардың тұрмыс деңгейін жақсартуға үлес қосып, экономикалық реформалар нәтижесінде жаңа жұмыс орындары ашылды. Сонымен қатар, кәсіпкерлерге көрсетілген мемлекеттік қолдау шаралары бизнесті дамытуға оң әсерін тигізіп, шағын және орта бизнестің өсуіне ықпал етуде.
   Шымкент қаласының әлеуметтік-экономикалық дамуы еліміздің жалпы даму үдерісіне қосқан маңызды үлесі ретінде айқын көрінеді. Қала соңғы бес жылда қарқынды дамып, өнеркәсіп, құрылыс, сауда, көлік қызметтері мен әлеуметтік салада оң нәтижелерге қол жеткізді. Шымкенттің республикалық маңызы бар қала мәртебесін алғанына бес жыл толса да, қала өзінің дамуында айтарлықтай жетістіктерге жетті. Өнеркәсіп өнімінің көлемі екі есе өскен, шағын және орта кәсіпкерлік субъектілерінің саны екі есеге артқан, ал қалаға тартылған инвестициялар көлемі 3,7 есеге ұлғайған.
  Соңғы 5 жылда қала экономикасына 2,2 трлн теңге инвестиция тартылып, инвестиция көлемі 3,7 есеге өсті.
Қала аумағында орналасқан жалпы аумағы 1276 гектарды құрайтын 7 өнеркәсіптік аймақта құрылыс материалдары, ауыр металлургия, шыны өндірісі, машина жасау, жиһаз өндірісі, фармацевтика және тоқыма өнеркәсібі саласында жалпы құны 225 млрд теңгені құрайтын 8,5 мың жаңа жұмыс орнын құра отырып, 293 жоба іске асырылды. Оның ішінде ірі жобаларға тоқтала кететін болсақ: «Тассай» индустриялық аймағында машина жасау саласында Орта Азияда баламасы жоқ жалпы құны 20,1 млрд теңгені құрайтын «Asia Trafo» ЖШС-ның трансформатор зауыты 2019 жылы құрылды. Сондай-ақ еліміздегі ең ірі кілем өндіретін зауыт «Бал Текстиль» ЖШС «Оңтүстік» арнайы экономикалық аймағында жобасын сәтті іске асырып келеді. Одан бөлек, «Оңтүстік» индустриялы аймағында орналасқан «QazAlpack» зауыты – Орталық Азиядағы алюминий қалбырлар өндіру бойынша бірегей жобаны іске асырған алғашқы компания.
 Аталған жобалар қала бюджетіне 60,3 млрд теңге қаржы түсіріп, өнеркәсіптік аймақтарға кеткен 1 теңге бюджеттік инвестицияға 12,5 теңге жеке инвестиция тартылды. Cондай-ақ қаланың өнеркәсіптік өнім көлемі 1,9 есе өсті.
     Қалада инфрақұрылымдық мәселелердің шешілуі, жаңа өнеркәсіптік аймақтардың құрылуы мен кәсіпорындардың дамуы қала экономикасының әртараптануына ықпал етті. Мысалы, жаңа өнеркәсіптік жобалар мен аймақтар қала бюджетіне елеулі қаржы құйып, жұмыс орындарының көбейуіне әкелді. Сондай-ақ, спорт инфрақұрылымын дамытуға, мәдениет пен білім беру салаларына да ерекше көңіл бөлінген.
    Қорытындылай келе, Шымкенттің экономикалық және әлеуметтік дамуы айтарлықтай жетістіктерге жетіп, қаланың әрі қарай өркендеуі үшін қуатты негіз қалауда. Инвестициялар тарту, әлеуметтік қолдау шаралары және кәсіпкерлікке қолайлы жағдайлар қаланың болашағын жарқын етіп, оның еліміздегі маңызды экономикалық орталық ретінде қалыптасуына септігін тигізеді.  Бұл Шымкенттің еліміздің жетекші өңірлерінің қатарында болуына негіз бола алады.

Тілші: Кенжебаева Гаухар Жақыпқызы 

Обсудить
Добавить комментарий
Комментарии (0)
Прокомментировать