Байланысқа арналған телефондар:
» » Шымкент: Ұлттық жобаның игіліктері мен даму жолындағы нақты қадамдар

Шымкент: Ұлттық жобаның игіліктері мен даму жолындағы нақты қадамдар

10 Желтоқсан 2024, Сейсенбі
1 563
0
Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев «Жаңа Қазақстан: Жаңару мен Жаңғыру жолы» атты жолдауында айтқандай, «қағаз бетінде ғана жүзеге асырылған, бірақ шындыққа еш жанаспайтын жалған табыстарға масаттанып отыратын заман келмеске кетті. Халыққа көпірме сөз, бос уәде емес, көзбен көріп, қолмен ұстауға болатын оң өзгерістер керек».

Жасыратыны жоқ, елімізде көп мәселелерді қағаз жүзінде қатырып-тындырып, ал іске келгенде ақсап тұрған жайттар аз емес. Солардың ішінде өзекті әрі кезек күттірмейтін мәселелер де жетерлік. Атап айтар болсақ, халықты сапалы ауызсумен қамту, тұрғын үй мәселесі, жолдардың сапасы сынды шешімін таппаған мәселелер өте көп. Осы аталған мәселелер негізінде өткен жылы «Қуатты өңірлер – ел дамуының драйвері» ұлттық жобасы қолға алынған болатын.
Аталған жоба тұрғындар үшін қолайлы өмір сүру ортасын құруға бағытталған. Яғни, осы бағдарлама шеңберінде 2025 жылға дейін нақты жоспарлар бекітіліп, кезең-кезеңімен шешімін табады деп күтілуде. 5 жылдық жоспар базалық көрсетілетін қызметтерге тең қол жеткізу және көлік байланысын қамтамасыз ету атты екі бағыттан тұрады. Біраз уақыт бұрын ұлттық жобаның бірінші бағыты бойынша мақала жариялаған едік. Ал, бүгін аталған жобаның келесі бағыты - тұрғын үй коммуналдық жағдайын жақсарту әрі құрылысын дамыту негізінде Шымкент қаласында өткен жылы атқарылған жұмыстар мен болашақта іске асатын жоспарлармен танысқан болатынбыз.
Ендеше, назарларыңызға Шымкент қаласы тұрғын үй басқармасы мен Шымкент қаласының энергетика және инфрақұрылымды дамыту басқармасына хат жолдап, төмендегідей мәліметтерді алдық. Ең алдымен, қала тұрғындары үшін өзекті мәселелердің бірі ауыз сумен қамтудан бастайық. Шымкент қаласының энергетика және инфрақұрылымды дамыту басқармасы ұсынған мәлімет бойынша, қалада өткен жылы он төрт нысанның құрылыс жұмыстары жүргізілген. 2021 жылдың қорытындысы бойынша, барлығы 10 елді мекенде құрылыс жұмыстары аяқталған.
Нәтижесінде Тұран, Асар-2, Солтүстік саяжай, Ынтымақ-2, Батыс, Жаңатұрлан және Ақтас-2, Жаңаталап, Сәуле (276 орам) және Нұртас елді мекенінде ауыз су мәселесі түбегейлі шешілді. Атқарылған жұмыстардың нәтижесінде қамтылу көрсеткіші 95,6%-дан, 98%-ға өскен. Сонымен қатар, үш магистралды суаққының құрылысы аяқталып пайдалануға берілді.
Аталған басқармалардың дерегінше, қазіргі таңда қаладағы 81 елді-мекеннің 78-і сапалы ауыз сумен толық қамтылған. Ал қалған Құрсай, Сайрам, Қайнарбұлақ тұрғын алабына ауыз су кестемен беріледі. 2022 жылы төрт нысанның құрылыс жұмыстары жүргізіледі. Нәтижесінде қамтылу көрсеткіші 98%-дан, 99%-ға өседі деп күтілуде.
Сондай-ақ, Сайрам елді мекенін сапалы ауыз сумен қамту бойынша жобалық-сметалық құжаттама әзірленуде, құрылыс жұмыстары 2023 жылы аяқталады. Ал, Асар екеуінің жаңақұрылысының сумен қамтылуы келер жылға өтпелі. Алдағы жылдың жоспары бойынша үш магистралды суаққы салынып, қолданысқа беріледі. Осы айтылған жұмыстар уақытында орындалар болса, 2023 жылы миллионды қаланың ауыз сумен қамту көрсеткіші жүз пайызға жетпек.
Мегаполис тұрғындары үшін келесі маңызды мәселе – кәріз жүйесімен қамту. Шымкент қаласында 80 елді мекеннің он тоғызы кәріз жүйесімен қамтылған. Қалған аймақтарды қамту жұмысы кезең-кезеңмен атқарылуда. Басқарма мәліметіне сүйенсек, өткен жылы қалада «Тұран» сорғы станциясы және Самал-1 мен Наурыз шағын аудандарының ішкі жүйелерінің құрылысы аяқталып, пайдалануға берілген. Нәтижесінде кәрізбен қамту көрсеткіші 52,3%-дан 54%-ға өскен.
Биыл қаладағы тоғыз нысанда құрылыс жұмысы басталады. Қазіргі таңда Арғынбеков көшесімен Тұран ішкі магистралды коллектордың құрылысы жүргізілуде. Сонымен қатар, Достық су сорғы станциясы қайта құрудан өтеді деп жоспарлануда. Нәтижесінде, Самал-3, Ұлағат, Мирас, Солтүстік-шығыс, Шапағат-2 шағын аудандары мен Хлопзавод көшесіндегі 48 мыңнан астам адам кәріз жүйесіне қосылады. Жыл соңына дейін қамтылу көрсеткіші алпыс пайызға өседі.
Қаланың 2022-2025 жылдарға арналған даму жоспарына сәйкес, кәріз жүйесімен қамту көрсеткішін жетпіс бес пайызға жеткізу көзделіп отыр, дейді мамандар. Өңірлердегі өзекті мәселелерді шешуді көздейтін «Қуатты өңірлер – ел дамуының драйвері» атты ұлттық жобаның мақсаты айқын. Бұл жоба 2021 жылы іске қосылды. Бүгінде Шымкент қаласында осы жоба аясында атқарылып жатқан жұмыстардың ауқымы кең.
2021-2022 жылдары Шымкент қаласы бойынша халықты баспанамен қамтуда 5 мыңға жуық отбасы өз баспанасына қол жеткізді. Оның ішінде тұрғын үй кезегіндегі көпбалалы отбасылар, жетім-және ата-анасының қамқорлығынсыз қалған балалар, толық емес отбасылар, бұдан бөлек жұмысшы жастар және несиелік негіздегі бюджеттік ұйым қызметкерлері бар.
Ал ағымдағы жылдың соңына дейін тұрғын үй кезегіндегі кезегі келген әр түрлі санаттар бойынша 324 отбасы және 888 азамат жұмысшы жастар бағдарламасы бойынша арендалық пәтермен қамтылмақ.

Тілші: Кенжебаева Гаухар Жақыпқызы 


Обсудить

Похожие материалы:

Добавить комментарий
Комментарии (0)
Прокомментировать