ТҮРКІСТАН ОБЛЫСЫНДА ЖАРТЫ ЖЫЛДЫҚ ҚЫЗМЕТ ҚОРЫТЫНДЫСЫ ШЫҒАРЫЛДЫ: ҚҰҚЫҚ БҰЗУШЫЛЫҚТАР АЗАЙЫП, ҚОҒАМДЫҚ ҚАУІПСІЗДІК АРТҚАН

2025 жылғы 8 шілдеде Түркістан облысының Полиция департаментінде кеңейтілген жиналыс өтіп, ағымдағы жылдың бірінші жартыжылдығындағы жедел-қызметтік жұмыстың нәтижелері талқыланды. Жиынға департамент басшылығы, аудандық және қалалық полиция бөлімдерінің жетекшілері қатысты. Іс-шараны облыстық Полиция департаментінің бастығы Мұрат Кабденов жүргізіп, Министр Ержан Саденовтың тапсырмаларын жеткізді.
Биылғы жарты жылда Түркістан облысында құқық бұзушылық деңгейі айтарлықтай төмендегені байқалды. Атап айтқанда, жалпы қылмыстар 5,9%-ға, ауыр дене жарақаттары 4%-ға, тонау 11,8%-ға, ұрлықтар 34,5%-ға, пәтер ұрлығы 30,9%-ға, мал ұрлығы 32%-ға азайған. Бұл көрсеткіштер құқық қорғау органдарының қылмыстың алдын алу бағытында жүйелі жұмыс жүргізіп жатқанын дәлелдейді.
Жарты жыл ішінде полицейлер заңсыз айналымнан 260 келіге жуық есірткі заттарын тәркілеп, екі бірдей нарколабораторияның жұмысын тоқтатты. Бұл есірткі қылмысына қарсы күрестің нақты нәтижесі болып отыр.
Жиында қоғамдық қауіпсіздік, халықпен тығыз қарым-қатынас орнату, жастар және бұрын сотталғандар арасында құқық бұзушылықтың алдын алу бағытындағы жұмыстарға ерекше назар аударылды. Қоғамдық орындар мен көшелердегі қылмыстар да айтарлықтай азайған. Бұл ретте полиция қызметінің ашықтығы мен тұрғындармен өзара сенімді диалогы маңызды рөл атқаруда.
Облыстың Полиция департаменті азаматтарды қабылдауға арналған ашық есік күндерін, онлайн кездесулер мен қоғамдық тыңдауларды жүйелі түрде өткізіп келеді. Мұндай тәсілдер халықтың полицияға деген сенімін арттырып, құқықтық мәдениетті қалыптастыруға үлес қосуда.
Жиында сөз алған департамент бастығы Мұрат Кабденов екінші жартыжылдықтағы басты басымдықтарды атап өтті. Ол құқық бұзушылықтардың алдын алу шараларын күшейтіп, жол қауіпсіздігі, отбасылық зорлық-зомбылыққа қарсы күрес, цифрлық технологияларды енгізу мен полицияның халықпен тығыз байланысын арттыру қажет екенін атап өтті.
Сондай-ақ қызметкерлердің кәсіби біліктілігін көтеру, этикалық нормаларды сақтау, тәртіпті күшейту және ішкі тәртіпке назар аудару – басты талаптардың бірі.
2021–2023 жылдармен салыстырғанда 2025 жылдың алғашқы жартыжылдығындағы қылмыс деңгейінің төмендеуі айқын байқалады. Бұрынғы жылдары ауыр қылмыстар, мал ұрлығы мен пәтер тонауы жиі тіркеліп келген еді. Ал бүгінде бұл көрсеткіштер бірнеше есеге азайған. Бұл полиция тарапынан жүргізілген профилактикалық жұмыстардың, цифрлық бақылау құралдарының артуы мен халықпен жүйелі жұмыстың арқасы.
Мәселен, 2023 жылы аймақтағы 100 мың тұрғынға шаққандағы қылмыс саны 2022 жылмен салыстырғанда тек 3%-ға төмендесе, 2025 жылы бұл көрсеткіш 6%-ға жеткен. Жол-көлік оқиғалары да азайып, өлім-жітім деңгейі төмендеген.
2025 жылдың бірінші жартыжылдығындағы Түркістан облысы Полиция департаментінің қызметі құқық бұзушылықтың нақты азайғанын көрсетіп отыр. Бұл – қоғам мен полиция арасындағы сенім мен тығыз әріптестіктің жемісі. Алдағы уақытта бұл бағыттағы жұмыс жүйелі түрде жалғасып, құқықтық тәртіп пен қауіпсіздікке негізделген тұрақты даму қалыптасады деп күтілуде.
Тілші Тогжан Габидинова
Похожие материалы:




