Байланысқа арналған телефондар:
» » 6) ТҮРКІСТАН: «Ауыл аманаты» арқылы 749 жоба қаржыландырылады

6) ТҮРКІСТАН: «Ауыл аманаты» арқылы 749 жоба қаржыландырылады

23 Қантар 2025, Бейсенбі
1 529
0
ТҮРКІСТАН: «Ауыл аманаты» арқылы 749 жоба қаржыландырылады

  «Ауыл аманаты» жобасы Түркістан облысында ауыл тұрғындарының табысын арттыруды көздейді. Бұл бағдарлама пилоттық негізде 2023 жылы басталып, өз тиімділігін дәлелдеп келеді. Биыл Түркістан облысында 62 ауылдық округте 749 жоба қаржыландырылып, 1185 тұрақты жұмыс орны ашылады деп күтілуде. Сондай-ақ, 100-ге жуық отбасы атаулы әлеуметтік көмекке мұқтаждықтан арылады. Бұл мәселелер аудан-қала әкімдерінің қатысуымен өткен видео-селекторлық мәжілісте талқыланды.
  Облыс әкімінің орынбасары Нұрбол Тұрашбеков қаржыландырылатын бағыттарды белгілегенде әрбір өңірдің ерекшеліктеріне назар аударуды ескертті. Атап айтқанда, өсімдік шаруашылығы, мал шаруашылығы, құс шаруашылығы, балық шаруашылығы және кооперативтерді жабдықтау сынды бағыттарда 195, 175, 108, 71 және 62 жобаның іске асырылуы жоспарланған. Бұдан басқа, 138 адам өз кәсібін ашатын болады.
  «Түркістан» ӘКК» АҚ Басқарма төрағасы Файзулла Байдуллаев аудан-қалаларда өндірістік парктер ашудың маңыздылығына тоқталып, 2025 жылға арналған жоспарларымен бөлісті. Төлеби ауданының әкімі Еркеғали Әлімқұлов пайдаланылмай жатқан жерлерді мемлекет меншігіне қайтару мәселесін көтеріп, бұл бағыттағы заңдылықтың сақталуын қамтамасыз ету үшін қабылданатын шараларды жеделдетуді сұрады. Ал Созақ ауданының әкімі Мұхит Тұрысбеков өз ауданының ұсынылған жобалары туралы сұрақтарын қойып, жауапты мамандармен пікір алмасып, жұмысты жандандыруды ұсынды.
  Мәжілісте аудан-қала әкімдері қайта өңдейтін кәсіпорын ашуға басымдық беру қажеттігін атап өтіп, бұл бағыттағы жұмыс жоспарлары қайта қаралып, нақты талқыланды. 
Тілші: Кенжебаева Гаухар Жақыпқызы 
Обсудить
Добавить комментарий
Комментарии (0)
Прокомментировать