Байланысқа арналған телефондар:
» » Түркістан облысында браконьерлікпен күрес күшейтілуде

Түркістан облысында браконьерлікпен күрес күшейтілуде

29 Қантар 2025, Сәрсенбі
11
0
Түркістан облысында браконьерлікпен күрес күшейтілуде

Түркістан облысында мемлекеттік орман қоры аумақтарында заңсыз аң аулаудың алдын алу және экологиялық заң бұзушылықтарды жою мақсатында рейдтік шаралар тұрақты түрде ұйымдастырылып келеді. Соның ішінде, Созақ орман және жануарлар әлемін қорғау жөніндегі мекеме қызметкерлері өткізген кезекті рейд барысында бірқатар заң бұзушылықтар анықталды.

Заңсыз аңшылық: рейдтің нәтижесі
Созақ орман шаруашылығына қарасты Шолаққорған орманшылығының «Байқошқар» алқабында уақытша мал жайып отырған Құмкент ауылының тұрғынының үйіне орман күзетшілері Ж.Атабаев, Е.Асқаров және Ж.Амангелді барып, аумақтағы жағдайды тексерген. Тексеру барысында үй маңынан жабайы қабанның терілері табылды. Бұл күдікті жайт бойынша Созақ аудандық полиция бөліміне хабарланып, жедел-шұғыл топ тұрғынның үйінде тінту жүргізді.

Тінту барысында:

6 бас жабайы қабанның кесілген бастары мен терілері,

Қарақұйрық аңының етінен ұқсас 2 туша еті,

Тіркелмеген 12 калибрлі қос ауызды аңшы қаруы және 24 оғы,

20 калибрлі аңшы қаруы,

16 дана ПМ тапанша оғы мен 2 дана жарақат салатын қарудың патрондары табылып, айғақты зат ретінде тәркіленді.


Қылмыстық іс қозғалды
Аталған оқиғаға қатысты Созақ аудандық полиция бөлімінде қылмыстық іс тіркеліп, сотқа дейінгі тергеу амалдары басталды. Жабайы жануарларға зиян келтіру және тіркелмеген қару-жарақтарды сақтау деректері бойынша заңды шаралар қабылданатын болады.

Браконьерлікпен күрес жалғасады
Түркістан облысындағы орман және жануарлар әлемін қорғау мекемелері браконьерлікпен күресті күшейтуді жоспарлап отыр. Табиғат қорғау қызметкерлері экологияны сақтау және заң бұзушылықтардың алдын алу бағытындағы рейдтерді жалғастыра бермек. Бұл жұмыстардың басты мақсаты – жабайы жануарлар популяциясын қорғау, заңсыз аңшылықты жою және табиғатқа ұқыпты қарау мәдениетін қалыптастыру.

Браконьерлікке қатысты анықталған әрбір оқиға қатаң бақылауға алынып, кінәлілерге заң жүзінде тиісті шаралар қолданылатын болады. Түркістан облысы басшылығы экологиялық тұрақтылық пен табиғат ресурстарын сақтауға айрықша мән беруде. 
Тілші: Жүрсінбай Аружан Сабырқызы 
Обсудить
Добавить комментарий
Комментарии (0)
Прокомментировать