Байланысқа арналған телефондар:
» » Картоп экспортына шектеу: Түркістан облысында бақылау күшейтілді

Картоп экспортына шектеу: Түркістан облысында бақылау күшейтілді

22 Қантар 2025, Сәрсенбі
1 519
0
Картоп экспортына шектеу: Түркістан облысында бақылау күшейтілді

Ішкі нарықтағы картоп бағасын тұрақтандыру мақсатында үкімет картоп экспортына алты айлық шектеу енгізді. 2025 жылғы 18 қаңтарда Сауда қызметі мәселелері жөніндегі ведомствоаралық комиссия отырысында қабылданған бұл шешімге сәйкес, Түркістан облысындағы барлық кеден бекеттерінде бақылау күшейтілді.

Облыстың барлық кеден бекеттеріндегі карантин инспекторлары мен аудандық инспекция қызметкерлеріне картоп экспортына енгізілген шектеулер туралы ескертіліп, қатаң бақылау жүргізу тапсырылды. Сонымен қатар, бұл шешім Мемлекеттік кірістер департаментінің шекара қызметіне және «Қазақстан темір жолы» АҚ-ның жергілікті бөлімшелеріне жеткізілді.

Облыс әкімі Нұралхан Көшеровтің тапсырмасымен арнайы штаб құрылып, шекара аймақтары бақылауға алынды. Облыс әкімінің орынбасары Нұрбол Тұрашбеков Сарыағаш теміржол станциясында ведомствоаралық мәжіліс өткізіп, штабтың міндеттерін нақтылап, «Қазығұрт» кеден бекетінде шекарашылармен кездесіп, қадамдық жоспармен таныстырды.

Өңірде әлеуметтік маңызы бар азық-түлікпен қамтамасыз ету үшін «Түркістан әлеуметтік кәсіпкерлік корпорациясы» АҚ-ның тұрақтандыру қоры жұмыс істейді. Қор 4309 тонна картоп өніміне форвардтық келісімшарт жасаған. 19 қаңтардағы жағдай бойынша, тұрақтандыру қорының қоймасында 110 тонна, ал шаруа қожалықтарының қоймаларында 3541 тонна картоп сақтаулы. Бұл қор өңірдің үш айлық қажеттілігін қамтамасыз ете алады.

Сонымен қатар, Қазақстан Республикасының Сауда және интеграция министрлігіне Пәкістаннан ерте пісетін картоп импорты үшін өтінім берілген. Ақпан айынан бастап ай сайын 500 тоннадан, жалпы төрт айға 2000 тонна картоп тасымалдау жоспарлануда.

Биылғы болжам бойынша, Түркістан облысында 6844,4 гектар жерге ерте пісетін картоп егіліп, 186,3 мың тонна өнім алынады деп күтілуде. Бұл мамыр айынан бастап өңір тұрғындарын, тіпті басқа облыстарды да ерте пісетін картоппен қамтамасыз етуге мүмкіндік береді. Бұл шаралар ішкі нарықтағы баға тұрақтылығын сақтауға және тұрғындардың азық-түлік қауіпсіздігін қамтамасыз етуге ықпал етеді. 
Тілші: Жүрсінбай Аружан Сабырқызы 
Обсудить
Добавить комментарий
Комментарии (0)
Прокомментировать