Байланысқа арналған телефондар:
» » Қазгидромет: Алматыда көктем маусымы бірқалыпты жылы болады

Қазгидромет: Алматыда көктем маусымы бірқалыпты жылы болады

16 Ақпан 2026, Дүйсенбі
10
0
*Қазгидромет: Алматыда көктем маусымы бірқалыпты жылы болады*
Алматы мен облыста биылғы көктем бірқалыпты жылы болады. Маусымның бірінші жартысында біресе жылы, біресе салқындау болып, жауын-шашынның мөлшері едәуір артады. Өңірлік коммуникациялар қызметіндегі көктемгі су тасқыны кезеңіне дайындыққа арналған баспасөз конференциясында «Қазгидромет» РМК-ның Алматы мен Алматы облысындағы бөлімшесінің метеорологиялық болжамдар бөлімінің басшысы Дәулет Кісебаев алдағы уақытқа осындай болжам ұсынды. 

Спикердің айтуынша, күн райы өтпелі маусымға тән сипатта болады. Наурыз айында өңір бойынша орташа ауа температурасы климаттық нормаға жуық,  Алматы облысының солтүстік-батысында бір градусқа жоғары болады деп болжанып отыр. Сәуірде облыс аумағының басым бөлігінде температура нормадан бір градусқа жоғары болып, тау бөктері мен таулы аудандарда қалыпты шекте сақталады. Мамыр айында температуралық фон тұрақтанып, бүкіл облыс бойынша климаттық нормаға сәйкес болады.

«Көктемде жылда күн құбылып тұрады осылай. Биыл да солай болады. Күн жылып, қайта салқындап тұрады. Бірақ аса бір күн қатты суып, қатты ысып кететіндей жағдай бола қоймайды. Бұл көктемге тән қалыпты жағдай, оған қалалық қызметтер жақсы дайындалған», – дейді Дәулет Кісебаев.

Алматы бойынша жеке болжам да ұсынды. Наурыз айында температура айтарлықтай ауытқуы мүмкін: айдың бірінші онкүндігінде түнгі температура −5…−10 градусқа дейін төмендеуі ықтимал, екінші онкүндікте күндіз +23 градусқа дейін жылынады, ай соңында аз уақытқа салқындауы мүмкін. Сәуір мен мамырда орташа ауа температурасы біртіндеп жоғарылайды.  

Наурыз бен сәуір айында Алматыда жауын-шашынның мөлшері әдеттегіден көп болады деген болжам бар. Наурызда климаттық норма 72 мм болса, әсіресе айдың бірінші және үшінші онкүндігінде жаңбыр мен қар аралас жауын-шашын жиі жауады. Сәуірде норма 112 мм болғанымен, жауын-шашын мөлшері көп болуы ықтимал. Мамырда жауын-шашын көлемі орташа көпжылдық көрсеткіштерге сәйкес, шамамен 99 мм деңгейінде болады.

«Сәуір мен мамыр Алматыда ең жаңбырлы ай саналады. Бұл уақытта  жауын-шашынның көбеюі бір төтенше жағдай емес, өңірдің климаттық ерекшелігі сондай өзі. Біз болжамды кеңес беру сипатында жасап, жаңа деректерге қарай оны нақтылап отырамыз үнемі», – деп атап өтті Дәулет Кісебаев.

Синоптиктердің бағалауынша, биылғы көктем Алматы қаласы мен облыста әдеттегідей қалыпты өтпек. Қалалық және төтенше қызметтерге бұл алдын алу мен дайындық  жұмысын жоспарлы түрде жүргізуге мүмкіндік береді.
Обсудить
Добавить комментарий
Комментарии (0)
Прокомментировать