Байланысқа арналған телефондар:
» » Зорлық-зомбылықтың алдын алу: Шымкенттегі 3-ші мамандандырылған әлеуметтік дағдарыс орталығында Тұран ауданы полициясы түсіндіру акциясын өткізді

Зорлық-зомбылықтың алдын алу: Шымкенттегі 3-ші мамандандырылған әлеуметтік дағдарыс орталығында Тұран ауданы полициясы түсіндіру акциясын өткізді

27 Қырқүйек 2025, Сенбі
1 398
0
2025 жылдың 27 қыркүйегінде Шымкент қаласы Полиция департаментінің Тұран ауданы полиция басқармасының жергілікті полиция қызметі бөлімшесінің учаскелік полиция инспекторлары мен отбасы-тұрмыстық зорлық-зомбылыққа қарсы күрес инспекторлары бірлесіп, 3-арнаулы әлеуметтік дағдарыс орталығында түсіндіру жұмыстарын өткізді. Бұл кездесудің басты мақсаты – тұрмыстық зорлық-зомбылықтың алдын алу, азаматшалардың құқықтық сауаттылығын арттыру және олардың қоғамдағы қорғаныс механизмдері туралы хабардарлығын күшейту болды.
Кездесу барысында полиция инспекторлары зорлық-зомбылықтың жеке адамға ғана емес, бүкіл отбасыға, тіпті қоғамға да тигізетін зияны туралы кеңінен баяндады. Зорлық-зомбылық көрген адамның психологиялық жағдайы нашарлап қана қоймай, ол балалардың тәрбиесіне, отбасылық қатынастарға, әлеуметтік ортаға кері әсер етеді. Осындай теріс құбылыстардың алдын алу үшін мемлекет те, қоғам да, әрбір азамат та жауапты екені ерекше атап өтілді.
Әйелдерге өз құқықтарын білу қажеттілігі түсіндірілді. Қазақстан заңнамасы тұрмыстық зорлық-зомбылық құрбандарын қорғауға, оларды уақытша баспанамен, психологиялық және құқықтық қолдаумен қамтамасыз етуге мүмкіндік береді. Заң бойынша әрбір азамат өз қауіпсіздігіне төнген қатерді дер кезінде құзырлы органдарға хабарлауға құқылы.
Инспекторлар тұрмыстық зорлық-зомбылық жағдайында полицияға жүгінуден қорықпауға шақырды. Учаскелік инспекторлар мен дағдарыс орталықтарының мамандары мұндай азаматтарға көмектесуге әрқашан дайын екені айтылды.
Кездесудің тағы бір маңызды тақырыбы – балаларға зорлықсыз қарым-қатынас жасау мәдениетін қалыптастыру. Балалар отбасында көргенін қайталайтыны белгілі. Егер олар зорлық-зомбылыққа куә болса, болашақта оны қалыпты жағдай деп қабылдап, өз отбасында қайталауы мүмкін. Сондықтан ата-аналарға балаларды түсіністікпен, мейіріммен тәрбиелеу, олардың пікірін құрметтеу және әрқашан қолдау көрсету керектігі түсіндірілді.
Әйелдерге көмек көрсететін әлеуметтік қызметтер жайлы да нақты ақпарат берілді:
111 – Балалар мен жастарға арналған ұлттық көмек қызметі. Бұл нөмірге кез келген уақытта хабарласып, қиын жағдайда кәсіби кеңес пен қолдау алуға болады.
150 – «Дағдарыс орталығының» сенім телефоны. Мұнда зорлық-зомбылыққа ұшыраған немесе қатер төнген жағдайда білікті мамандар тарапынан психологиялық және құқықтық көмек көрсетіледі.
Инспекторлар бұл қызметтердің құпиялылықты сақтайтынын және көмекке жүгінген азаматтардың жеке мәліметтері құпия болатынын ерекше атап өтті.
Кездесу барысында қатысушыларға мынадай негізгі ұсыныстар берілді:
  • Қиын жағдайда үндемей қалмау, міндетті түрде сенімді адамдарға немесе құқық қорғау органдарына хабарласу;
  • Жағдай ушығып бара жатса, дереу полицияға қоңырау шалу;
  • Өз құқықтары мен заңды мүмкіндіктерін білу, қажет болғанда тегін заңгерлік көмек алу;
  • Балаларды ерте жастан зорлық-зомбылыққа төзбеуге, кикілжіңді бейбіт жолмен шешуге үйрету;
  • Қоғамдағы әрбір азаматтың зорлық-зомбылықты болдырмауға үлес қосуы.
3-арнаулы әлеуметтік дағдарыс орталығы зорлық-зомбылық құрбандарына уақытша баспана, психологиялық көмек, заңгерлік кеңес және әлеуметтік қолдау көрсетеді. Полиция қызметкерлерінің айтуынша, мұндай орталықтар көптеген азаматтарға жаңа өмір бастауға, өз-өзіне деген сенімді қалпына келтіруге көмектесуде.
Кездесу кезінде орталық қызметкерлері мен полиция инспекторлары азаматшаларға нақты жағдайларда қалай әрекет ету керектігін түсіндіріп, тәжірибелік кеңестер берді.
Жиналған әйелдер инспекторларға сұрақтар қойып, өздеріне қызықтырған мәселелерін талқылады. Олар зорлық-зомбылық жағдайында қайда жүгіну керек, қандай құқықтық құжаттар дайындалуы қажет және балаларды психологиялық тұрғыдан қалай қорғауға болатыны жөнінде сұрады.
Полиция өкілдері әрбір сұраққа егжей-тегжейлі жауап беріп, практикалық мысалдар келтірді.
Бұл іс-шара зорлық-зомбылықпен күрестің тек құқық қорғау органдарының емес, бүкіл қоғамның міндеті екенін тағы да көрсетті. Полиция қызметкерлері, әлеуметтік орталық мамандары және азаматтардың өзара ынтымақтастығы ғана қауіпсіз әрі әділетті қоғам құруға мүмкіндік береді.
Зорлық-зомбылыққа жол жоқ! – деген ұранмен өткен кездесу қатысушыларға сенім, қолдау сезімін беріп, олардың құқықтық сауаттылығын арттыруға ықпал етті.
Әрқайсымыз зорлық-зомбылықтың алдын алу үшін өз орнымызда әрекет етуіміз қажет. Бұл – отбасымыздың, балаларымыздың және жалпы қоғамның жарқын болашағының кепілі.
Обсудить
Другие статьи:
БАСПАСӨЗ – ХАБАРЛАМА 04 Желтоқсан 2025, Бейсенбі
ПРЕСС-РЕЛИЗ 04 Желтоқсан 2025, Бейсенбі
Добавить комментарий
Комментарии (0)
Прокомментировать