Байланысқа арналған телефондар:
» » Шымкент қаласының Еңбекші ауданында кәріз жүйелерін дамыту, автожолдарды жөндеу және көшелерді жарықтандыру бағытындағы маңызды инфрақұрылымдық жобалар жүзеге асырылуда

Шымкент қаласының Еңбекші ауданында кәріз жүйелерін дамыту, автожолдарды жөндеу және көшелерді жарықтандыру бағытындағы маңызды инфрақұрылымдық жобалар жүзеге асырылуда

13 Желтоқсан 2024, Жұма
31
0
    Шымкент қаласының Еңбекші ауданында кәріз жүйелерін дамыту, автожолдарды жөндеу және көшелерді жарықтандыру бағытындағы маңызды инфрақұрылымдық жобалар жүзеге асырылуда. Аудан тұрғындарының өмір сүру сапасын жақсарту мақсатында ауқымды жұмыстар атқарылып, жаңа жобалар қолға алынды.
    Аудан аумағында кәріз жүйесімен қамтылу көрсеткіші 41%-ды құрайды. Алайда бұл бағытта бірқатар маңызды жобалар жүзеге асуда. Ұлағат шағынауданында 2248 абонентке арналған кәріз жүйесінің құрылыс жұмыстары аяқталды. Құрылыстың кейбір бөліктерінде мәселелер туындап, оларды экономикалық тергеу департаменті тексеруде екенін айтты аудан әкімі Досбол Күздікбайұлы. 
   Сонымен қатар, Жұлдыз тұрғын алабындағы көпқабатты 27 үйді (175 пәтер) кәріз жүйесімен қамту жұмыстары аяқталды. Ал Базарқақпа тұрғын алабындағы Достық көшесіндегі 270 абонентті кәріз жүйесіне қосу үшін жобалау-сметалық құжаттар дайындалуда. Ауданның жалпы ұзындығы 732,91 шақырымды құрайтын 728 көшесі бар. Жолдардың 73,1%-ы асфальтталған, 21,6%-ы тас жолдар, және 5,3%-ы топырақ жолдар болып табылады. Сондай-ақ, ауданда бүгінгі таңда 117 көше жарықтандырылған. 2023 жылы 28 көше жарықтандырылды, ал 2024 жылға жоспарланған 244 көшенің 129-ында жарықшамдар орнатылып, іске қосылды. Қалған 115 көшеде жұмыстар жалғасуда.   
    Аудан әкімі баспасөз бринфингінде Шымкент қаласының Еңбекші ауданында 2022 және 2023 жылдары спорт алаңшалары мен гүлзарлар салу бағытында ауқымды жұмыстар атқарылып, 2024 жылға жаңа жобалар жоспарлануда екендігін де баянбап берді. Бұл бастамалар аудан тұрғындарының өмір сапасын жақсартуға және салауатты өмір салтын қолдауға бағытталған. 
   Қазіргі таңда Еңбекші ауданында 56 ашық спорт алаңшасы орналасқан. 2023 жылы аудан аумағында қосымша 7 спорт алаңшасы орнатылып, тұрғындардың пайдалануына берілді. Ал, 2024 жылға жоспарланған 8 ашық спорт алаңшасының 2-інде құрылыс жұмыстары басталып, қалған 6 нысан бойынша мемлекеттік сатып алу іс-шаралары жүргізілуде. Еңбекші ауданы әкімінің аппараты 2024 жылы қосымша 5 гүлзар салуды жоспарлап отыр. Бұл жобалар аясында мердігер мекемелермен келісім шарттар жасалып, жұмыс белсенді түрде жалғасуда. 
   Еңбекші ауданындағы спорт алаңшалары мен гүлзарлар салу жұмыстары аудан тұрғындарына қолайлы орта жасауға және олардың денсаулығын жақсартуға бағытталған маңызды қадамдар. Бұл жобалар алдағы жылдары да қарқынды түрде жалғасып, қала көркі мен тұрғындардың өмір сапасын арттыруды көздейді.
       2024 жылы Тұран ауданында қоқыс алаңдарын жаңарту бойынша ауқымды жұмыстар жүргізілмек. Бұл туралы бүгін Өңірлік коммуникациялар қызметі алаңында баспасөз конференциясында Тұран ауданы әкімінің орынбасары - Бекбол Аманжол Бақытжанұлы баяндады. 
    Аудандағы 54 қоқыс алаңшасына 260 жаңа қатты тұрмыстық қалдықтарды (ҚТҚ) жинауға арналған контейнерлер орнатылады. Нәтижесінде, аудан аумағындағы қоқыс контейнерлері 100% жаңартылатын болады. Бұл жобаны жүзеге асыратын мердігер мекеме анықталуда. Сонымен қатар, аудан аумағында 3060 қоқыс жәшігін орнату жоспарланып, қазіргі уақытта олардың 2200-і қойылды. 
    Ағымдағы жылы аулааралық 60 аумаққа 154 жарық шамы орнатылып, тұрғындар үшін қауіпсіз әрі жайлы орта қалыптастыру жұмыстары жалғасуда. Бұдан бөлек, демеушілердің қолдауымен Түркістан шағын ауданындағы Айқап көшесінде балалар ойын алаңшасы, ал Рысқұлбеков көшесінде тренажерлық алаңша орнатылды.   
    Балаларды қорғау күніне орай, Қажымұқан стансасынан Дендросаябаққа дейінгі ұзындығы 6 шақырымға жуық "Тұлпар" балалар темір жолының орнына заманауи веложол салынды. Велосипедшілер үшін арнайы баспалдақтар да орнатылып, тұрғындарға ыңғайлы жағдай жасалды. Сонымен қатар, аудан әкімі елді мекендерді сапалы ауыз сумен қамту деңгейі 95,5%-ды құрайтынын да атап өтті. Бұл көрсеткіш 2026 жылы толықтай 100%-ға жеткізілмек. Табиғи газбен қамту деңгейі де жоғары – 85,7%, ал электрмен қамту 95,2%-ға жетті. Жоспар бойынша, 2026 жылға қарай табиғи газбен қамту толық жүзеге асырылып, 2025 жылы сапалы электр қуатымен қамту көрсеткіші де 100%-ды құрайды. 
    Сондай-ақ, аудан әкімінің сөзінше, Тұран ауданындағы инфрақұрылымдық жұмыстар аясында 21 шағын ауданда 165 шақырымды қамтитын 200 көшеге 3500 дана жарықтандыру бағанасы орнатылады деп жоспарланған. Қазіргі уақытта ауданның 263 көшесі жарықтандырылды, оның ішінде 69 көшеге қосымша бағаналар орнатылған. Алты көшеде мердігер мекемелер тарапынан жұмыстар жалғасуда.
    Қорытындылай келе, қуатты өңірлердің дамуы ел экономикасының негізін қалыптастырады және Қазақстанның бәсекеге қабілеттілігін арттыруға көмектеседі. Бұл өңірлерде жүзеге асырылып жатқан инвестициялық жобалар мен әлеуметтік-экономикалық реформалар еліміздің барлық аумақтарының теңгерімді дамуына ықпал етіп, елдің жалпы әл-ауқатын арттыруға мүмкіндік береді.

Тілші: Кенжебаева Гаухар Жақыпқызы 

Обсудить
Добавить комментарий
Комментарии (0)
Прокомментировать