ТҮРКІСТАН ОБЛЫСЫНДА КӨГАЛДАНДЫРУ ЖӘНЕ ҚОҚЫС ПОЛИГОНДАРЫН РЕТТЕУ МӘСЕЛЕЛЕРІ БАСТЫ НАЗАРДА

2025 жылдың 30 маусымда Түркістан облысы әкімдігінде өткен кеңейтілген мәжілісте өңірді көгалдандыру және экологиялық ахуалды жақсарту мәселелері кеңінен талқыланды. Жиынға облыс әкімі Нұралхан Көшеров төрағалық етті. Ол өз сөзінде елді мекендерді жасылдандыру жұмыстарының жеткіліксіз деңгейде екенін атап өтіп, аудан, қала әкімдеріне және табиғи ресурстар басқармасына нақты тапсырмалар жүктеді.
Әкім өңірдегі көгалдандыру жұмыстарында жүйесіздік бар екенін ашық айтып, ағаш отырғызу кезінде көшеттердің сапасы мен олардың дұрыс күтім көрмеуі негізгі кемшілікке айналғанын ескертті. Сонымен қатар, әрбір әкімдік өз тұқымбақтарын ұйымдастырып, көшеттерді уақтылы жеткізіп, арнайы қағидаларға сәйкес отырғызуды қатаң бақылауға алуы қажет екенін атап өтті. «Көшет отырғызу – бұл тек қана көктемгі науқан емес, бұл – облыстың болашағына жасалған инвестиция. Әрбір отырғызылған ағаш – ауаның тазалығы, көлеңке, желден қорған және келешек ұрпаққа қалатын байлық», – деді облыс басшысы.
Кеңесте облыстың табиғи ресурстар және табиғат пайдалануды реттеу басқармасының басшысы Қайрат Абдуалиев баяндама жасап, көктем айларында облыс бойынша 510 мыңға жуық көшет отырғызылғанын хабарлады. Оның ішінде 439 965 түп – облыстық басқарма тарапынан, ал 69 874 түп – жергілікті бюджет пен демеушілер көмегімен алынған көшеттер. Жалпы, 2025 жылы облыста 1 миллионнан астам көшет отырғызу жоспарланып отыр. Бұл жұмыстар «Түркістан облысын көгалдандырудың 2021–2025 жылдарға арналған кешенді жоспары» аясында жүргізілуде. Аталған жоспарға сәйкес, 801 елді мекеннің 90 пайызын қамтып, 4 миллионнан астам көшет егу межеленген.
Бұл бастамалар – тек экологиялық жағдайды жақсартуға ғана емес, облыстың әлеуметтік-экономикалық дамуына да тікелей әсер ететін маңызды фактор. Себебі көгалдандыру арқылы ауа сапасы жақсарып, қала мен ауылдарда өмір сүру жағдайы жеңілдейді. Бұл өз кезегінде халықтың денсаулығына, психологиялық жай-күйіне оң ықпал етеді. Сонымен қатар, көгалдандыру жұмыстарына жергілікті тұрғындарды тарту арқылы қосымша жұмыс орындары құрылып, экономикалық белсенділік артады.
Мұндай шаралар бұған дейінгі жылдары да жүргізілген болатын. Алайда олардың нәтижесі көбіне тұрақсыз, бір реттік сипатта болған. Мысалы, 2022 жылы облыстың кейбір аудандарында 200 мыңнан астам көшет отырғызылғанымен, олардың тек жартысынан астамы ғана тіршілігін жалғастырған. Бұл жағдайлар көшеттердің дұрыс күтім көрмегенін, отырғызу әдістерінің тиімсіздігін көрсетті. Сол себепті биылғы мәжілісте көгалдандыру жұмыстарының тек сан емес, сапа жағынан да күшейтілуі – басты талап ретінде қойылды.
Жиында сондай-ақ қоқыс полигондары мен тұрмыстық қалдықтарды реттеу мәселесі де көтерілді. Облыстағы экологиялық жағдай тек ағаш отырғызумен шешілмейді. Қазіргі таңда өңірде 300-ден астам бейберекет қоқыс төгілетін орындар бар, олардың басым бөлігі ауылдық жерлерде орналасқан. Бұл жағдай тұрғындар денсаулығына қауіп төндіріп қана қоймай, ауызсу көздерін де ластап отыр. Сол себепті облыс әкімдігі полигондарды заңдастыру, қалдықтарды сұрыптап өңдеу, қайта пайдалану жұмыстарын жандандыруды қолға алмақ. Бұл бағытта инвесторлар тарту және жеке кәсіпкерлермен серіктестік орнату қарастырылуда.
Сонымен қатар, жергілікті жерде өз тұқымбақтарын дамыту арқылы көгалдандыруды тұрақты жүргізу – алдағы бірнеше жылдың басты мақсаты болмақ. Осы тұста ауыл мектептері мен колледждерді тарту, оқушылар мен студенттерге экологиялық тәрбие беру мәселесі де маңызды рөл атқарады. Жас ұрпақты табиғатты қорғауға үйрету арқылы болашақта экологиялық сауатты қоғам қалыптастыруға мүмкіндік туады.
Қорыта айтқанда, Түркістан облысында көгалдандыру мен қалдықтарды реттеу бағытында жүргізіліп жатқан шаралар – өңірдің экологиялық тұрақтылығын нығайтуға бағытталған ауқымды жұмыс. Әкімдіктің бақылауы мен қоғам белсенділерінің қолдауы арқасында бұл бастамалар өз нәтижесін береді деп күтілуде. Ең бастысы – бұл жұмыстар науқандық сипатта емес, жүйелі түрде, ғылыми негізде әрі халықпен тығыз байланыста жүзеге асуы тиіс. Сонда ғана Түркістан облысы шын мәнінде жасыл әрі таза өңірге айналады
Тілші Тогжан Габидинова
Похожие материалы:




