Байланысқа арналған телефондар:
» » Түркістан облысының әкімі Нұралхан Көшеров ардагерлермен кездесті

Түркістан облысының әкімі Нұралхан Көшеров ардагерлермен кездесті

23 Қантар 2025, Бейсенбі
1 516
0
Түркістан облысының әкімі Нұралхан Көшеров ардагерлермен кездесті

Түркістан облысының әкімі Нұралхан Көшеров өңір ардагерлерімен жүздесіп, маңызды мәселелер бойынша ашық сұхбаттасты. Аймақты дамыту бағытында зиялы қауым өкілдерінің ұсыныс-пікірлері мен кеңестерін тыңдады. Кездесуді Түркістан облыстық мәслихатының төрағасы Нұралы Әбішов ашып, жүргізіп отырды. Ашық диалог алаңында «Ардагерлер ұйымы» республикалық қоғамдық бірлестігінің Түркістан облыстық филиалының төрағасы Жеңісбек Мәуленқұлов, «Түркістан облысының Ақсақалдар алқасы» қоғамдық бірлестігінің төрағасы Жарылқасын Әзіретбергенұлы, қоғам қайраткері, белгілі кәсіпкер Серікжан Сейітжанов, қоғам қайраткері Бекет Тұрғараев, Түркістан облыстық Қазақстан Халқы Ассамблеясы жанындағы Ақсақалдар кеңесінің төрағасы Созақбай Әбдіқұлов, әдебиет зерттеушісі, профессор Құлбек Ергөбек, республикалық өзбек этномәдени бірлестігінің төрағасы Икрам Хашимжанов сөз алып, ел тұтастығын сақтау, өңір әлеуетін арттыру жайында ой қозғады.

Өңірдің өзекті мәселелерін, ұрпақ тәрбиесі жөнінде келелі пікірлер айтылып, білім беру мен мәдениет, әлеуметтік қолдау, жастарға қатысты мемлекеттік бағдарламаларды жетілдіру туралы ұсыныстар түсті. Сонымен қатар, ауданаралық инфрақұрылым мәселелері мен ауылдық елді мекендерді дамыту тақырыптары да талқыланды. Ел ағаларының ұсыныстарын тыңдаған аймақ басшысы облыстың әлеуметтік-экономикалық дамуы туралы баяндап, бірлесе жұмыс атқаруға шақырды.

– Халқымызда «Батаменен ел көгерер» деген сөз бар. Мемлекет басшысы жауапты қызметке тағайындаған соң бірінші кезекте ел ағаларының ой-пікірлерін білуді жөн санадым. Туып-өскен Түркістан өңіріне қызмет ету – мен үшін үлкен жауапкершілік пен перзенттік парыз. Осы уақытқа дейін жинаған тәжірибемді, білімімді пайдаланып, Түркістан облысын дамытуға күш саламын. Облыстың әлеуметтік-экономикалық жағдайын көтеруге сіздермен бірлесіп жұмыс істейміз деп сенемін. Президентіміз бен Үкіметтің тапсырмаларын жоғары деңгейде орындауымыз қажет. Ел бірлігін сақтау, өскелең ұрпақты тәрбиелеуде сіздердің еңбектеріңіз мол. Біз Түркістанды дамытуда сіздердің тәжірибелеріңізге арқа сүйеп, қызмет етеміз. Жаңа бастамалар жемісін беріп, Түркістан облысы барлық жағынан дамыған аймаққа айнала берсін! – деді Нұралхан Көшеров.

Кездесудің соңында Еңбек ардагері Сексенбай Тұрысбекұлы бата беріп, ел тізгінін қолға алған басшыға сәттілік тіледі. Жиын барысында ардагерлер өздерінің бағалы кеңестерін, тәжірибелері мен күш-жігерін Түркістан облысының дамуына қосу үшін қолдауға дайын екендіктерін білдірді. Бұл кездесулер мен ашық диалог алаңдары аймақтың әлеуметтік өміріне, экономикалық дамуына зор үлес қосып, Түркістан облысының келешегі үшін маңызды шешімдер қабылдауға ықпал етеді. 
Тілші: Жүрсінбай Аружан Сабырқызы 
Обсудить
Добавить комментарий
Комментарии (0)
Прокомментировать